Бүгінде астық әлем бойынша энерго ресурстардан кейінгі өтімді тауар айналды. Дүниежүзіндегі басты астық өндіруші ел Ресей мен Украинаның арасындағы жанжалдан кейін астықтың қаны жерге тамбай тұр. Әлем елдері азық-түлік қауіпсіздігін ойлап, нақты іс-шараларды қабылдауды ерте көктемде бастап кетті. Айналадағы көршілерге азды-көпті астық экспорттайтын Қазақстан бұл мәселеге мән беріп, астық экспортын шектеп, арнайы квота енгізген болатын.  

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл бастамасын астық трейдерлері бірден құптай қойған жоқ. Шындығында, бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өте қажет шара болғаны анық.

Егер астық экспортымен айналысатын компанияларды еркіне қойсақ, олар баға тиімді болса, Қазақстаның бар астығын заматта сатып жіберіп, елді нансыз қалдыруы мүмкін еді.

Сондықтан экономист-сарапшылар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қабылдаған шараларын оң бағалады. Айталық, сарапшы Қасым Нығметұлы «Қала мен Дала» газетіне берген түсініктемесінде астық трейдерлеріне салынған шектеудің орынды екенін алға тартты.

– Қазақстан жылына 12-14 млн тоннаға дейін бидай өндіреді. Осы өндірілген бидайдың 6 млн тоннасы ішкі нарыққа толықтай жетеді. Қалғанын экспорттауға болады. Жыл сайын Үкімет осы схема бойынша жұмыс істеп келді. Ал биыл сәуір мен мамыр айындағы астық экспортына квота енгізіп, оның көлемін 1 млн тоннадан асырмауға шектеу қойды. Сонымен қатар бұл шектеудің ұнға да енгізіліп, оның мөлшері 300 мың тоннаны құраған болатын. Осылайша, Үкімет еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуге барынша күш жұмсады, – дейді сарапшы маман.

Сонымен қатар сарапшы маман Үкіметтің мұндай қадамға баруына әлемдегі жағдай ықпал еткенін алға тартты. Расымен де, бұл еліміз үшін қажет шара болғаны анық.

Естеріңізде болар, 2021 жылы еліміздегі ауыл шаруашылығы еңбеккерлері көкөністердің көп бөлігін сырт елдерге сатып жіберген соң, ішкі нарықта сәбіз бен картоптың бағасы қалай шарықтағанын ешкім ұмыта қоймағаны анық.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі сол кезде кеткен қателікті қайталамау үшін астық экспортына алдын ала шектеу қойып, сыртқа шығарылатын бидай мен ұнға арнайы квота белгілегені өте орында болды. Егер мұндай шектеу болмағанда жағдай бақылаудан шығып кетер ма еді?

Қазақстан өзінің астығын негізінен, іргедегі Өзбекстан, Ауғанстан, Қытай, Иранға экспорттайтыны белгілі. Министрлік астық экспортына квота белгілегенде елімізде бірқатар астық трейдерлері «сыртқы нарықтағы тұтынушыларымыздан айырылып қалатын болдық, Қазақстанның клиенттерін Ресей алып қоятын болды» деп өздерінің алаңдаушылығын білдіргенін де естідік.  

Иә, астық экспорттап нанын тауып жүрген трейдерлер үшін астық экспортына бір күнге болса да шектеудің салынбағаны керек. Олар елдегі жағдайға алаңдап басын ауыртпайтыны белгілі. Сондықтан олардың айтқан уәжіне бас шұлғып келісе беруге болмайды.

Осы ретте Үкіметтің халықтың мүддесін басшылыққа алып, шешім қабылдағаны оң болды деп есептейміз. Астық трейдерлері айтқандай, еліміздің астық өндірушілері сырттағы клиенттерінен де айырылған жоқ.

Орталық Азия бағытындағы астық экспорты Қазақстанның дәстүрлі бағыты десек те болады. Әлемдік қауымдастық тарапынан алапат санкцияларға ұшыраған Ресейдің астығын сатып алуға дәл қазір ешкімнің аңсары ауып тұрған жоқ. Сондықтан трейдерлердің әңгімесіне қатты сене беруге де болмайды.

Астық экспорты жайында сөз қозғағанда кейбір патриот азаматтар «Бидайымызды неге ұн күйінде экспорттамаймыз?» деп өз ойларын айтып жататыны белгілі. Иә, бидайды ұн күйінде экспорттасақ табатын табысымыздың біршама көп болатыны белгілі.

Бірақ бар бидайды ұн қылып тартып бір жылда сату мүмкін емес. Уақытша тұтынушысын таппаған бидайды біраз уақытқа сақтап, келесі жылы сатуға болады.

Ал ұнды ұзақ уақытқа сақтау мүмкін емес. Мамандардың айтуынша, ұнды көп көлемде ары кеткенде 6-7 айға дейін сақтауға болады екен. Ал одан кейін оған қаракүйе түсіп, ұн бұзылып кетеді.

Оның үстіне, Қазақстанда миллиондаған тонна ұн сақтайтын ұралардың жоқ екенін де айта кетуіміз керек. Ал бидайды 2-2,5 жылға дейін сақтауға болады.

ҚР Ауыл шаруашылығы биыл еліміз бойынша жылдағы қалыптасқан жағдай бойынша 14 млн тоннаға дейін бидай жинайтын мүмкіндігіміз бар екенін алға тартуда. Мұндай жағдайда Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп жоқ деп нық сеніммен айтуға болады. Биыл қамбамызды астыққа толтыру үшін ауа райы да қолайлы болып тұр.

Анар САБЫРОВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here