Редакциядан: Алматыға Дүниежүзілік банктің аймақтық директоры Стивен Шонбергер ат басын бұрды. Азия құрлығы, соның ішінде Орта Азиядағы тұрақтылыққа жауапты сарапшымен «Қала мен Дала» тілшісі жүздескен болатын. Стивен мырза газет тілшісінің жасыл экономикаға қатысты бірқатар сауалдарына жауап беріп, оқырманға ой салатын қызықты мәліметтермен бөлісті.
Жасыл экономикаға көшу елімізге қандай мүмкіндіктер береді?
Айталық, тұрмысымыздың деңгейі, өміріміздің сапасы қаншалықты өзгереді, қаншалықты жақсарады?
Қазақстан Париж келісіміне сәйкес өз міндеттерін ойдағыдай орындауда ма?
Экономиканы жасылдандыруға келгенде Қазақстанды қандай тәуекелдер күтіп тұр?
Газет тілшісі осы саланы бүге-шігесіне дейін білетін Шонбергер мырзаға осы сауалдарды қабырғадан қойған еді.
Сарапшының пікірінше, экономиканы әртараптандырудың қажеттілігі Орта Азиядағы ірі ойыншылардың бірі – Қазақстан үшін жаһандық климаттың өзгеруі туралы талқылаулар басталғанға дейін-ақ өзекті болған.
«Қара жердің қойнауынан шығатын қазба байлық уақыт өте келе сарқылады. Ал мұндай экономикаға иек артқан мемлекет келешекте тұтқиылдан тап беретін сынақтарға, дағдарыстарға төтеп бере алмауы мүмкін. Осы себептен Әлихан Смайылов басқаратын Қазақстан Үкіметі үшін ұлттық экономиканы әртараптандыруға деген ұмтылыс өзінің өміршеңділігін жоғалтпайды.
Жасыл экономика осы бір ұмтылыс пен ұстанымның маңыздылығын күшейте түспесе, бәсеңдетпейді. Қазіргі тенденцияға назар аударсаңыз, кейін келе мұнай мен газ, көмір секілді қазба байлықтардың саудасы түрлі кедергілерге кездесіп, тығырыққа тірелуі мүмкін», – дейді Шөнбергер.
Айта кетелік, еліміздің жер қойнауынан шығатын қазба байлықтың негізгі тұтынушысы – Батыс елдері. Шонбергердің айтуынша, қазіргі күні экономикасын жасылдандырып жатқан Еуроодақ көмірсутегі басым тауарларға кедендік салық салуды көбейтудің амал-тәсілін қарастыруда.
Сондықтан да бұл Қазақстан Үкіметінің осы күнге дейін сөз етіп келген экономиканы әртараптандыру жоспарын жеделдете түсуі тиіс.
Шетелдік сарапшының пікірінше, еліміз цифрландыру потенциалы, аграрлық сектордың әлеуеті жағынан дамыған елдермен үзеңгі қағыстыратын деңгейде. Десе де, осынау салаларға бағытталып жатқан инвестиция аздық етіп отыр.
«Мәселен, ауыл шаруашылығы саласына ауадай қажет технологияларды ойлап табу үшін білім мен ғылымға көңіл бөлу қажет. Осы бағыттағы ғалымдардың жобасына ақша құю өзін ақтайтын амал», – дейді Шонбергер.
Сарапшы бұл ретте Қазақстанның аса қауіпті экологиялық проблемалардың бірі – құрғақшылықпен бетпе-бет келіп отырғанын тілге тиек етіпті.
Оның атап өткеніндей, шетелдік климат саласына жауапты мамандар Қазақстанның құрғақшылыққа байланысты ауыр зардаптарға ұшырағанынан хабардармын.
«Соның салдарынан ауыл шаруашылығы саласы ақсап қалды. Осыған орай тиімді технологиялар ойлап табатын кез жетті.
Қазақстандық шаруалар бүгінде тамшылатып суару әдісіне қашықтан зонттау технологиясы арқылы көшуде. Бұл белгілі бір дақылды өсіруде тұтынатын су мөлшерін әжептәуір азайтуға мүмкіндік береді.
Біз Қазақстан Үкіметі және мүдделі тараптармен бірлесіп, ауыл шаруашылығы мен басқа да салаларда суды үнемдеп, шаруалардың жұмысын жеңілдетер технологияларға қалай тез ауысуға болатынын үнемі талқылау үстіндеміз.
Ашығын айтқанда, Қазақстан бетпе-бет келген проблемалар бүкіл әлемді толғандырып отырған қауіпті үрдіс. Бұл құрғақшылықты жер жүзінің көптеген мемлекеттері бастан өткерді. Құрғақшылыққа ұшырмайды деген елдердің өзі де судан тапшылық тартып отыр.
Қазақстанның жайылым түріндегі ресурстық базасы өте бай. Олар көміртекті сіңіруде маңызды рөл атқарып отыр. Бұл құнды ресурстарды көздің қарашығындай қорғау қажет», – дейді Дүниежүзілік банктің аймақтық директоры.
Сарапшының пікірінше, жасыл экономикаға жатырқай қарайтын аудитория бар. Сондықтан осы саламен байланысты мәліметтер халыққа ұғынықты тілде берілуі тиіс.
Сөзінің жаны, еліміздің тұрғындары бұл салаға сенімсіздік танытып, алаңдайтыны рас.
«Ең алдымен, азаматтарға осынау өзгерістердің себеп-салдарын, олардың бұл реттегі мүдделерін қалай сақталарын түсіндіріп, жасыл экономикаға өту барысында ешкімнің жұмыссыз қалмауын қамтамасыз етуіміз қажет.
Бұл ретте азаматтық қоғамды жұмылдырудың маңызы жоғары. Адамзат баласы жасыл экономикаға ауысуы кезеңінің өткелінде тұр. Былайша айтқанда, көмірге, мұнайға, газға байланған экономикадан бас тарту кезеңінің табалдырығында тұрмыз. Әлбетте, бұл үрдіс тұрғындардың мүддесін ойлауы тиіс. Өз басым қазақстандықтардың жасыл экология принциптеріне үрке қарамай, оның құндылықтарын қуана қабылдарына сенімдімін.
Ең бастысы, тұтынушылардың мінез-құлқы өзгерсе, бұл бизнестің өзгеруіне әсер етеді. Себебі тұтынушылардың сұранысы көміртекті бейтараптылық пен тұрақтылықты айғақтайтын тауарларға ауысады.
Әрине, сұраныс көбейсе компаниялар бұл талапты орындауға мәжбүр болады. Бизнесті ынталандырудың ең маңыздысы да – осы. Сондықтан бизнеске де, үкіметке де даму мен экономикалық өсу жолдары туралы белгілерді көрсеткенде тек өзімізге ғана арқа сүйеуіміз керек», – дейді ол.
…
Сарапшының мәлім еткеніндей, 2025 жылға дейін жаһан елдері қаржы-экономикалық саясатына өзгеріс енгізіп, оны Париж келісімінің қағидасымен сәйкестендіруі тиіс. Бұдан Қазақстан да қалыс қалмайды.
Айта кетелік, еліміз 2060 жылға дейін жер қойнауынан өндірілетін энергия көздерінен толықтай бас тартуды көздеп отыр. Қазақстан экономикасының «қара алтынға» қаншалықты тәуелді екенін ескерсек, бұл жұмыстың көлемі де ауқымды болары анық.
Ал Шөнбергер мырзаның айтуынша, еліміздің экономиканы әртараптандыруға деген ұмтылысын дамыған елдер қолдап, қолпаштап отыр. Бұл бағыттағы Қазақстанның потенциалы зор деп санайды.
«Дүниежүзілік банк, жалпы климатқа бейжай қарамайтын белсенділер парникті газдардың көлемін 13-15 пайызға дейін төмендетуге уәде берген Қазақстан Үкіметінің ұстанымына ерекше құрметпен қарайды. Бұл таңдаудың бірнеше басымдығы бар. Қазақстан халықаралық қолдау мен осы бағыттағы заманауи технологияның 25-30 пайызына қол жеткізе алады. Сондықтан бұл Қазақстанның көмір мен газды пайдалану және газ бөлінісінен жасыл экономикаға көшу саласында өзгелерден көш ілгері болуына оңтайлы мүмкіндік береді», – дейді.
Дегенмен жасыл экономикаға көшу үдерісінде біздің ел қаншалықты қауырт қимылдауда? Шетелдік сарапшылардың бұл тұрғыда бізге берер әділ бағасы қандай?
Стивен Шонбергердің айтуынша, еліміздегі өнеркәсіп пен жеке сектор жасылдандыру қағидаларын жатырқамай қабылдайтын деңгейге жету үшін әлі біраз жол жүру керек. Атап айтқанда, инновациялық жүйелерді қолдану арқылы парниктік газдар қалдығын азайтуға еліміздің әрбір азаматы үлес қосу тиіс.
Қазіргі таңда еліміз қуат көзінің 60 пайыздан астамын көмірден алады. Смайлов Үкіметі бұл көрсеткішті 40 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр. Бұл орасан зор міндет. Еліміз жаңартылатын энергия көздері саласында, әсіресе жел энергиясы саласында өз мүмкіндіктерін қарқынды дамытуда.
«Бірнәрсені мойындауымыз керек. Келешектің экономикасы, цифрлық технологияларға арқа сүйейтін экология мүддесін жата-жастана қорғайтын жасыл принципке негізделіп құрылады. Оған күмәніміз жоқ. Ендігі мәселе оның әлеуметтік тұрғыда әділетті жүзеге асуы, бұған қоғам мүшелерінің толығымен жұмылуы. Біз үшін басты мұрат – экологияға бейімделуді арттыру емес, жасылдандыру үрдісін инвклюзивті етуге негізделіп отыр.
Қазақстанға жасыл экономикаға өту үшін білім мен ғылымды жұмылдыру қажет. Бұл салаға жастар атсалысып, жоғары оқу орындары тарапынан инновацияларды енгізу туралы ұсыныстар келіп түсуі әбден мүмкін. Халық мейлінше, хабардар болу үшін мұндай өзгерістің қажеті жайлы жиі-жиі айтып отыруға тиіспіз», – дейді ол.
Оның пікірінше, қарапайым халықтың климатқа қатысты сауаты көбіне-көп табиғи апат салдарын айтумен шектеледі.
«Әрине, қауіптің бәрі
анық. Десе де, келешекте алдымыздан шығуы мүмкін бұдан әлдеқайда қауіпті қатер
бар. Оның алдын алу үшін жасыл экономикаға тезірек бейімделген маңызды. Ел өмірі
тек экономикадан тұрмайды. Экономиканы ынталандыру ешқашан үзілмейтін үрдіс, дәл
осы көзқарасты экологияға да бағыттау керек», – дейді сарапшы.
Әзірлеген Аяулым ШАЙМАРДАН