Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының желісі бойынша 25 көппәтерлі тұрғын үй кешені жөнделіп, 34 лифт ауыстырылғанын мәлім етті. Қазіргі таңда елордадағы көптеген тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бас қаламыздың келбетін айшықтай түскені анық.
«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жөнделген көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс сапасы әкімдіктің жіті бақылауында. Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыстар қала тұрғындарымен күнібұрын жоспарланып атқарылады.
– Алдағы уақытта елорда кварталдарына кешенді реновация жүргізуді жалғастыра беретін боламыз. Тұрғын үй қорын жаңартып, қалпына келтіру біз үшін маңызды жұмыс. Қалада проблемалық тұрғын үй кешендері бар екені құпия емес. Тұрғын үйлердің қасбеті мен шатырлары бойынша жедел жөндеуді қажет ететін дүниелер бар. Тек «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасының желісі бойынша ғана биыл 25 көппәтерлі тұрғын үй кешенін жөндейміз, 34 лифтіні ауыстырамыз, – деді қала басшысы Алтай Көлгінов.
Елорда әкімі қаланы аралау барысында Байқоңыр ауданындағы (Жұбанов көшесі) бірқатар тұрғын үй кешеніне жөндеу жүргізу жұмыстарының барысымен танысты. Алтай Көлгінов Байқоңыр ауданындағы үйлердің шатыры, қасбеті мен кіреберістерін жөндеу және инженерлік желілерді ауыстыру, жаңарту жұмыстарының қалай жүріп жатқанын көзімен көрді. Қолға алынған күрделі жөндеу жұмыстары тұрғындардың жайлы жағдайда тұруына мүмкіндік беріп қана қоймайды, сонымен қатар тұрғын үй кешенінің келбетін жақсарта түседі.
Өткен жылы қалада 50 көппәтерлі қауіпті тұрғын үй кешені жөнделген болатын. Оның ішінде халық арасында танымал «Орбита» апатты тұрғын үй кешені де болған-ды. Қатты желге шыдас беремей ұшатын плиталарды құрылыс барысында пайдалануға тыйым салынған. Өйткені өткен жылы мұндай оқиға орын алғаны жасырын емес. Құрылысшылар сол қателікті биыл қайталамайды.
Өз кезегінде әкім жыл өткен сайын «Нұрлы жер» бағдарламасының ауқымы кеңейіп келе жатқанын тілге тиек етті. Айталық, келесі жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы бойынша 25 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 30-дан астам лифтіні ауыстыруды әкімдік жоспарлап отырғанын білдік. Сондай-ақ тұрғын үйді жөндеу бойынша бірқатар басқа бағдарламалар қолға алынып, елордадағы тұрғын үйлердің сәнін кіргізу көзделінуде.
Бүгінде Нұр-Сұлтанда тұрғын үй кешенін жөндеумен қатар, аулаларды абаттандыру жұмыстары да табысты іске асуда. Жайлы аула алаңдарын салу, квартал ішіндегі жолдарды асфальттау, желілер тарту сынды жұмыстар тоқтаусыз іске асауда.
– Таза ауада жайлы уақыт өткізу қашанда маңызды. Екі жыл ішінде 400 аула мен қоғамдық кеңістік салынып, жөнделді. Аулаларды реттеу кезінде де тұрғындарды тартамыз. Ауланың қандай болатынын қала тұрғындары шешетін болады, – деді елорда әкімі.