Пандемия жарияланғалы бері жер-жерде кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілуде. Күні кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов коронавирус пандемиясы кезінде елордада шағын және орта бизнеске қандай көмек көрсетілгенін жіліктеп айтып берді.

– Коронавирус пандемиясы шағын және орта бизнестің жұмысына әсер етті. Мемлекет ШОБ-қа жедел және ауқымды қолдау көрсетті. Бұл үшін бірқатар бағдарлама бар. Олар – «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Жергілікті қамту үлесі», «Еңбек», жеңілдікті қаржыландыру бойынша кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауына ие бола алады. – деді Алтай Көлгінов. 

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында ШОБ-ты қолдау бағдарламаларының тиімділігін, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының 2022 жылға да ұзартылғанын атап өтті. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша өткен жылдан бастап пайыздық мөлшерлеме 6%-ға дейін төмен, жалпы сомасы 7 млрд теңгені құрайтын несиелер желісі жұмысын бастады. Жеңілдетілген несиені алуға ықылас танытқан кәсіпкерлер үшін салалық шектеулер алынып тасталынған және шағын бизнеске микрокредит беру бойынша жаңа бағыт енгізілген болатын. Биыл елордада өңдеу өнеркәсібі, медицина, білім беру, құрылыс, көлік салалары бойынша 1 мың жобадан 100-ден аса жоба субсидияланғанын айта кетуіміз керек.

Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру үшін кәсіпкерлер палатасы жанында аймақтық жобалық кеңсе жұмыс істеуде. Нұр-Сұлтан қаласында аталған жобаны жүзеге асырған күннен бастап 55 млрд теңге сомасына 40 жоба қолдау көрсетілген. Үстіміздегі жылы құрылыс материалдары, медициналық маскалар өндірісі, мектептер, медициналық орталықтар құрылысына қатысты жобалар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қаржыландырылды.

– Қаламызда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жүздеген тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін тағы 14 жоба қолдау тапқан. Жоғарыда көрсетілген бағдарламалар ШОБ өкілдеріне айтарлықтай қолдау көрсетуге, жобалардың қуатын және отандық өндіріс өнімдерін шығару үлесін ұлғайтуға, жұмыс орындарын құруға және т.б. мүмкіндік береді, – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here