Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының кулуарында палата спикері Мәулен Әшімбаев биыл Қазақстанға келетін ресейліктер санының артуына қатысты пікір білдірді.

Сенат спикерінің айтуынша, биыл Қазақстанға аздаған ресейлік келуі мүмкін.

«Аз ғана ресейлік келіп тұруға рұқсат сұрай алады. Егер орыстар бізге келгісі келсе, содан кейін қайсыбір шаруамен осында біраз уақытқа қалғысы келсе, мұнда ешқандай мәселе туындамауы керек, біз шектей алмаймыз. Ал тұруға рұқсатқа келетін болсақ, мынаны айтқым келеді: бұл мәселені реттейтін тиісті заңдар бар.

Жалпы, ең басты мәселе, Ресей Федерациясындағы ішінара мобилизациялау болып тұрғаны белгілі.

Бұл біздің көршіміз, біз үшін маңызды ел. Әрине, қазақстандықтар бұл үдерістерді бақылап отыр. Парламент Сенатының спикері ретінде өзге елдің ішінде болып жатқан процестерге баға беруім дұрыс емес деп айтқым келеді», – дейді Мәулен Әшімбаев.

Ресей азаматы Қазақстанның мемлекеттік органдарына барып, тұруға ықтиярхат сұраса, оған сәйкес әзірленуі керек құжаттар тізімі бар екенін де атап өтті.

Десе де…

«Қала мен Далаға» тиесілі Dalainside телеграм-арнасының хабарлағанындай,Қазақстан Ресей азаматтарын толық бақылауға алған.

Қазақстан өз жерінде жүрген Ресей азаматтарына бақылауды күшейтті. Миграция полициясы, Ішкі істер органдары, Республикалық гвардия, участкелік полиция қызметтері осыған қатысты арнайы тапсырма алып отыр.

Егер Ресей тарапынан сұраныс келіп түссе (мобилизацияға қатысты), Ресей азаматтары аз уақыттың ішінде ұсталып, қайтадан елдеріне депортацияланатын болады. Шекара қызметі жүйесі көмегімен біздегі ресейліктердің тізімі, базасы, тұратын жерлері, байланыстары бәрі жаңартылуда. Қажет болса, Каспи сынды банктік-қаржылық жүйелер де оларды анықтауға тартыла алады.

Миграция полициясы күшейтілген жұмыс тәртібінде қызмет атқаруда. Ресей әзірге ондай сұраныс берген жоқ. Бірақ бүгіннен бері Қазақстанға келушілер саны күрт артатыны болжанып отыр.

Шораев Әшімбаевқа жауап қатты

«Ресей азаматтарының біздің шекарамызды кесіп өтуіне жол бермей, қатал визалық режим енгізуіміз керек!» Бұл туралы белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі Арман Шораев мәлімдеді.

«Ресейдің алжыған президенті мобилизация жариялады. Егер қажет болса мен «ядролық қаруды» қолданамын деді. Бұл блеф емес деп қайталап, әдейі тоқталып өтті. Бұл жағдайда біз Ресеймен неше түрлі ОДКБ, ЕврАзЭС, Кедендік одақ бәрінен жедел түрде бас тартуымыз керек! Президентіміз жақын арада сондай шешімге қол жеткізуі керек!», – дейді Шораев. 

Арман Шораев Путин бұл соғыста жеңіліс тапқанына тоқталып, ресейліктерді Қазақстанға кіргізбеу керектігін атап өтті.

«Сонымен қатар бүкіл шекарамызда Ресейдің азаматтары үшін қатал визалық режим енгізуіміз керек. Өйткені 18-60 дейін Ресейдің ер-азаматтары бәрі Қазақстанға қашуды жөн көреді екен.

Осы алдымыздағы 5-6 күнде бірнеше мың адам біздің шекараны көлікпен де, жаяу да кесуге тырысады. Оған жол бермеуіміз керек. Украина жеңеді! Бүгін Путиннің жариялаған жоспарлары сол жеңілістің ең мықты, әдемі көрінісі. Украина алға! Қазақстан алға!», – деді Арман Шораев.

Орыс халқы Путинді тастап, қашып барады

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин елде ішінара мобилизация жариялаған соң Мәскеуден Ресей азаматтары визасыз кіре алатын елдерге ұшақ билеттері бірдемде сатылып кетті.

«Верстка» мен «Медуза» сайттарының жазуынша, қазір Мәскеуде 21 қыркүйекке Стамбул, Ереван, Минск, Баку, Ташкентке ұшатын ұшақтарға билет жоқ.

Ал «Аэрофлот» сайтында Мәскеуден Минскіге 22 қыркүйекте ұшатын рейстің билеті – эконом класс 43106 рубль (310 мың теңге), бизнес класс 106631 рубль (767 мың теңге) болып тұр.

Беларусь пен Ресей арасындағы келісімге сай, екі елдің азаматтары ішкі төлқұжатпен кіре береді, шекарада тексеріс жоқ. Құжатты рейс орындайтын компаниялардың (автобус, пойыз, ұшақ) қызметкерлері ғана тексереді.

Қазір «Белавиа» компаниясының Мәскеуден Минскіге 21 қыркүйекке рейсін мүлдем алып тастаған. Бұл әуекомпаниясының Минскіден Ереван, Стамбул, Алматы, Тбилиси, Батуми, Кутаисиге де 21 қыркүйектегі рейстері ұшпайды.

Бүгінге, 21 қыркүйекке Ресейден Беларуське автобус пен пойыз ғана бар.

21 қыркүйекте Путин елде ішінара мобилизация жариялап, әскерге запастағы әскерилер, Қарулы күштер қатарында бұрын қызмет еткендер, тәжірибесі бар әскери мамандар шақырылатынын айтты. Ал Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу әскерге 300 мың адамды шақыру жоспарда барын мәлімдеді.

Кремльдің бұл шешімінен соң Хабаровск, Якутск, Иркутск, Улан-Удэ, Томск қалаларында жұрт мобилизацияға қарсы наразылыққа шықты. Азаттықтың Сибирь.Реалии жобасының жазуынша, Иркутскіде он адам ұсталған, Томск қаласында да ұсталғандар бар.

Мәскеу прокуратурасы наразылыққа шыққандар «15 жылға дейін сотталуы мүмкін» деп ескерту жасады.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

Россотрудничество vs Конфуций институттары

Біреудің елін күшпен тартып алу немесе жұмсақ сатып алу.

Осы аптада қазақтілді аудиторияға кіргісі келген Россотрудничество оңбай жеңіліс тапты. Олар келісіп отырған, қазақтілді аудиторияға ықпалды екі блогер соңғы сәтте бірігіп жұмыс істеуден айнып қалды. Және оның үш үлкен себебі бар.

1. Путинді астарлап мақтаса да, ол месседж қазақ аудиториясына өтпейді. Блогерлер өз жақтастарынан айырылып қалу қаупін сезініп отыр.

2. Ресейдің Украинадағы жеңілісі. Ресей Украинада толық жеңіліс тауып, оның арты Ресейдегі режимнің ауысуға алып келерін блогер тұрмақ, 2-курс студенті де түсініп отыр.

3. Қытай басшысы Си Цзиньпиннің соңғы 3 жылдағы шетелге алғашқы сапарын Қазақстанға арнауы.

Бұл дегеніміз – Қазақстанның Ресей протекторатынан Қытай жағына қарай ойысуы. Путин режимінің бұдан былай Қазақстанға әмірі жүрмейді. Ресейден он есе алып елдің Қазақстанды өз қорғауына ала бастағаны байқалады.

Россотрудничество Қазақстандағы орыстілді, Ресейге бүйрегі бұратын халықпен саясаттанушы Данияр Әшімбаев, Марат Шибұтов және экономист Алмас Чукин арқылы одан әрі жұмыс істей беруге шешім қабылдады. Шамамен, Ресейге бүйрегі бұратын 700 мың Қазақстан азаматы бар деп болжанып отыр.

Қазақстанда Қытайдың 5 Конфуций институты жұмыс істейді. Олар ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚХҚӘТ ірі оқу орындарында факультет алып отыр.

Конфуций бойынша Қытай кез келген елдің тұтастығының бұзылуына қарсы. Себебі өздерінде Тайвань мәселесі бар. Ал Ресей керісінше, жаңа Кеңес одағын жасау мақсатында көршілес елдердің тыныштығын бұзып, сепаратистік әрекетке от тастап отыр. Бірақ өз ішіндегі Татарстан, Кавказ, Башқұртстан сынды қауіптерді дұрыс бағаламаған.

Қытай ұзақ мерзімді перспективаға жұмыс істейді. Ол Кеңес одағын аңсап жүрген, жасы 60-70-тегі қазақстандықтардың алдағы 10 жылда аренадан кетерін біліп отыр. Сондықтан тек жас буынмен ғана жұмыс істеуге бет бұрған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here