Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі елорда халқының саны өсуін ескеріп, оның ішінде жастардың үлесі өте жоғары болғандықтан, жас мамандар үшін әкімдік «Отбасы банкімен» бірлесіп, Elorda zhastary бағдарламасын қабылдап, жастардың жеңілдетілген несие бойынша үй алуына мүмкіндік бергені белгілі. Осылайша, 2021 жылдың 14-21 қазаны аралығына жастардан құжат қабылданды. Нәтижесінде, жастардан 1 179 өтініш қабылданған. Бағдарламаның осы жылы алғаш рет қабылданғанына қарамастан, жастардың белсенділігі өте жоғары.

Осы ретте Elorda zhastary бағдарламасы қойылатын талаптарға қатысты бірер сөз айта кетсек. Жастардың өзі талаптардың жеңіл екенін алға тартып, бұл бағыттағы жұмыстар көңілдерінен шыққанын айтты. Расымен де, әкімдік ұсынған талаптар өте қарапайым болған. Осы ретте талаптарды дайындауға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы жастар басқармасы да барынша атсалысқанын айта кетуіміз керек.  

Бірінші кезекте Elorda zhastary бағдарламасына қатысатын жастардың Қазақстан азаматы болуы шарт. Бұдан басқа, бағдарламаға қатысушы азаматтың жұбайының жасына қарамастан, бағдарламаға қатысу үшін өтініш берген кездегі жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда) болуы тиіс. Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде ерлі-зайыптылардың біреуіне ғана рұқсат беріледі. Сонымен қатар бағдарламаға қатысушының соңғы 1 жылдан кем емес тұрақты тіркеуі және бағдарламаға қатысу үшін өтініш берген сәтте онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің (кәмелетке толмаған балалары және т.б.  бар болса) Нұр-Сұлтан қаласында тіркелуі маңызды.

Бағдарламаға қатысушыда өтінім берген сәтте сатып алынатын тұрғын үй құнының 10% мөлшеріндегі бастапқы жарна сомасының шоттағы қалдығымен ТҚЖБ жинақ шотының болуы шарт.

Бұдан басқа, Elorda zhastary бағдарламасына қатысушы мен отбасы мүшелерінде Қазақстан аумағында соңғы 5 жылда сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің немесе меншік құқығындағы тұрғын үйдің (ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі, өтінішке енгізілетін отбасының басқа мүшелерімен бірлесіп ортақ үлестік меншік) болмауы керек. Осы ретте бұл талапқа саман және каркас-қамысты үлгідегі, авариялық жағдайдағы, құлау (қирау) қаупі бар тұрғын үйлер кірмейді. Жастардың бағдарламаға қатысуына осындай қарапайым әдеттегі талаптар қойылған.

Биыл ғана қолға алынған Elorda zhastary бағдарламасы қазір Нұр-Сұлтан қаласында жастар арасында аса танымал бағдарламаға айналып, жастардың қызығушылығын арттырғаны анық. Оған бағдарлама шыққан биылдың өзінде мыңнан астам жастың өтініш тапсырғаны айқын дәлел болады.

Биыл Elorda zhastary бағдарламасын жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 700 млн теңге «Отбасы банк» АҚ бөлінген. Осылайша, баспанаға мұқтаж жастарға қала бойынша 120-ға жуық пәтер беру жоспарлануда. Келесі жылдан бастап бұл сан көбейетіні анық.

Нұр-Сұлтан қаласында жастарды қолдау ісіне әкімдік тиісті деңгейде көңіл бөліп келеді. Бұл ретте қалада жастарды тұрғын үймен қамтуды көздейтін Elorda zhastary бағдарламасынан басқа жоба да іске асып жатқанын атап айтуға болады. Қалада тұратын 29 жасқа дейінгі жұмыс жасайтын жастарға арналған 5 жылға жалға беру тұрғын үй бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарламада жастардың баспаналы болуына барынша ықпал етуде.

Elorda zhastary бағдарламасы жетім балалар мен мүгедектігі бар жастар да баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Аталмыш бағдарлама аясында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру саласының мамандарына, журналистерге, коммуналдық кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлеріне, сондай-ақ коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған жетім балаларға және мүгедектігі бар жастарға жеңілдетілген қарыздар беру көзделген. Қазіргі таңда тұрғын үйге мұқтаж 18-29 жас аралығында жетім балалардың саны – 1217 құрайды. Алдағы уақытта олардың көпшілігі осы бағдарламаға құжат тапсырып, үйлі болуына болады.

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында тұратын жастар арасында Elorda zhastary бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілген. Тағы бір айта кететін жайт, Үкімет осы жылы барлық облыстарға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жастарды тұрғын үймен қамтудағы іс-тәжірибесін жоғары бағалап, өзге аймақтарында осындай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді тапсырғанын атап айтуға болады. Осылайша, Elorda zhastary бағдарламасы өзінің тиімді механизмінің арқасында өзге өңірлердің де назарын өзіне аударып отыр.  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here