Тоғжан Қожалиева, тіркелмеген «ХАҚ» партиясының төрайымы: «Біз Бекболат Тілеуханның жобасы емеспіз»

0
1289

Сәрсенбінің сәтті күні Алматыда әлі тіркелмеген, болашақта  партия құрамыз деген ниетпен бір топ жас алғашқы баспасөз жиынын өткізді. Өздері құрғалы жатқан партияның атын – «ХАҚ» деп атаған. Осы орайда біз ХАҚ-тың жетекшісі Тоғжан Қожалиеваны әңгімеге тарттық.    

«Қала мен Дала»: Тоғжан ханым, жаңадан құрып жатқан болашақ партияңыз құтты болсын! ХАҚ – деп ат беріпсіздер. Әңгімені осыдан бастасақ. ХАҚ деген қысқартылған сөз бе, әлде шындық ұғымының баламасы ма?

Т.Қожалиева: Хақ деген қазақтың ежелден бері келе жатқан төл сөзі. Хақ – шындық, ақиқат, адалдық деген сияқты әртүрлі баламасы бар сөз ғой. Ал қазір біздің елімізге не жетпейді?

Менің өз ойым, бізге шындық жетіспейді. Сондықтан, ХАҚ-тың – «Халыққа адал қызмет» деген мағынасы бар.  

«Қала мен Дала»: Партияның бағыт-бағдары қалай? Мақсат-мүддесі не? Құрамында кімдер бар? Әдетте, біздің партиялардың біреуі кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды. Екіншісі – экологияның жанашыры. Енді біреулері оппозицияда  жүр дегендей…

Т.Қожалиева: Негізгі бағыт-бағдарымыз бен мақсат-мүддеміз айқын. Дәл қазіргі жағдайда мемлекетіміз қайта құруды қажет етіп тұр. Мемлекетті қайта құру үшін бірінші Конституция дұрыс жұмыс істеуі керек.

Екінші – барлық азаматтардың құқы бірдей болу керек. Жасыратыны жоқ, қазір біздің елде шенеуніктердің өз заңы бар. Содан кейін партия қатарында болмасаң, не Мәжіліске, не мәслихатқа кіре алмайсың. Бұл екеуіне кіре алмасаң, мемлекеттің заң-жобаларына араласа алмайсың.

Міне, біздің мемлекетте заңға бағынбайтын, құқығы бөлек осындай топтар бар. Бұл мемлекет саясатына да, заңына да жат нәрсе. Қазақстанда барлық азаматтардың құқы бірдей болуы керек.     

Біздің партияның құрамына келіп жатқандар жаңаша ойлайтын адамдар. Олар – жастар, олар – жасы алпысқа жақындаған, өмірден көргені көп, тәжірибесі мол азаматтар.

Біздің ұстаным: басқа партияларды жамандау емес. Немесе ескіні даттап, жаңаны мақтау емес. Бұрынғыны жамағанда ешнәрсе өзгермейді. Сондықтан біз ескі жүйеге «үтір» қойып, жаңа жолға «леп» белгі қойғымыз келеді.

 Қазір бір қызығы, жұрт өткен тарихымызды, басып өткен жылымызды жаппай жамандауға көшті. Оны жамандағаннан не өзгереді? Ешнәрсе өзгермейді. Сол үшін біз барымызды бағалай отырып, алға қадам басуымыз керек.

«Қала мен Дала»: Өткен жолдың кемшілігін айтпасақ, болашағымыз бұлыңғыр болмай ма?    

Т.Қожалиева: Бұл жердегі менің айтайын дегенім мынау еді: саясаткерлер немесе зиялы қауым болсын, бәрі еліміздің жағдайын басқа мемлекеттермен салыстырып қарайды. Бұрын дамыған Еуропамен салыстыратынбыз. Соңғы жылдары Өзбекстанмен салыстыратын болдық өзімізді. Өзбекстанда өмір сүру жайлы, жеңіл екен, экономикасы өрлеп жатыр деп қызыға, қызғана қарап жүрміз. Тіпті жастарымыз Еуропаның қай еліне көшіп кетсек екен дейтін болды. Ол құпия емес.

Алайда біздің мемлекетте бәрі бар. Жеріміз кең. Жер асты байлығымыз мол. Мұнай мен газ, уран, алтын мен көмірдің ең бай қоры біздің мемлекетте ғана бар. Мал шаруашылығына да, егін шаруашылығына да қолайлы ауа райымыз, жер жағдайымыз жеткілікті.

 Солай бола тұра, мемлекетті, халықты осындай жағдайға жеткіздік. Оған билікті кінәлайтынымыз анық. Бірақ халық бәріне немқұрайдылықпен қарайды. Сайлауға да, басқаға да жауапкершілікпен қарамаймыз. «Менің дауысымсыз да сайлау өтеді» деп, сайлауға бармаймыз. Биліктің шығарып жатқан заңына араласпаймыз, өз пікірімізді айтпаймыз. Қысқасы, алдымен кінә өзімізден…

Біз кәсіпкерлердің немесе экологияның жанашыры емеспіз. Еуропадағы сияқты гейлердің де туын көтермейміз. Біз олар сияқты нақты бір саламен ғана шектелмейміз. Біздің бағыт та, мақсатымыз да жалпы қоғамды өзгерту, жүйені өзгерту.         

«Қала мен Дала»: ХАҚ кімнің жобасы екен деген әлеуметтік желідегі оқырмандар сұрағын да қоя кетейін…

Т.Қожалиева: Біз ешкімнің жобасы емеспіз. Жұрттың алдында анаумыз-мынаумыз деп ақталуға да тырыспаймыз. Біздің артымызда тұрғандар жаңаша ойлайтын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар. Біреулер: «Бұлардың артында Бекболат Тілеуханов тұр немесе сәләфиттер бар екен» – деп, әртүрлі әңгіме таратып жүр. Бәрі бос сөз.

Тілеуханов – менің қайнағам. Яғни ол кісі менің қайын атамның туған інісі. Бекболат ағаның бағыты, көзқарасы мүлде басқа. Бірақ ол кісінің алдын кесіп өтпеймін. Қазақтың салт-дәстүрі бойынша кездескенде иіліп сәлем салатын жалғыз келінмін.

«Қала мен Дала»: Партия құру үй тігу емес қой. Жоғарғы жақтан рұқсат алу, тіркету, қаржы-қаражатын шешу керек дегендей. Мұның бәрінің «батасын» алған болсаңыздар, артық-кем әрекет ете алмайтын, көп партияның бірі болып қалмайсыздар ма?

Т.Қожалиева: Партия құру деген оңай жұмыс емес екен. Бұрынғы тәртіп бойынша 10 адамнан тұратын бастамашыл топпен барып, партияны тіркетуге рұқсат алуға болатын еді. Қазір олай емес.

 Биыл, 26 шілдеден бастап тәртібі өзгеріпті. Бастамашыл топтың өзіне мың адамның қолы керек екен. Сонда ғана партияны тіркетуге рұқсат аласың. Ары қарай не болатынын білмейміз. Бұрынғыдай 60 мың адам емес, 3 мың адаммен партия құруға болады дегенді естіп жатырмыз. 2 мың адаммен Құрылтай өткізу керек. Көреміз. Бірақ қиын екен деп қарап отырмаймыз ғой. Жұмыс істеп жатырмыз. Партиямыз тіркелмей қалған күннің өзінде, біз «ХАҚ қоғамдық қоры» болып жұмыс істей береміз.    

«Қала мен Дала»: Соңғы жылдары қоғамдық ұйым құратындар, партия немесе басқа да ұйымды тіркетіп, жұмыс істеп жүргендердің әрекеті «бизнеске» айналып кеткен сияқты. Мәселен, биліктен тапсырыс алады, сол ақшамен жылына бір-екі рет жиналыс өткізіп қояды. Сайлау немесе басқа да саяси науқан кездерінде ғана бас көтеріп, пайда бола қалады. Содан кейін жоқ боп кетеді дегендей… 

Т.Қожалиева: Біздің мақсат Парламентке бару емес немесе партия арқылы ақша табу деген мұратымыз жоқ. Өйткені өз басым ақшаға тәуелді адам емеспін. Бизнес саласында үлкен жетістіктерге жеткен жанмын. Биыл 47 жастамын. 39 жасымда тұрмыс құрдым. Бір қызым бар. 39 жасқа дейін біраз белесті бағындырған әйелмін. Екі елде: Қазақстан мен Ресейде топ-менеджер болдым.

Дүниеге әйгілі «Альянс» компаниясының топ-менеджері болғам. Ресейде 11 жыл жұмыс істедім. Күйеуге шыққанда ой-өрісім дамыған, біраз белестерді бағындырған, тәжірибелі, жан-жақты толыққан адам болдым. 26 жасымнан бері қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып келемін. Бизнесте ғана емес, саясатта да тәжірибем мол. Сондықтан біздің партия құрудағы мүддеміз – ұсақ-түйек тиын-тебен немесе баянсыз атақ-абырой емес.

Әңгімелескен Жұқамыр ШӨКЕ     

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here