Құқықтық мәдениетті сөз еткенде еңбек қатынасындағы түрлі дау-дамай ең алдымен ойға оралатыны өтірік емес. Қарапайым халық жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы көбіне-көп қалтарыста қалатын тетіктерді ескере бермейді. Соның салдарынан екі тараптың арасында дау туындаған кезінде жұмыскердің ұтылып жататын кезі көп.
Қазақстанда жұмыс беруші мен жұмыскердің құқығын қорғауға бағытталған Еңбек кодексі бар. Заңгерлердің пікірінше, жұмыс берушілердің басым көпшілігі бұл заңның талап-шарттарына бағынғысы жоқ, ал кодекстің тармақтарымен толық таныспаған жұмыскер қиын жағдайға тап болғанда кімнен жәрдем сұрарын білмейді.
Бұған дейін «Қала мен Далаға» сұхбат берген белгілі заңгер Нұршат Қазбекова Қазақстанда тек осы мәселемен айналысатын меминспекторлар жетіспейді деген пікір білдірген болатын. Бұған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де пікір білдіріп, заңгердің сөзін растаған еді.
Соның салдарынан еңбек заңнамасын көзге ілмей, кодексте көрсетілген талап-шарттарды айналып өткісі келетін жұмыс берушілер пайда болған.
«Құқығы аяққа тапталған қызметкер басшылыққа қандай талап қоярын білмей тыпырлап қалады. Себебі, құқықтық мәдениетке қатысты сауаты тым төмен», – деген еді сарапшы.
…
«Қала мен Дала» газеті «Құқықтық мәдениетті қалай қалыптастыруға болады» деген мәселеге қайта айналып соғып, осы саладағы ұзақ жылғы өтілі бар маманнан пікір сұрады.
«Құқықтық тұрғындар сауатты болуы, жұмыскерге дұрыс талап қойып, заң аясында әділеттілікке жету қай кезде де маңызды. Әсіресе соңғы жылдары жұмыс берушінің тарапынан әрқилы заңсыз әрекеттер орын алып, жұмысшы қауымның зардап шегіп жатқанын жиі көрудеміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқықтық сауаттылық, үлкен жауаптылық екенін үнемі айтуда.
Демек, ұпайыңды түгендеп, төккен тер, адал еңбекпен келген нәпақаңнан орта жолда қағылып қалмауың үшін құқықтық сауатты болу маңызды», – дейді заңгер, Мемлекеттік еңбек инспекциясына қарасты «Еңбек қатынасын реттеу» департаментінің бас маманы Мәди Ғұбайдуллин.
Оның атап өткеніндей, жұмыскер үшін ең басты приоритет – «Еңбек шартын» жасасу. Қарапайым тілмен айтқанда «Еңбек шарты» жұмыс берушімен жұмыскердің арасындағы еңбек қатынастарын реттейтін бірден-бір құжат болып табылады.
«Қала мен Дала»: Бүгіндері қандай да бір құжатсыз, ешбір келісімшартсыз жұмысқа алу жиілеп кеткені жасырын емес. Соның салдарынан еңбек даулары да толастамауда. Әне-міне жұмысқа орналасқалы тұрған адамға берер кеңесіңіз қандай?
– Бұл үшін Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 2-тармақшасына мұқият үңілу керекпіз. Дәл осы тармақта Еңбек шартын жасау жұмыс берушінің ең негізгі міндеті болып табылатындығы тайға таңба басқандай жазылған. Яғни, еңбек шартын жасаспай тұра, қызметкерді жұмысқа жіберуге қатаң түрде тыйым салынған.
Әлбетте, Еңбек кодексі тек жұмыскердің ғана сөзін сөйлеп, сойылын соқпайды. Сонымен бірге жұмыс берушіні де арандатудан арашалауға міндетті.
Бұл арада жұмыс беруші еңбек келісімшартын бір жақты негізде бұзуға да құқылы екенін айта кетуіміз керек.
Алайда ол қандай жағдайда орын алады?
Егер де жұмыс берушінің төлем қабілеті төмендеп, былайша айтқанда, экономикалық жағдайы нашарласа, өзінің ықыласы бойынша еңбек шартын бұза алады.
Бірақ қарамағындағы қызметкерлерді міндетті түрде бір немесе бір жарым ай бұрын хабарлама беріп ескерту қажет, содан кейін бір айлық өтемақы төлеуге міндетті. Сонымен бірге қоластындағы қызметкер ішімдік немесе психотропты заттарды қолданған жағдайда жұмыс беруші сот шешімі бойынша жұмыстан дереу түрде босата алады.
«Қала мен Дала»: Ал егер келесімшарт жасамай жұмыстан шығарып жіберсе, осы аралықта атқарған ісіне ақысы төленбесе, жұмыскер сотта жеңіске жете ала ма?
– Ілгеріде айтып кеткендей, Еңбек кодексіне сай еңбек шартын жасасу кез келген жұмыс берушінің ең бірінші кезектегі міндеті. Иә, сіз айтып отырған жұмыс нарығында жиі кездеседі. Бірақ бұл жұмыскерге айлық төлемеуге негіз болмайды.
Тіпті келісімшарт болмаса да жұмыскер, маман атқарға ісі үшін еңбекақы алуға толық қақысы бар. Бұл ретте сіздерге мына бір жайтты айта кетейін. Бұл талапты да көпшілік қауым біле бермейді, қазбалап сұрауды ар санайды. Айлығын бермей, азапқа салған жұмыс берушінің уәдесіне алданып жүреді.
Егер де жұмыс беруші жалақыны кешіктіріп, айлықты келесі айдың 10-шы жұлдызына дейін бере алмаса, ол әкімшілік жауапқа тартылады. Сонымен қатар жұмыскер өзінің әдеттегі қызмет кестесінен бөлек демалыс күндері жұмысқа шықса не болмаса түнгі ауысымға тап келетін болса, жұмыс беруші қызметкерге екі немесе үш есе көлемінде еңбекақы төлеуге міндетті.
Міне, осыған мұқият назар аударған жөн деп ойлаймын.
«Қала мен Дала»: Жұмыс барысында жарақат алғанда жұмыскер өтемақыны қалай өндіреді? Бұл тарапта әділет таппай, соттың табалдырығын тоздырып жүрген азаматтар көп екенін білеміз…
– Сауалыңыз орынды. Азамат өндірісте, жұмыс барысында жарақат алған жағдайда немесе оның денсаулығына зақым келгенде, еңбекке қабілетсіз деп танылған күннен бастап, жұмысқа шыққанға дейін немесе мүгедектік алғанға дейін жұмыс беруші өз қалтасынан, өз қаражаты есебінен әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті.
«Қала мен Дала»: Адамды ешбір себепсіз жұмыстан шығарып жіберудің соңы қазіргі қиын заманда, өзіміз куә болғандай үлкен дау-дамайға ұласуы мүмкін. Біздің білуімізше жұмыс беруші қалаған адамын жұмыстан қууға құқысы жоқ. Солай ма?
– Еңбек кодексінің 54-бабына сәйкес жұмыскер заңды еңбек демалысында жүргенде немесе ақысыз еңбек демалысы кезінде болмаса іссапарда жүргенде, ем-дом алып жүргенде еңбек шартын тоқтатуға, яғни жұмыстан шығара алмайды.
Екінші жағдайда, аяғы ауыр екенін растайтын анықтама ұсынған, 3 жасқа дейінгі бүлдіршінді бағып отырған әйел адамды, сондай-ақ 14 жасқа дейін мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған жалғызлікті аналар, сол санатқа кіретін асырап алушылар кемтар баланы тәрбиелеп отырса, бұдан сырт зейнетке шығуына екі жылдан аз уақыт қалған азаматтарды жұмыстан қысқарта алмайды. Жалпы, еңбек құқы бұзылған жағдайда жұмыскер еңбек инспекциясына хабарласып, туындаған мәселесін шешіп ала алады.
Әңгімелескен Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ