Жастардың ел басқару ісіне араласуы дәл қазір өте өзекті мәселелердің бірі десек болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың әлеуетін пайдалану мақсатында Президенттік жастар кадр резерві жобасын қолға алып, еліміздегі талантты жастардың мемлекетті дамыту ісіне араластыруға күш салуда.

Қазіргі дамыған заманда озық тәжірибелерді мемлекеттік басқару ісіне енгізу тек қана жастардың қолынан келетін іс екенін мойындауымыз керек. Сондықтан ел дамуына үлес қосуға ұмтылған жастарға мүмкіндік берудің маңызы зор.

Президенттік жастар кадр резерві жобасы қолға алынған күннен бері білікті жастар бұған қатысып, өздерінің мүмкіндіктерін паш етуде. Осы уақыт аралығында бұл жоба мемлекет пен жастар үшін тиімді жобаға айналғанына көзіміз жете түсті. Бүгінде мемлекеттің білім беру саласында соны жаңалықтар енгізіп, өзінің іскерлігін танытып жүрген Олжас Сәкенов Президенттік жастар кадр резерві жобасы еліміздегі жүздеген талантты жастың бағын ашып, шамшырағын жаққанын айтты.  

– Осыған дейін жастар мемлекеттік қызметте немесе жекелеген компанияларда жұмыс істеуші еді. Жекелген компанияларды жұмыс істеп, тәжірибе жинаған жастардың мемлекеттік басқару ісіне араласуына көптеген кедергілер болғаны жасырын емес. Президенттік жастар кадр резерві жобасы сол кедергілердің бәрін бұзды. Осы жоба қолға алынғаннан кейін жеке компанияларда жұмыс істеп жүрген жастар жобаға қатысып, өздерінің мүмкіндіктерін көрсетті. Бүгінде Президенттік жастар кадр резерві жобасына қатысып, резервке іліккен жастардың 30 пайыздан астамы кезінде жекелеген және халықаралық компанияларда жұмыс істеген жастар құрайды. Егер жеке секторда табысты жұмыс істеп жүрген жастардың біраз бөлігі мемлекеттік секторға ауысып, жұмыс істейтін болса, олар Жаңа Қазақстанды құруға бойындағы бар білімі мен біліктілігін жұмсайтынына сенімдімін, – дейді жас маман.

Тәуелсіздік жылдары жастардың жан-жақты білім алуына барынша жағдай жасалынғаны белгілі. Бұл ретте «Болашақ» бағдарламасының қабылданып, мыңдаған қазақ жастарының шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алды. Бірақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алушылардың бірі мемлекеттік қызметтің жалына жармасып, мансап қуып кетті деп айта алмаймыз. Шетелде білім алған жастарымыз еліміздегі ірі компаниялар мен халықаралық ұйымдарда жұмыс істеді. Енді біразы бөтен елде қалып,  сол жақта жұмыс істегенді жөн санады.

Мемлекеттік қызметте де «Болшақтың» түлегі өздерін сынап көргенін білеміз. Бірақ еліміздегі талантты, білімді жастардың басын құрап, білікті кадарлар қорын қалыптастыру ісі кемшін түсіп жатқан еді.

Президенттік жастар кадр резерві жобасы осы олқылықтың орнын толтырғаны анық. Қазір осы жоба еліміздегі талантты, іскер жастардың резервін қалыптастыруда. Бәрі тізімде, Қазақстанның кадрлық резерві қалыптасты деп нық сеніммен айтуға болады. Жаңа Қазақстанның өрісін кеңейтіп, даңғыл жолға түсіру үшін осы Президенттік жастар кадр резервінде тұрған жастардың күш-қуатын пайдалануымыз керек. 

Президенттік жастар кадр резерві жобасы бойынша сұрыпталған 300-ден астам жас қазіргі таңда еліміздің өсіп-өркендеуі жолында еңбек етуде. Айталық, бүгінде орталық мемлекеттік органдарда – 92, жергілікті билік орындарында – 40, Ұлттық компанияларда – 30 және өзге де мекемелер мен ұйымдарда – 19 жас маман мемлекет дамуы үшін қызмет етіп жүргенін атап айтуға болады.

Ата-бабаларымыз «ақыл жастан» деп бекер айтпаған ғой. Президенттік жастар кадр резервіне іліккен жастарды еліміздегі бірінші басшылардың штаттан тыс кеңесшілері сынды қызметтерге де тағайындап, олардың жаңашыл ой-пайымдарын мемлекетті дамыту ісіне пайдалануға болады.

Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев болса кадрлық резервке енген жастар мемлекеттік қызметтегі бәсекелестікті дамытып, сыбайлас-жемқорлықтың тамыран балата шабатынында айтып қалды. Расымен де Президенттік жастар кадр резерв жобасы мемлекеттік қызметті үлкен сілкініс әкелуі мүмкін. Өз күшіне сенетін жастар жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа тосқауыл қойып, мемлекеттік қызметтің беделін арттыратыны анық. Алдағы уақытта бұл жоба өзінің жемісін беріп, қазақ жастарының жарқырай көрінуіне жол ашатына сөзсіз.  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here