Сарапшы бұл жолғы Президент Жолдауында қандай мәселелерге басымдық берілерін айтты
Халық Президент Тоқаевтың бұл жолғы Жолдауын тағатсыздана күтіп отыр. Жаңа Қазақстанның қабырғасын қалауға тиіс маңызды құжатта халық мүддесі бірінші кезекте ескерілуі керек. Қаңтар оқиғасында талап айтып алаңға шыққан аудитория Тоқаевтан саяси реформаны жеделдетіп жүргізгенін қалайды.
Сөй деген саясаттанушы Зәмір Қаражанов биылғы Жолдаудың бағыты мен бағдарына қатысты «Қала мен Далаға» пікір білдірді.
«Менің болжамым бойынша, биылғы Жолдауда Қаңтар трагедиясының себеп-салдары ашып айтылып, биліктің бұдан қандай сабақ алғаны егжей-тегжейлі баяндалады. Сонымен қатар Мәскеу мен Киевтің арасындағы жанжал да назардан қалыс қалмай, Жолдауға арқау болады.
Қазақстан тоғыз жолдың торабында орналасқан ел. Геосаяси жағдайдың ушығып тұрғанын көріп отырмыз. Ал бұдан алар сабағымыз қандай? Қазақ жерінде мұндайды болдырмау үшін қалай қарекет етуіміз керек?
Қаңтар оқиғасында алаңға шыққан халықтың арасында ашынған азаматтар көп болды. Олар елдегі әділетсіздікке күйінді. Биылғы Жолдауда елдің еңсесін көтеруге бағытталған іс-шараларға мейлінше басымдық беріледі деп ойлаймын», – дейді сарапшы.
Қаражановтың айтуынша, еліміздің логистика мен ауыл шаруашылығы саласындағы потенциалы мол болса да, жұртты азық-түлікпен қамтуда ақсаңқырап тұрмыз. Билік Украинадағы жағдайды ескерген болса, алдағы уақытта азық-түлік кризисі туындауы мүмкін екенін түсінуі тиіс.
«Президент Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігіне айрықша назар аударылады деп санаймын. Себебі ас-судың бағасы күн өткен сайын қымбаттап жатыр. Азық-түлік бағасы шарықтаған сайын халықтың жүйкесі жұқара түседі.
Мемлекет басшысы қымбатшылықтың алдын алуды тапсырып, сауда министрі мен ауыл шаруашылығы министріне бір емес, бірнеше рет құлаққағыс етті. Биылғы Жолдауда Президент Үкіметке ауыл шаруашылығы саласын дамытудың кешенді жоспарын жасауды тапсыруы мүмкін», – дейді сарапшы.
Ел саяси реформаларға сусап отыр
Сөй деген Қаражанов Қаңтар оқиғасы «алдымен экономика, содан барып саясат» дейтін ұстанымның көнергенін айғақтап берді дейді. Оның пікірінше, Президент реформалар туралы айтудай-ақ айтып жүр, алайда осы бағытта жұмыстар кешеуілдеп жүргізілуде.
Халық Мемлекет басшысынан қоғамдық өмірге айтарлықтай өзгеріс әкелетін саяси қадам жасайды деп күтеді. Ескі жүйенің дағдыларынан мүлде бас тартып, ел игілігіне жұмыс істейтін саяси концепция әзірлейді деп үміттенеді.
Әскердегі әлімжеттік, әділетсіз сот және полиция реформасы
Сарапшының атап өткеніндей, Қарулы Күштер саласы мен құқық қорғау жүйесін түбегейлі қайта қарап, толыққанды реформа жүргізу қажет. Еліміздің ішкі-сыртқы қауіпсіздігіне жауап беретін өте-мөте маңызды салалардың олқылығы мен кемшілігі шаш-етектен.
«Украина мен Ресейдің арасындағы ұрыс-жанжал бұл мәселенің актуалдығын еселей түскені даусыз. Халықаралық деңгейдегі ешбір саяси құжат бізге кепіл болмасына көзіміз жетіп отыр. Ашығын айтқанда, кейбір мемлекеттер үшін мұндай келісімдерді табанға таптай салу түкке тұрмайды екен.
Осы себепті бұл жолғы Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздің Қарулы Күштері мен құқық қорғау жүйесін реформалауға айрықша назар аударады деп сенемін.
Ілгеріде айтып өткендей, ешбір халықаралық құжат бізге қорған бола алмайды. Біздің қауіпсіздігіміздің бірден-бір кепілі – әскеріміз, Қарулы Күштеріміз. Армиямыздың саны мен сапасын көтеріп, дамыған елдердің деңгейіне жеткізгенде ғана шекара шебімізге алаңдамаймыз», – дейді Зәмір мырза.
Саясаттанушының пікірінше, аталған екі сала түбегейлі реформаға мұқтаж. Мұны Мемлекет басшысы да үнемі айтып келеді. Алайда бұл жолы осы мәселеге неғұрлым мұқият тоқталып, аталған салалардың жаңа деңгейінің көтерілуін талап ететін болады.
Зәмір Қаражанов халықтың Тоқаевқа шүбәсіз сенетінін, оның осы күнге дейін билік тізгінін тең бөлуге мәжбүр болғанын түсінетінін айтады.
«Қазір билік тұтастай Тоқаевтың қолында. Мемлекет басшысы бұрынғыдай алды-артына алаңдамайды. Қол астындағы министрлер мен әкім-қаралардан сапалы жұмыс істеуді талап ететін уақыт қазір. Еліміздегі оң өзгерістер орын алуы тек президентке байланысты емес, оны орындайтын шенді-шекпенділердің ерік-жігеріне де тіреліп тұр», – дейді ол.
Бұдан туындайтын тағы бір өзекті мәселе – мемаппарат. Саясаттанушының атап өткеніндей, Президент елдегі жағдайдан толық хабардар. Кемшіліктердің бәрін көріп, біліп отыр. Сын айтудан кенде емес. Статистиканы бұрмалап сөйлейтін шенеуніктерді Тоқаев бірден сезіп қояды. Олардың жалған мәлімет беруіне жол бермейді.
«Десе де, – дейді Зәмір Қаражанов. – Сыннан сабақ алған шенеуніктер санаулы ғана. Көпшілігі бас шұлғу мен қағазға үңілумен тыңдап отырған сыңай танытса да, іске келгенде шорқақ.
Биылғы Жолдауда әкімшілік саладағы реформалар сөз болуы мүмкін. Жаңа Қазақстанда мемлекеттік сектордың серпілуі өте өзекті дүние. Керек десеңіз, мемқызметке қатысты заңды түбегейлі өзгерту қажет. Өйткені ескі заңның ережелері Жаңа Қазақстанның талаптарына сай емес. Былайша айтқанда, моральдық тұрғыда тоз-тозы шығып, әбден ескірген. Президент мемаппаратқа арқа сүйеу үшін бұл араға Жаңа Қазақстанның категориясымен ойлайтын кадрларды көптеп тарту маңызды.
Бір кездегідей бюрократияны халық енді көтермейді. Не істейтіні белгісіз, әйтеуір бюджеттің ақшасына ортақтасып отырған агенттіктердің саны азаюы тиіс.
Жолдауда мемаппараттың жұмыс өнімділігі сөз болып, оны жаңа заманға бейімдеу туралы тапсырма беріледі деп ойлаймын. Сол кезде жемқорлық атты дерттен, бюрократия атты бәлекеттен арыламыз», – дейді сарапшы.
Көлеңкелі экономикамен күрес
Зәмір Қаражановтың мәлім еткеніндей, биылғы Жолдауда көлеңкелі экономиканың жолын кесу мәселесі кеңінен сөз болады. Тоқаевтың тұсындағы Қазақстан шағын және орта кәсіптің қанат жаюына мүмкіндік бермек.
Мемлекет монополиядан бас тартып, кез келген салаға тұмсық тығатын әдетінен арылуды көздеп отыр. Бұл ретте Жолдауда квазимемлекеттік сектор бәсекеге бейімдеу мәселесі сүзгіден өтеді.
«Бұл саладағы ірі компаниялардың көпшілігі монополист. Солай бола тұра бәсекеге қабілетсіз, мемлекетке масыл болып отырғаны өтірік емес. Өткен отыз жыл мұндай құрылымдардың мемлекетті құрдымға кетірерін көрсетіп берді. Тоқаевтың тұсындағы Қазақстан еліміздің экономикасына қан жүгіртудің мүлде жаңа тәсілдерін іздестіреді деп сенемін. Сонда ғана кез келген кризиске төтеп берерлік иммунитет қалыптасады.
Президент Тоқаевтың биылғы Жолдауында осы мәселелер сөз болады», – деп ойлаймын дейді саясаттанушы.