Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына жұртшылықтан және сарапшылар қоғамдастығының жаңа өкілдері қосылды.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында  жарияланды, деп хабарлайды «Қала мен Дала».

Атап айтқанда, Ұлттық кеңеске белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл,

белгілі заңгер, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимов,

қоғам қайраткері, «Мазмұндама» ҚБ төрағасы Шыңғыс Мұқан,

 Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков,

 «Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі, журналист Ләззат Қожахметова,

 «Ізгілік елшісі» республикалық еріктілер қозғалысының жетекшісі, заңгер Айнұр Сәбитова кірді.

Ротация аясында Ұлттық кеңестің құрамынан Э.Әзімова, А.Саин, Б.Палымбетов, А.Шораев, Б.Бұқарбай, А.Әміртаев шығарылды.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі 2019 жылға 12 маусымда құрылып, оның алғашқы отырысы 2019 жылға 6 қыркүйекте өтті. Ұлттық кеңестің құрамына әртүрлі саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, жетекші қазақстандық сарапшылар кіреді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы сәуір айында өткізіледі.

Арман Шораев: «Әрі қарай өздері шешсін»

Қоғамдық белсенді Арман Шораев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамынан шығып кеткені туралы өз пікірін айтты.

– Менің кеңес құрамынан кетуімнің басты себебі – оны әу бастан пәлендей маңызы бар кеңес деп қабылдаған жоқпын.

Ол іс жүзінде ештеңе шешпейтін жай ғана кеңес еді. Сосын мен ұлттық кеңестегі өз миссиямды орындадым. Өзім қойған міндеттерімнің бір бөлігі шешілді. Ары қарай өздері шешсін. Ұлттық сенім кеңесіне жаңа адамдар кірді, бұл қалыпты құбылыс.

Оның үстіне, менің митингілер туралы заң жобасына қатысты жеке ұстанымдарым белгілі. Заң осы күйінде қабылданса, мен кеңес құрамында қалмаймын деп бірден айтқан болатынмын, – деді Арман Шораев.

Ол сондай-ақ кеңестен шығу тәртібі туралы айта кетті.

– Кеңес құрамында кіргенде де, одан шыққанда да ешқандай арыз жазған жоқпын. Бұл бірнеше жылға берілетін мандат емес.

Кеңесте 40 адам бар, ал кадрлардың ауысып отырғанын дұрыс нәрсе деп санаймын. Жарты жыл сайын оған біреулер кіріп, енді біреулер шығып отыруы тиіс деп санаймын,– деді Арман Шораев.

Шыңғыс Мұқан: «Ұлттық кеңеске не үшін кірдім?»

Журналист, «Мазмұндама» ҚБ төрағасы Шыңғыс Мұқан Ұлттық кеңеске шақыруды қабыл алғанын айтты.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына қосылдым!

Тілдің байлығы ондағы сөздің санымен емес, ақпараттың көлемімен өлшенетін заман. Осы тұрғыдан келсек, тіл – құрал.

Егер тілде бар ақпарат адамның даму қажетін өтей алмаса, кез келген құрал сияқты тіл де тартымдылығынан айырылады.

Гарвардта оқығанымда «Қазақстан дамыған елдерге қосыла ала ма?» деген тақырыпта тезис қорғап, көзім жеткен бір шындық: Мемлекеттің дамуы тілдің дамуынан басталады.

Тілдің мазмұнын арттырам деген талабым жай-жай жүзеге асып келе жатыр. Бастапқыда таңдаулы кітаптардың саммарилерінен бастап едік, қазір халықаралық 100 бестселлердің лицензиясын алып, аударып жатырмыз. Сонымен қатар түрлі әлеуметтік дағдылар бойынша тренингтер өткізудеміз. Жалғасын тапқай.

Ерлан Қарин мырза ұсынып, Кеңеске мүше болдым.

Мен үшін Ұлттық кеңес – қазақ тілінің мазмұнын сәл де болса арттыратын құрал.

Ал мемлекеттік тіл – жоғарыда айтқанымдай, мемлекетті дамытатын бірден-бір құрал», – деді ол.

Тоқаев не деді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қоғамдық сенім ұлттық кеңесі құрамындағы өзгеріске қатысты түсінік берді.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына жұртшылықты кеңінен тарту мақсатында кеңес мүшелері алмастырылды.

Ұлттық кеңеске белгілі қоғам қайраткерлері келді. Кеңестің бұрынғы мүшелеріне белсенді жұмыстары үшін ризашылығымды білдіремін», – деп жазды Президент Тwitter-дегі парақшасында.

Мұхтар Тайжан: «Жүйе бір күнде өзгермейді. Уақыт беріңіздер…»

Бұдан бұрын саясаткер Мұхтар Тайжан Ұлттық кеңес мүшелерін кінәлағандарды сабырға шақырып, халықтан уақыт беруді сұраған.

Бұған дейін ол Кеңес құрамындағы қоғамға танымал азаматтардың ҰҚСК-дан шығуын талап еткен үндеуге байланысты өз пікірін білдірген еді.

“Ұлттық кеңестен шығыңдар” деген ұран пайда болды.  Ал шықтық дейік, не ұттық? Әрі қарай әлеуметтік желіде бір-бірімізге ақыл айтып отыра береміз бе? Осы кеңестен өзге сіз бен біздің қолымызда қандай құрал бар? Көрсетіңдерші! Партиямыз бар ма? Қозғалысымыз бар ма? Не бар өзі? Түгіміз жоқ”, – дейді саясаткер.

Тайжан Ұлттық кеңестің жұмысына кедергі келтірмеуді сұрайды. Оның пікірінше, билік беріп отырған бұл мүмкіндікті пайдаланып, пайдалы әрекет ету қажет.

“Төзім керек, сабыр сақтаңыздар. Уақыт беріңіздер. Бірден бәрі біз қалағандай болмайды. 30 жылғы сірескен жүйені екі аптаның ішінде өзгертем деп ойлау аңғалдық. Олай болмайды”, – дейді Тайжан.

Саясаткердің пікірінше, митингідегі құқық қорғау органдардың оспадар әрекетіне қатысты арыз-шағымдарды оларға жөн сілтеп отырған жауапты тұлғаларға жолдаған жөн!

“Ал ҰҚСК (Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі) еліміздегі митингілер, сайлау, саяси партиялар туралы заң мен саяси тұтқындарға қатысты баптарды өзгертуге жол ашатын жалғыз мүмкіндік. Одан өзге амал бар ма? Бар болса кәнеки, көрсетіңіздер! Жоқ па, ендеше, кедергі келтірмеңіздер.

Арыз-шағымның мекенжайын шатастырмауды сұраймын. Ұлттық кеңеске өз мүмкіндігін паш ету үшін тым болмаса жыл аяғына дейін уақыт беріңіздер. Көмек көрсеткілеріңіз келмейді екен, ендеше, кедергі келтірмеуді сұраймын.

Осыдан 4 ай бұрын Қосановқа дауыс бер деп өңешін жыртқан кейбір саясаткерсымақтар жұмған аузын ашпай, тыныш жатса болар еді”, – дейді Мұхтар Тайжан.

Әзірлеген САМАТ КЕЛДІБАЙҰЛЫ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here