Болашағын ойлаған мемлекет бала тағдырына бейжай қарамайды. Елімізде ерекше күтіп қажет ететін балалар бар.
Осы орайда газет тілшісі:
1) Ерекше күтімді қажет ететін балақайлардың әлеуметтік құқығы қорғалған ба?
2) Олардың отбасына ай сайын қанша жәрдемақы беріледі?
3) Мұндай балалардың ем-домына мемлекет тарапынан берілетін көмектің көлемі қанша?..
деген сұрақтарға жауап алу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сауал жолдаған болатын.
Министрліктің аталған салаға жауапты мамандарының бізге бірге жауабының негізінде осы тараптағы біраз ақпаратқа қанықтық.
Сонымен…
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі бала өсіріп отырған отбасыға (әр бала үшін) 31 183 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді екен.
Сонымен қатар туа бітті мүгедектігі бар, 1-ші топқа жататын бала күтіміне тағы сол көлемінде жәрдемақы беріледі. Бұдан бөлек ай сайын жанұядағы әрбір адам басына 15 498 теңге әлеуметтік қолдау мақсатында төлем де қарастырылыпты.
Ерекше күтімді қажет ететені баланың ем-домы да қымбат тұратыны жасырын емес. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі?
Министрлік мәліметінде, мүгедек баланың ем-домына қажетті дәрі-дәрмек және медициналық қызмет алу үшін жылына бір рет 13 АЕК көлемінде (ал бұл 32 825 теңге) бір реттік әлеуметтік төлем беріледі екен.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың көпшілігі үйден оқиды. Турасын айтқанда, бұл да тегін емес. Үйден оқыту баланың әке-шешесінің қалтасына салмақ салмай ма?
Бұл ретте Үкіметтен баланы үйден оқыту мақсатында ай сайын 16 413 теңге жәрдемақы беріледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен алған мәліметке қарағанда ерекше күтімді қажет ететін баласы бар жанұя өз санаты бойына үй кезегіне тұра алады.
Үй күтіміндегі стационар немесе жартылай стационар жағдайында осы бағыттағы арнайы әлеуметтік қызметті пайдалануға болады екен.
Мемлекет тарапынан жүзеге асқан әлеуметтік қолдаудың тағы бір мүгедек баласы бар отбасы қоғамдық көлікте тегін жүреді.
Бұл орайда біз арбаға таңылған баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақыны министрліктен алған мәлімет негізінде былайша жіктеп шықтық:
Мүгедектігі бар жандарға берілетін жәрдемақы:
1-топ – 57 021 теңге,
2-топ – 45 438 теңге,
3-топ – 30 886 теңге.
Мүгедектігі бар балаларға берілетін жәрдемақы:
16 жасқа дейін – 41 578 теңге,
16 жастан 18 жасқа дейінгілерге мүгедектік тобына қарай беріледі:
1-топ – 57 021 теңге,
2-топ – 47 220 теңге,
3-топ – 35 638 теңге.
Арнайы мемлекеттік жәрдемақы:
1-топ – 3 763 теңге,
2-топ – 3 763 теңге,
3-топ – 1 616 теңге.
Бұдан бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Үкіметтің іргесінен халықтың табысын көтеру және де тұрмыс жағдайын жақсарту, сонымен қатар көпбалалы жанұяларды қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылған еді. Бұл топқа премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев жетекшілік ететін болып бекітілген.
Топтың мақсаты алдағы екі айда Елбасыға көпбалалы және де мүгедек бала асырап отырған отбасыларды қолдау бойынша кешенді шаралар жоспарын ұсыну.
Мүгедек балаларға арналған техникалық құрал-жабдықтар қолжетімді ме?
Жәрдемақы туралы айтқанда былтырғы жылғы төлемдерді жіпке тізе кеткенді жөн көрдік.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің берген мәліметіне қарағанда 2018 жылы кәмелет жасқа толғанға дейінгі мүгедек-бала тәрбиелеп отырған жалпы саны 80 мыңнан аса адамға мемлекет тарапынан жәрдемақы берілген екен.
Бұдан бөлек өткен жылдың 1-ші шілдесіндегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 18 жастан асқан бала күнінен бірінші топтағы мүгедек жанға күтімі бойынша жәрдемақы беру енгізілген-тұғын.
2018 жылы бұл көмекті 11 мыңнан аса адам алған.
Ерекші күтімді қажет ететін балаларға арналған техникалық құрал-жабдықтардың қолжетімді болғаны да аса маңызды.
Министрліктің дерегінше, бұл бағытта биыл біршама жұмыс атқарылмақ екен.
Атап айтқанда биылғы жылы мүмкіндігі шектеулі балалардың жүріп-тұруына қажетті арбалар, жасанды-ортопедиялық көмек құралдары, сурдо, тифло-құрал көптеп алынып, ерекше емді қажет ететін балдырғандардың шипажайда демалуына және де міндетті түрде гигиеналық заттармен қамтамасыз етілуіне бас мән беріледі.
Асыраушысынан айырылған отбасыларға жәрдемақы қарастырылған ба?
Ал асыраушысынан айырылып қалған жанұяларға бюджеттен 25 541 теңге көлемінде жәрдемақы қарастырылған екен. Айта кетелік бұл асырауындағы бір бала үшін берілетін төлем, ал егерде анасының асырауында алты немесе одан да көп бала болса 62 663 теңге беріледі.
Бұдан бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова елімізде табысы төмен жанұяларға арналған үкіметтік қолдаудың жекелеген шаралары қарастырылғанын тілге тиек еткен.
«Былтырғы жылдан бері елімізде тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі енгізілгенін білесіздер.
Мұндай көмектің түрін енгізу үшін еліміздегі кедейлік шегінің мөлшері күн көріс деңгейінен 40 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайтылған болатын. Осының негізінде 2017 жылғы мөлшермен салыстырар болсақ атаулы әлеуметтік көмектің орташа көлемін 2 есеге арттыруға мүмкіндік туды.
Бұл арада айта кетер тағы бір жайт Атаулы әлеуметтік көмек форматы да өзгерді. Ол ендігі жерге тек қана ақшалай емес, сонымен қатар әлеуметтік қызмет түрлері ретінде ұсынылуда», – деген болатын ведомство басшысы.