Дінтанушы радикалды көзқарастағы азаматтарды оңалтудың амалын айтты

 Теріс діни ағымның арбауына түскен азаматты түзу жолға салу мүмкін бе? Мұндай адамның қоғамға сіңісіп, ортаға бейімделуі қаншалықты жеңіл өтеді? Елімізде мұндай аудиториямен жұмыс істейтін мамандар жеткілікті ме?

«Қала мен Дала» осы орайда белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлының ой-пікірін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрді.

Сарапшының пікірінше, жаһанданудың жетегіне еріп, ықпалына түскен көптеген мемлекеттерде экстремизм мен радикализм «індеті» тым-тым асқынып тұр. Құдайсыздық идеологиясынан құтылып, бостандық алып, енді-енді оң-солын танып жатқан Орта Азия елдері де өкінішке орай бұл індеттен ада емес.

«Елімізде Құдайға құлшылық етіп, дін жолына түскен ауқымды аудитория бар. Рас, имандылыққа бет бұрғанмен, діни ақпаратты талғамсыз, талғаусыз қабылдау салдарынан адасушылыққа, әсіре діншілдікке ұрынған жерлестеріміз де жоқ емес.
Мұндай азаматтар көбіне-көп өзінің теріс жолға түскен мойындай бермейді, адасып жүргенін тым кеш аңғарады. Адамның тағдырын талқандайтын теріс ағымдардың тырнағына іліккен адамды қайтадан қалыпты өмірге бейімдеу біз секілді мамандардың басты миссиясы. Бұл іс ауыр еңбек пен жүйелі, жоспарлы жұмысты талап етеді», – дейді дінтанушы.

Оның атап өткеніндей, радикалды ағымдарды ауыздықтау үшін олардың идеологиялық үгіт-насихатының тамырына балта шабу қажет. Мұндай ағымдардың сапына өткен азаматтар адамның ой-санасын улайтын идеологияның шебін күшейте түседі. Дін мамандары үшін бұл жұмыс қана емес, майданмен, шайқаспен пара-пар іс. 

Кеңшілік Тышқанұлының айтуынша, деструктивті діни ағымдардың үгіт-насихат жұмысы бір жүйеге қойылған.

«Айталық, елімізде ғана емес, басқа да мемлекеттерде ықпалын жоғалтпай отырған Сәләфилік ағымның тамыры тым тереңде жатыр. Осы себепті күні бүгінге дейін олардың қатарына қосылған азаматтар жүздеп, мыңдап саналады. Осы идеологияның негізгі көсемдерінің бірі Ибн Таймия «Үш анық» деп аталатын кітабында: «Саналы адам Құран мен сүннетті түсінуде қисынға мұқтаж емес, ал ақылсыз адам оларды бәрібір түсінбейді», – дейді.

 Бұдан бөлек, ол: «Логика (қисын) – таудың ұшар басындағы сасыған ет секілді, азаппен жетесің-ау, алайда табатын пайдаң шамалы», деген пікір білдіреді.

Демек, оның ойынша, логикаға жүгінудің, сүйенудің қажеті жоқ. Оның ақыл туралы көзқарасын да ілгеріде оқып білдіңіздер», – дейді сарапшы.

Кеңшілік Тышқанұлы бұл ретте әріптесі, профессор Досай Кенжетайұлының мына бір пікірін мысал ретінде ұсыныпты.

Діндегі ережелердің сипатына тоқталған Досай Кенжетайұлы елімізде радикалды ағымның пропагандасына төтеп бере алмайтын, оның ығына жығылуға бейім азаматтардың көп екенін айтқан. 

«Мұның басты себебі діни ақпаратты қорытпай қабылдаудан шығады! Қазіргі қоғам сыни ойлаудан қалып барады. Санасыздық, сауатсыздық жайлап алған. Ал логика, ой болмаған жерде шаблондар мен ережелер үстемдігін жүргізеді. Діни таным табиғатынан ережелер мен шаблоннан тұрады. Кейбіреулерге діндегі дүниеге бас қатырғаннан гөрі, дайын ереже мен шаблондарды ала салу жеңіл. Өйткені адам өз-өзіне сенбейді, өз бетінше ойланып-толғана алмайды. Тобырлық түсінік осылай қалыптасады…», – деген еді дінтанушы.

Кеңшілік Тышқанұлы анықтап өткеніндей, теріс ағымның тұзағына іліккендердің көпшілігі сол ағымның идеологиясын сүзгіден өткізбейді, ақылдың сарабына салып ойланбайды, ал ғалымдардың пікіріне мүлде құлақ аспайды. Мұндай адамға адасып жүргенін дәлелдеу нағыз машақат.

Сарапшының дерегінше, Қазақстанда сәләфи-уахабилік бағыттағы аудиторияның басым бөлігі мешітке өзгелер секілді жұма намазына не болмаса бес уақыт намазға келеді. Ал осы мешітте намаз оқитын имам ханафилік-матуридилік сенімдегі адам. Бұлардың түсінігінде ол адасқан адам. Осыдан мынадай қисын шығаруға болады.

Егер де бұлар (сәләфилер) имамның желке тұсында тұрып намазын оқыса ханафилік бағытты мойындағаны немесе ханафилер адасқан болса, олар неге имамның артында намазға жығылады?

«Осы бір ойға жеңіл, қарапайым логиканы түсінуге олардың қабілеті жете бермейді. Өйткені радикалды ағымдарға логикасы дамыған адамдар мүлде қажет емес. Бұлардың арасында мешітке баруын барып, имам уағыз айта бастағанда құлағын тас жауып алатын азаматтар бар. Айтуынша, осы арқылы жүректі күнәдан сақтайды-мыс. Бұл да ақылға сыймайтын, қисынсыз іс.

Бірақ бұл ағымдардың төбе басында отырған идеологтар ақымақ емес. Олар бүкіл жұмысты бір жүйеге негіздеген. Дінге сусап жүрген, дін іздеп жүрген әлі де болса сауаты кемшін адам бұлардың қақпанына түссе, қайтып құтылуы қиын. Олар әрбір адамды радикалдандыру жолдарының алгоритмін әзірлеп қойған.

Бұларға қарсы күресу үшін біздің жұмысымыз да жоспарлы негізде жүруі керек. Бұлай болмаған күнде оларға төтеп беру қиынға соғады», – дейді сарапшы.

 …

Кеңшілік Тышқанұлы осы орайда «адасқан» азаматтарды оңалтудың 5 әдісін ұсынған екен.

1. Деструктивті діни ағымдарға еріп кеткендердің көпшілігі көп сөйлемейтін, тұйық адам болып келеді. Олар сізге сырын ашпайды. Сондықтан олармен байланыс орнату қиын. Бірақ бұлардың жүрегіне де жол табуға болады. Ол үшін бірінші кездесуден кейін бетіңіз қайтып қалмай, жиі-жиі пікір алмасып, емен-жарқын байланыс орнатуға тырысу керек. Тіпті дос болуға тырысып, көңіліңізді білдіріңіз. Уақыт өте келе араларыңызда сыйластық орнайды. Сол кезде мұндай азаматпен тілдесу, сауалдасу да оңайға түспек.

2. Кадрлық тұрақтылық. Жасырары жоқ, дін мамандарының жиі ауысуы «адасқан» адамды оңалту жұмысына тежеу болады. Оңалту орталығында кадр тұрақтамай, мамандар ауыса берсе, адам мен адамның арасында диалог орнап үлгермейді.

Радикалданған азаматты емдеп, жазуға ең кемі 3-4 жыл уақыт керек. Осыдан кейін ғана олар өздерінің ішкі проблемаларын емін-еркін ақтаратын деңгейге жетеді. Бұл үшін дін маманы онымен ұдайы байланыста болуы тиіс. Егер ол бір жерде тұрақтамай, жұмысын жиі ауыстырған болса, осыған дейінгі атқарған іс бекер кетеді.

Бұған дәлел, лаңкестік бабы бойынша істі болып, абақтыда жазасын өтеп жатқан азаматтардың өзі «бізге пәлен деген теологтың келгені жөн болар еді, соған үйреніп қалған едік. Сол кісімен тілдесу жеңіл!» деген пікірлерін білдіріп жатады.

3. Жамағат уәжі. Өздеріңіз білесіздер, діни аудиторияны – жамағат деп атайды. Сол секілді радикалды ағым өкілдерінің арасында да осындай берік байланыс орнаған.

Айталық, спортзалға бірге бару, діни рәсімді бірлесіп атқару, жұма намазынан соң бір-бірінің қал-жағдайын сұрау секілді адамның бір-бірін тани түсуіне жол ашатын орын алады. Араға уақыт салып, осы ортада жүрген адам жамағаттан бөлініп кете алмайтын қалге түседі.

Осы себепті біздің дәстүрлі теологтардың ұтылатын тұсы, оңалтуға жалғыз барады. Өзінің діни қауымының жоқтығы, не болмаса «адасқан» адаммен тұрақты түрде жамағат деңгейде қарым-қатынас жасау мүмкіндігінің болмауы әлгі азаматтың қайтадан өткен өмірін аңсауына түрткі болады.

4. Сананы сауықтыру. Адамның санасы мен жүрегіне орныққан діни құндылықтар бар. Бұған бірден шабуыл жасау қателік. Оның нәтижесі нөлге тең.

Біздегі теологтардың басым көпшілігі шабуылға шығуды жөн деп тауып, қателескенін кеш түсініп жатады. Сонымен қатар радикалданған азаматпен тек байсалды түрде сөйлескенде ғана нәтижеге жетесіз деген пікір қалыптасқан. Бұл қате да пайым.

Ең негізгі міндет – радикалды идеологияның арбауындағы адамды бірінші кезекте психологиялық жағынан, артынша әлеуметтік тұрғыдан оңалтуға басымдық беру қажет. Психологиялық, әлеуметтік тұрғыдан санасы, танымы түзелген адаммен оның діни ұстанымы төңірегінде байсалды сөйлесе аласыз.

5. Жақын адамынан көмек сұрау. Абырой болғанда, елімізде бүкіл туыс-туғанымен радикалды ағымға еніп кеткен әулеттер жоқтың қасы.

Қазақтың бүгінге дейін сақтап келе жатқан жақсы бір рәсімі – әулеттік, отбасылық байланыс. Теріс діни көзқарастағы азаматтың ой-пікірін өзгертуде оның отбасы мүшелерін ықпал ету құралы ретінде пайдалануға болады. Кейбір өңірлерде бұл тәжірибе нәтижесін беріп жатыр.

Отбасымен тілдескен, олардың пікірін елеп-ескеріп, қателігін түсінген азаматтар баршылық. Бұл да болса оңалтудың аса тиімді жолдарының бірі боп саналады. Неге десеңіз, радикалды ұстанымды адам ет жақындарын тыңдамаса, сыйлама, ендеше мүлде бейтаныс маманның сөзіне құлақ асуы өте қиын.

КеңшілікТЫШҚАНҰЛЫ, дінтанушы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here