Коронавирус пандемиясы кезінде шағын және орта бизнес көптеген қиындықтармен бетпе-бет келгені белгілі. Жұрттың жаппай онлайн жұмысқа кетуі, халықтың тұтынушылық қабілетінің күрт төмендеуі кәсіпкерлерге ауыр соққы болды. Ел экономикасының тірегі саналатын кәсіпкерлерге дәл осы сәтте мемлекетіміз қолдауын қатты қажетсінді.  Салықтық демалыстар, қаржылай қолдаулар, бәрі-бәрі шағын және орта бизнес өкілдері үшін үлкен қолдау болғаны сөзсіз. Пандемия кезінде Нұр-Сұлтан қаласындағы кәсіпкерлер де әкімдіктің өздеріне барынша қолдау көрсеткенін алға тартқан болатын. Таяуда елорда әкімі Алтай Көлгінов мырза пандемия кезінде шағын және орта бизнеске қандай көмек көрсетілгенін қысқаша баяндап берді.

Осы ретте бірден айтуымыз керек, бас қалада шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау бағытындағы іс-шаралар пандемияға дейін де жүйелі түрде жүргізіліп келген болатын. Ал індет кезінде бұл бағыттағы жұмыстарға айрықша көңіл бөлініп, ширай түскен.  

Алтай Көлгінов пандемия кезінде шағын және орта бизнеске қандай көмек көрсетілгенін айтқанда, осыған дейінгі қолға алынған бағдарламалардың мазмұны артып, жаңаша қарқынмен жүзеге асқанын тілге тиек етті. Ол қандай бағдарламалар? Әкімнің айтуынша, қиын кезеңде кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Жергілікті қамту үлесі», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламаларының шарапаты көп тиген.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ШОБ-ты қолдау бағдарламаларының тиімділігін, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының 2022 жылға дейін ұзартқанын атап өтті. Президентіміздің бұл бастамасы кәсіпкерлердің пандемиядан кейін тездетіп ес жиып, аяққа тұруына айтарлықтай септесіп жатыр. Айталық, «Бизнестің жол картасы – 2025» бойынша өткен жылдан бастап пайыздық мөлшерлеме 6%-ға дейін төмендетілді, сома көлемі 7 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Салалық шектеулер алынып тасталды, шағын бизнеске микрокредит беру бойынша жаңа бағыт енгізілді. Биыл өңдеу өнеркәсібі, медицина, білім беру, құрылыс, көлік салалары бойынша 100-ден аса жоба субсидияланды, – деді Алтай Көлгінов.

Елордада «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру үшін кәсіпкерлер палатасы жанында аймақтық жобалық кеңсе жұмыс істей бастаған. Бұл жобаны іске асыра бастаған күннен бері құны 55 млрд теңге болатын 40 жоба қолдауға ие болғанын айта кетуіміз керек.

Үстіміздегі жылы құрылыс материалдары, медициналық маскалар өндірісі, мектептер, медициналық орталықтар құрылысына айрықша қолдау көрсетілген. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жүздеген тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік туған. Бұдан басқа 14 жоба қолдау тауыпты.

Жоғарыда көрсетілген бағдарламалар ШОБ өкілдеріне айтарлықтай қолдау көрсетуге, жобалардың қуатын және отандық өндіріс өнімдерін шығарып, үлесін ұлғайтуға, жұмыс орындарын құруға жол ашқанын әкім тілге тиек етті.  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here