Алматыда Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ауқымды іс-шара басталды.
Қыркүйектің 19-ы мен 25-і аралығында өтетін мерекелік шара аясында гала-концерт, Open-air, танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың сатира кеші, Астананың арғы-бергі тарихынан сыр шертетін театрландырылған қойылымдар, Астана филармониясы ұжымының концерті, Елорданың сирек суреттер көрмелері және футбол кездесуі өтпек.
Бұл Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған ел аймақтарындағы ең ірі мерекелік іс-шара болмақ.
Мәдени шара өз кезегінде Қазақстандағы ең ірі екі қаланың тұрғындарын тұтастырып, Астана мен Алматының арасындағы мәдени әріптестікті одан сайын өрістете түспек.
Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының мәліметінше, Алматыдағы Елорда күндері аясында Оңтүстік астана тұрғындары Қайрат Баекенов пен «Формат» тобының барлық мүмкіндігін паш ететін ауқымды Оpen-аir ән-кешін тамашалауға мүмкіндік алады.
Шара ұйымдастырушыларының пікірінше, бұл кеш шынымен, ерекше болмақ. Астана алаңында өтетін концерт барша қала тұрғындары мен қала қонақтарын Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында тосын сыйлықпен таңғалдырмақ.
Айта кетелік, Қайрат Баекенов пен «Формат» тобының ән кеші 22 қыркүйекте сағат 19.00-де басталады.
Ал танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов шығармашылық кеші қыркүйектің 20-сы күні кешкі сағат 19.00-де Республика сарайында шымылдық түреді.
Астананың 20 жылдық мерейтойына орай арнайы нөмір дайындаған Қабатов осы кеште «Әзіл әлемі» атты бағдарламасымен таныс етеді.
Елорданың мерейтойына арналған шаралар шеруі мұнымен шектеліп қалмайды.
Астана күнінің алғашқы тұсаукересі 19 қыркүйекте дәл осы Республика сарайында болып өтті. Құрманғазының «Сарыарқасын» күмбірлеткен Астана Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі кешке жиналған көрерменді ерекше күйге бөледі.
Профессор Айтқали Жайымов жетекшілік ететін оркестр бұл кеште өз орындауындағы туындыларды Астананың 20 жылдығына арнайтындарын тілге тиек етті.
Кеш бағдарламасы барысында оркестрден бөлек, «Шалқыма» халық биі ансамблі, эстрадалық бишілер ансамблі, классикалық, эстрадалық және халықтық вокал үлгісіндегі талантты солистер және шоу-бизнес жұлдыздары өнер көрсетіп, кештің сәнін кіргізді.
Атап айтар болсақ, Астананың 20 жылдық мерейтойына атақты күйші Секен Тұрысбек, танымал әншілер Алтынай Жорабаева, Тамара Асар, Клара Төленбаева, Медет Салықов, Алмас Кішкенбаев, Маржан Арапбаева, Дос, Ринат Мальцагов, «Арт Домбыра» жобасы және өзге де өнер жұлдыздары қатысып, өз өнерлерін паш етті.
Ілгеріде айтып өткеніміздей, Астананың туған күніне Тұрсынбек Қабатов та тарту жасайды. Көрерменді күлкіге батырып, әзілге бөлейтін Тұрсынбектің гастрольдік концерті осы ауқымды шараның аяғына дейін жалғасады.
Өз кезегінде алматылықтар соңғы кездері Оңтүстік астанаға сирек келетін Қабатовтың өнерін молынан тамашалауға мүмкіндік алады.
Алматыдағы Астана күндері мұнымен шектелмейді. Қабатовтың әзіл-сықақ театрынан бөлек, бұл күндері қала тұрғындары Астанадан келген өзге де театр ұжымдарының қойылымдарын тамашалап, талантты әртістердің өнерін бағалауға мүмкіндік алады.
Алматыдағы Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында еліміздегі талантты суретшілердің көрмесі, астаналық филармония солистерінің ән кештері де ұйымдастырылмақ.
Қыркүйектің 19-ы мен 21-і аралығында Астанадағы Тәуелсіздік сарайының ұжымы алматылықтарды «Ақ тілекпен, Астана!» атты ауқымды көрмесіне шақырып отыр.
Айта кетсек, бұл көрме осы уақытқа дейін еліміздің аймақтарын түгелдей аралап шықты және халық тарапынан ықыласқа бөленген болатын.
Мінеки, осы көрме шеңберінде алматылықтар еліміздегі ең дарынды деген 50-ден аса суретшілердің ондаған, жүздеген туындыларымен таныс болмақ. Астананың 20 жылдық тарихы бейнеленген бұл көрме Елорданың болмысын тереңінен тануға мүмкіндік береді.
Алматылықтардың естеріне сала кетелік, көрме үш күн қатарынан таңғы сағат 10-нан сағат 18.00-ге дейін Республика сарайында сіздерді есігін айқара ашып күтеді.
Тек қана суретшілер емес, Астана әртістері де бес күнге созылатын осы бір мерекелік шараға ерекше дайындықпен келді.
Елорда Мемлекеттік академиялық филармониясының шығармашылық ұжымы 22-қыркүйекте Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның орган залында «Ұлы дала әуені» деген атпен бұрын-соңды болмаған ән кешін өткізбекші.
Дәл осы кеште атақты Шуберттің, Гайднның, Бородиннің, Жұбанованың, Жайымовтың, Махамбеттің, Желдібаевтың, Тәттімбет пен Құрманғазының ғасырдан-ғасырға жалғасып келетін мәңгілік туындылары орган залын жанды жадырататын әуенге бөлейтін болады.
Алматылықтардың бұл кештен де қапы қалмасы анық. Өнерді әуел бастан бағалайтын Алматы тұрғындары бұдан сырт Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының сахнасында «Елордадан сәлем!» бағдарламасын әзірлеп келген Астана филармониясының өнерін тамашалай алады.
Оңтүстік астана тұрғындарын бұдан өзге де есте қаларлық кештер күтіп тұр. Себебі Астана филармониясының мерекелік бағдарламалары 22-қыркүйекте де жалғасын таппақ.
Бұл күні астаналық өнерпаздар «Астанадан ақ тілек!» бағдарламасын паш етеді. Кешті қала тұрғындарының емін-еркін тамашалайтын мүмкіндігі бар. Панфилов көшесі мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы жазғы сахнада қазіргі Астананың тыныс-тіршілігі суреттелетін ерекше қойылым көрермен назарына ұсынылады.
Алматыдағы Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында спорттық іс-шаралар да ұйымдастырылмақ. Бұл өз кезегінде осынау шараға деген спортсүйер қауымның қызығушылығын оятары анық.
Атап айтап болсақ, 23-қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда отандық футболдың ардагерлері доп теуіп, жастар арасында аламан турнир өткізілмек.
Футбол аламанына КСРО чемпионатының аты аңызға айналған аяқдопшылары қатысып, аяқдоп жанкүйерлерін ерекше қуанышқа бөлемек.
Алматыдағы Астананың 20 жылдық мерейтойын тойлаудың түйіні 25-қыркүйекте аяқталады. Дәл осы күні Астанадан келген шығармашылық ұжымдар Елорданың туған күніне әзірлеген мерекелік қойылымдарын көрермен назарына ұсынады.
Айта кетелік, Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған осынау ауқымды жоба жаз бойы еліміздің барлық өңірлерінде өткізілді. Ала жаз астаналық өнер ұжымдары еліміздің аймақтарын аралап, Елорданың шуағын ала барды.
Шығармашылық ұжымдар сахналаған қойылымдар, ән кештері мен күй кештері, концерттік бағдарламалар барша қазақстандықтардың көңілінен шығары анық.