Атырау облысы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының Тәуелсіз Қазақстанның тарихи өміріндегі рөлін жүйелі түрде кеңінен көрсету.

– «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесі Алматы мен Оңтүстік Қазақстан халқының қызығушылығын тудырып, көпшіліктің жүреген жаулады. Жалпы алғанда, көрмені 250 мыңнан астам адам тамашалады. Бүгін біз Елбасы кітапханасының көшпелі қор көрмесін Атырау облысында ашқалы отырмыз. Бұл өңір еліміз бен халқымыздың тарихында және де Қазақстанның саяси, экономикалық, мәдени өмірінде ерекше орын алады. Еліміздің тәуелсіздігінің тарихы мен Елбасы ажырамас ұғымдар. Әлемдік аренада еңсемізді тік ұстап, зор мақтанышпен көрсете алатын мемлекетіміздің оңтайлы өзгерістері, реформалары мен стратегиялық қадамдарының барлығы Елбасының табандылығы мен ерен еңбегінің жемісі – деді көрмені ашқан Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков.

Бұған қоса, көшпелі қор көрмесі еліміздің тарихындағы маңызды кезеңдер мен Мемлекет басшысының шешімдерін айшықтайтын Елбасы кітапханасының музей және архив қорынан алынған мыңнан астам бірегей жәдігерлерді ұсынатынын атап өтті.

Сондай-ақ көрменің ашылу салтанатына Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, өзінің алғысөзінде Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбековке «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесін ұйымдастырғаны үшін зор алғысын білдірді.

– Бүгін өңір жұртшылығына ұсынылған Елбасы кітапханасының қор көрмесі арқылы еліміздің жеткен жетістіктеріне мақтанышпен қараймыз. Қазақстанның тәуелсіздігі мен Елбасы ажырамас түсініктер екені сөзсіз. Еліміздің болашағы бұлыңғыр болған тәуелсіздіктің ең алғашқы күрделі жылдарында Нұрсұлтан Әбішұлы үлкен жауапкершілікті арқалап, Қазақстанды әлемдік деңгейдегі танылған әрі табысты мемлекеттердің қатарына алып шықты. Бүгін міне, биік шыңға шығып, еліміздің қаншама қиындықтарды бастан өткергеніне куә болып отырмыз. Елбасымыз саяси көрегендігі мен көшбасшылық дарындылығының арқасында Қазақстан халқының басын біріктірді. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы мен стратегиялық құжаттарының, жазбаларының басты тақырыбы – еліміз бен өскелең ұрпағымыздың болашағы, Қазақстанның көркейіп, гүлденуіне арналады. Барлық қазақстандықтар үшін Нұрсұлтан Назарбаев Отаны мен оның мүддесіне қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады. Елбасы кітапханасының көрмесі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның өміріндегі ерекше рөлін көрсетеді, – деді.

Сондай-ақ өңір басшысы М.Б. Қасымбековке облыс жұртшылығы егеменді Қазақстанның негізгі қалыптасу дәуірін айшықтайтын Елбасы кітапханасының бірегей қорымен толық танысуы үшін көрмені екі айға дейін созуға өтініш жасады.

Экспозициямен танысқан Нұрлан Ноғаев тілектер кітабына ізгі тілегін қалдырды. Тілектер кітабы өзге де құрметті меймандардың жылы лебіз, алғыстарымен толықты. Белгілі сазгер, жазушы, аудармашы Ілия Жақанов Елбасы кітапханасына табыстар тілеп, жүрек жарды сөздерімен естелік қолтаңбасын қалдырды.

Көрме қонақтары үшін ҚР Күзет қызметі Президент оркестрінің Құрмет қарауыл ротасы өнерлерін көрсетті. Президент оркестрін басқарған – полковник Талғат Бердіғұлов.

«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің экспозицияларында Елбасы кітапханасының архив, кітапхана, музей қорларының материалдары ұсынылған. Алғаш рет Атырау жұртшылығының назарына Н.Ә. Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының бірегей жинағы, мемлекет басшылары және отандық авторлар тарту еткен қолтаңбасы бар кітаптар, сонымен қатар Н.Ә. Назарбаевтың шет тілдерге аударылған еңбектері ұсынылып отырғанын паш етті.

Көрме төрт бөлімнен тұрады. «Елбасы жолы» бөлімі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өмір кезеңдерінен сыр шертеді. Елбасының жолы рухани сананың дамуы мен дәуір мазмұнын айшықтайтын тарихи үдерістер мен оқиғаларды сипаттау арқылы көрсетіледі.

«Елбасы феномені» бөлімі Қазақстанның негізін қалаған, жаһандық кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын енгізген Н.Ә. Назарбаевтың мемлекеттік құрылым тұжырымдамасының қалыптасуы мен дамуы тарихына жетелейді. Елбасы феномені Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап, мемлекет астанасын ауыстыру идеясын жүзеге асыруға дейінгі тарихи маңызы бар шешімдер мен бастамалар арқылы көрініс тапқан.

Әлемдік деңгейдегі саясаткер, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың биік беделі мен асқақ абыройының жемісі ретінде еліміздің қарқынды сыртқы саясаты «Әлем таныған Елбасы» бөлімінде көрсетіледі. Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты дипломатиялық тарту-таралғылар, жеке жазбалар, архивтік материалдар арқылы көрсетілген. Әрбір сый-сияпаттан кез келген қауіп-қатер мен түсінбеушіліктен азат бейбіт әлемді қалыптастырудағы Н.Ә. Назарбаевтың ерен еңбегін таныған шетелдік мемлекет және үкімет басшыларының жеке құрметі айқын көрінеді.

«Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде Мемлекет басшысының және Қазақстан халқының жаһандық үдерістердің тұрақтылығы мен өркендеуіне қосқан үлесі үшін табыс етілген Елбасының жоғары мемлекеттік марапаттары ұсынылған.

Салтанатты рәсімнен кейін көрме экспозициясының негізінде шолу экскурсияларынан басқа «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі», «Бір жәдігердің тарихы» тақырыптық экскурсиялары жүргізілді. Балабақша тәрбиеленушілерінен бастап, оқушылар мен студент жастарға дейін түрлі санаттағы келушілерге арналған экскурсиялар көрменің барлық жұмыс күндері жүргізілетін болады.

Қор көрмесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының аталмыш көшпелі көрме жобасының басты оқиғасы болып табылады. Жоба аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, ғылыми-тәжірибелік семинар, дөңгелек үстел, семинар-тренингтер, «ашық кеңістік» форматындағы интерактивті сұхбат, көрме бойынша шолу және тақырыптық экскурсиялар, сонымен қатар Атырау облысы бойынша көшпелі экскурсиялар ұйымдастырылады. Елбасы кітапханасының тәжірибесінде «Жәдігерлер сөйлейді» топтамасынан көшпелі дәрістер, музей сабақтары, көшпелі экскурсиялар тәрізді мәдени-ағартушылық қызметінің ерекше түрлері белсенді қолданылып келеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here