Қазір әлемде азық-түлікке деген сұраныс жоғары. Дүниежүзіндегі жетекші азық-түлік экспорттаушы ел Украина мен Ресей арасындағы соғыстан кейін ахуал тіпті ушығып кеткендей… Бүгінде Қазақстан майлы дақылдар өндіруде Орталық Азияда жетекші ел. Ауыл шаруашылығы мамандарының сөзіне назар аударсақ, күнделікті тұтынатын сұйық майдың басым бөлігін күнбағыстан өндіреді екенбіз. Күнбағыстан өндірілетін сұйық майдың басым бөлігін халық тұтынса, қалған бөлігі сырт елдерге экспортталады. Осы ретте әлемді шарпыған геосаяси дағдарыс еліміздегі майлы дақылдар өндірісіне қалай әсер етеді деген заңды сұрақ туындайды. Ендігі кезекте осы мәселеге назар аударып, өзекті мәселені саралап көрсек.
Майлы дақыл бидайдан кейінгі маңызды дақыл
Әңгіме басында еліміздегі сұйық майдың басым бөлігін күнбағыстан өндіретінімізді айттық. Қазыналы қазақ жерінің біраз аймағында шаруалар күнбағыс өсіріп, одан май өндіріп келеді. Десек те, күнбағысты негізінен, Шығыс Қазақстан облысының шаруалары өндіреді. Ресми деректерге назар аударсақ, Қазақстанда өндірілетін күнбағыстың 70%-ы Шығыс Қазақстан облысының еншісіне тиеді.
Сонымен қатар күнбағыс еліміздегі жалпы егінжайлардың 30%-ына егіледі. Осы жайттан-ақ, күнбағыс өсіріп, оны саудалау еліміз үшін қаншалықты маңызды кәсіп екенін аңғаруға болады.
Өскемендегі Майлы дақылдарды өсірудің тәжірибелік шаруашылығының мамандары биыл ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін күнбағыс өсіруге ауа райы қолайлы болғанын айтуда.
Биыл шығысқазақстандық шаруалар әр гектарынан 3,4 тонна шемішке жинайтын мүмкіндігі бар екен. Күнбағыс құрғақшылыққа төзімді дақыл болғандықтан осыған дейін екі жыл қатарынан орын алған құрғақшылық кезінде шаруалар анау айтқандай шығын шекпепті. Сол себепті Шығыс Қазақстандағы шаруалардың 30-50%-ы күнбағыс өсірумен айналысатынын айта кетуіміз керек.
Бүгінде дүниежүзі бойынша күнбағыс өсірудің 70%-ы Украина мен Ресейдің еншісіне тиеді. Биыл жағдай күрт өзгеруі мүмкін. Соғыс пен санкция екі елдің күнбағыс өнімдерін сырт елдерге шығаруға айтарлықтай кедергі келтіруі мүмкін.
Мұндай жағдайда әлемдегі май өнімдерінің құны артып, елімізде өндірілген майлы дақылдарды сырт елдерге экспорттауға деген талпыныс артатынын түсінуге болады. Десек те, Үкімет үшін бірінші кезекте ішкі нарықты қажетті майлы дақылдармен қамтамасыз етуге баса мән беретіні анық. Бұл еліміз үшін маңызды.
Үкімет әлемдегі азық-түлік нарығында қалыптасқан ахуалды назарға алып, елімізде өндірілген майлы дақылдардың экспортына арнайы квота енгізген болатын. Биыл Азық-түлік корпорациясы елімізде сұйық майдың қымбаттап кетпеуі үшін майлы дақылдарды экспорттау көлеміне 10%-дық квота жариялады. Осылайша, атқарушы билік азық-түлік бағасының қымбаттамауының алдын алып, қам жасауда. Бұл қаншалықты тиімді шешім?
Бірақ жер емген шаруалар Үкіметтің бұл бағытта қолға алған шараларын толықтай қолдап отырған жоқ. Кейбір шаруалар майлы дақылдар экспортын шектеу осыған дейін қалыптасқан нарықты жоғалтып алуынан қауіптенеді. Иә, шаруалардың да алаңдауын түсінуге болады.
Үкіметтің қолдауынсыз нарықты қорғау қиын
Еліміздегі майлы дақылдарды өндірушілер осыған дейін өз өнімдерін Қытай мен Орталық Азия елдеріне еркін саудалап келген-ді. Ұзақ жылдан бері айналамыздағы көршілеріміз майлы дақылдарды бізден сатып алуды әдетке айналдырды.
Алдағы уақытта оларға майлы дақылдарды саудалауды күрт төмендететін болсақ, бұл нарықты Ресейдің шаруалары бірден иемденіп алуы мүмкін. Қазіргі таңда Ресей Батыстың санкцияларына ұшырап, өндірген өнімдерін қайда саудалауын білмей бастары қатып отырғаны белгілі.
Егер Қазақстан Үкіметі майлы дақылдар экспортын барынша шектейтін болса, Ресей үшін бұл іздегенге сұраған болуы мүмкін. Еліміздегі шаруалар осыдан қауіптеніп отыр.
Шаруалар мұндай шектеулер өздерінің табыс табуын айтарлықтай төмендететінін айтуда. Бұл ретте ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін де түсінуге болады.
Бүгінде жанар-жағармайдың бағасы жыл сайын қымбаттайтыны жасырын емес. Жыл өткен сайын жұмысшылардың айлығын да көтеру керек. Егер шаруалар өндірген өнімдерін нарықтағы бағаға сай саудалай алмаса, табыстан қағылып, бәсекеге қабілеттілігінен айырылатыны анық. Сондықтан Үкімет майлы дақылдар экспортын шектеуді біршама босатуы керек-ақ.
Қазіргі таңда еліміздегі жер емген шаруалардың ауыл шаруашылығы техникалары ескіргені жасырын емес. Бұл мәселе де шаруалардың бәсекеге қабілеттілігіне кесірін тигізіп отырғанын жасырып жабудың жөні жоқ. Сапалы ауыл шаруашылығы техникасын алуға шаруалардың шамасы жетпейді. Бұл аз десеңіз ауыл шаруашылығы техникаларына салынатын утилалымды да кез келген шаруаның қалтасы көтере бермейді. Бұдан кейін ауыл шаруашылығы еңбеккерлері ескі техниканы жамап-жасқап жұмыс істеуге мәжбүр болады.
Еліміздің майлы дақылдар өндірісіндегі тағы бір мәселе бүгінде еліміздегі шаруалар сапалы күнбағыстың тұқымын Ресейден экспорттайды. Бұл бағытта орыс шаруаларының біздікілерге қарағанда бәсі жоғары екенін байқау қиын емес.
Айталық, биыл Қазақстан Ресейден жеткізетін күнбағыс тұқымын еселеп артып, 139 мың тоннаны құраған. Егер Ресейден күнбағыс тұқымын экспорттау 2021 жылмен салыстырған биыл 2,8 есеге артқанын байқаймыз.
Биылдың өзінде еліміздің шаруалары 115 мың тонна майлы дақылды сырт елдерге саудалап үлгерген. Негізінен, біздің өнімді Өзбекстан, Қытай, Түркия сатып алған.
Бүгінде санкцияға ұшыраған Ресей де аталған елдермен жұмыс істеуге аңсары ауып отыр. Осы жайтты ескерсек, алдағы уақытта еліміздегі майлы дақылдар өсіру ісімен айналысатын шаруаларға оңай соқпайтынын бағамдауға болады.
Осындай қиын кезеңде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өзіміздің шаруаларға барынша қолдау көрсетуі керек. Бұл ретте қандай қолдаулар болуы мүмкін.
Бірінші кезекті, майлы дақыл өсірушілерге берілетін субсидия көлемін арттырған жөн. Бұдан басқа министрлік елімізде майлы дақылдардың тұқымын әзірлейтін шаруашылықтарды құру ісін қолға алуы керек. Алдағы жылы Ресейдің тұқым өндіретін кәсіпорындары біздің шаруаларға тұқым сатуын шектесе, бір-ақ сәтте жағдайдың қиындайтыны жасырын емес.
Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қажетті техникаларына утилалымды алып тастау керек. Сол кезде біздің шаруалар көрші елдің шаруаларымен бәсекеге түсіп, өздерінің майлы дақылдарды саудалайтын дәстүрлі нарығын қорғай алады.
Нұрлан ӘУБӘКІР