«Қала мен Дала» бұл сауалды Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне осыдан бір ай шамасы бұрын жолдаған. «Мүгедектігі бар жандарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік жасаудамыз» деген жауап алдық. Министрлік мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуда 26 жоба әзірлеген екен. Осы туралы егжей-тегжейлі айтып өтелік.

Министрлік мәліметінше, қазіргі күні мүгедек азаматтардың екі қолға бір күрек табуына жәрдемдесіп, олардың қолынан келетін кәсіп туралы толыққанды мәлімет беретін анықтама әзірленуде.

 Еңбекминге қарасты Әлеуметтік қызметті дамыту департаментінің жетекшісі Дәмежан Сәдуақасованың айтуынша, аталған анықтама әдістемелік құжаттың рөлін атқармақ.

«Соның көмегімен жұмыс берушілердің алдында мүгедек адамның нақты қай мамандықты игере алатынына қатысты толыққанды мәлімет болады. Анықтаманы жыл соңына дейін аяқтап, электронды еңбек нарығына енгіземіз», – дейді департамент директоры.  

Былайша айтқанда, осынау анықтаманың көмегімен еңбек нарығындағы бос орындарға өзінің мүмкіндігін ескеріп, мүгедек азаматтар да өтініш бере алады. Егер жұмыс беруші ұсынған қызметті атқара аларына сенімді болса, таңдап алған кәсіп сұранысына сай келсе жұмысқа орналаса алады.

Аталған анықтама бұдан бөлек мүмкіндігі шектеулі жандардың электронды еңбек нарығы арқылы жұмысқа тұруына жәрдемдеспек. Бұдан бөлек, жұмыс берушілерге қызметтік орында инклюзия деңгейін көтеруге көмектеседі.  

Дәмежан Сәдуақасованың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық өмірге араласып, ортаға бейімделуіне жағдай жасауда инновациялық жобалар мен цифрлық технологиялар қолданылуда.

«Сонымен қатар түрлі ауытқулары бар азаматтарға мобильді қосымшаларды пайдалануды үйрететін жобаларды жүзеге асырудамыз.

Мүгедек азаматтарға арналған 60 мобильді қосымшаны іріктеп алып, оларды қолдану жолдарын үйреттік. Аталған қосымшалар дефект деңгейіне байланысты 3 санатқа бөлінген. Атап айтқанда, есту және сөйлеу мәнерінде ақауы бар, көзі нашар көретін және қимыл-қозғалысы қиындаған азаматтарға арналған қосымшалар әзірледік.

Бұдан тыс мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арасында сұранысқа ие мобильді қосымшалардың тізіміне жасадық. Мобильді қосымшаларға қатысты толыққанды мәлімет inva.gov.kz сайтында жарияланды», – дейді Әлеуметтік қызметті дамыту департаментінің директоры.

Осынау жобаға мүгедек азаматтарға көмек қолын созуда белсенділік танытқан «ITeachMe» қоғамдық қоры да атсалысуда. Дәмежан Сәдуақасованың атап өткеніндей, бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап түрлі мобильді қосымшалар (ас-су жеткізу, сату, мобильді банкинг, тасымал қызметі және тағы да басқасы) әзірлейтін компаниялармен келіссөз жүруде.

Арбаға таңылған азаматтардың экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуіне жәрдемдесетін тағы бір жоба  – «Scale up» аталады.

Дәмежан Сәдуақасованың айтуынша, осынау бағдарлама кәсіпкерлікпен айналысатын мүгедек азаматтарды қолдау мақсатында қолға алынған. Бағдарлама арқылы мүгедек жандар бизнесіне демеу болатын көмек ала алады.

«Бағдарламаға мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тауар өндіретін, қызмет көрсететін кәсіпорындар қатыса алады. Қазіргі күні бағдарламаға қатысатын 75 бизнес-жобаны таңдап алдық. Олардың әрбіріне арнап жол картасы әзірленеді.

Осы жоба мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арасында кәсіпкерліктің дамуына жол ашады деп сенемін. Сонымен бірге мүгедектердің өмір сапасын жақсартатын тауар-қызмет түрін өндіретін кәсіпорындарға да демеу болады», – дейді Дәмежан Сәдуақасова.

Айта кетелік, бұдан бұрын БҰҰ-ның Даму бағдарламасы аясында мемқызметкерлердің қашықтан жұмыс істеуі қабілетін дамытатын курстар әзірленген.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мүгедектігі бар 342 мемқызметкер аталған курсты тәмәмдаған.

Қазақстанда бүгінгі таңда 433 мүмкіндігі шектеулі азамат мемлекеттік қызметте істейді. Оның 318-і орталық мемлекеттік органдарға қызметке тұрған.

«Індеттің кесірінен көптеген меморгандар қашықтан жұмыс істеуге көшкен қазіргі шақта мұндай оқыту курстарының берері мол. Сондай-ақ жұмыс орнында жарақат алу көрсеткішін төмендету үшін министрлік күні кеше Халықаралық әлеуметтік қамтамасыз ету қауымдастығының «Vision Zero» бағдарламасына қосылды. Бағдарламаның мақсаты өндірістік қауіпсіздікті күшейту, барлық деңгейде жұмысшылардың сөзін сөйлеп, құқын қорғау», – дейді Әлеуметтік қызметті дамыту департаментінің директоры.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстандағы 300-ден аса өндірістік және өндірістік емес кәсіпорын жұмыс орнында жарақат алу көрсеткішін азайтатын бағдарламаға қосылған. Әзіргі күні министрлік тарапынан осы бағдарламаның экономикалық тиімділігіне баға беретін сараптама жұмысы жүргізілуде.

Бағдарлама нәтижесінде Қазақстандағы кәсіпорындарда жұмысшының жарақат алу көрсеткіші төмендеп, соның салдарынан болатын арбаға таңылу мен өлім-жітім деңгейі азаяды деген үміт бар.  

«Мүгедек азаматтар оқудан өтіп, артында жұмысқа орналасатын, бұдан бөлек микронесие, грант алып өз бизнесін бастауға мүмкіндік алатын «Еңбек» бағдарламасының да маңызы зор.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында осы бағдарлама көмегімен мүмкіндігі шектеулі 7,8 мың қазақстандық жұмысқа орналасты. Оның ішінде  2,2 мың адам тұрақты жұмыс тапты. 5,6 адам маусымдық жұмысқа кірді.

Бағдарлама көмегімен мүмкіндігі шектеулі 103 азамат микронесие алды. Олардың 75-і қазіргі таңда жеке бизнесін ашып, кәсібін дөңгелетуде.

Мүгедектігі бар 218 азамат грант ұтты. 259 адам қысқамерзімді кәсіптік курстардан өтті.

«Бастау бизнес» жобасының көмегімен 67 мүгедек азамат бизнестің қыр-сырымен танысты», –  дейді Дәмежан Сәдуақасова.

Ол елімізде мүгедек азаматтарды жұмысқа орналастыруда кедергі көп екенін жасырмады. Айтуынша, жұмыс берушілердің көпшілігі мүгедектігі бар азаматты қызметке қабылдағысы келмейді.

«Мұның себебін білу үшін министрлік кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізді. Соның негізінде мүмкіндігі шектеулі жандардың еш кедергісіз жұмысқа орналасуына қолайлы жағдай жасаудың жолдарын іздестіреміз», – дейді ол.

Айта кетейін, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 705 мың азамат бар. Олардың 430 мың еңбекке жарамды жаста. 100 мыңға жуық мүгедек азамат екі қолға бір күрек тапқан.

ВРЕЗКА:

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 705 мың азамат бар. Олардың 430 мың еңбекке жарамды жаста. 100 мыңға жуық мүгедек азамат екі қолға бір күрек тапқан.

«Жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасының көмегімен мүмкіндігі шектеулі 7,8 мың қазақстандық жұмысқа орналасты. Оның ішінде 2,2 мың адам тұрақты жұмыс тапты. 5,6 адам маусымдық жұмысқа кірді.

Бағдарлама көмегімен мүмкіндігі шектеулі 103 азамат микронесие алды. Олардың 75-і қазіргі таңда жеке бизнесін ашып, кәсібін дөңгелетуде.

Мүгедектігі бар 218 азамат грант ұтты. 259 адам қысқамерзімді кәсіптік курстардан өтті.

«Бастау бизнес» жобасының көмегімен 67 мүгедек азамат бизнестің қыр-сырымен танысты», –  дейді Дәмежан Сәдуақасова.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here