Кадрлық резервпен кездескен Ақпарат министрі нендей мәселені сөз етті?

Газетіміздің «Күн арба» айдарында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның кадрлық резервке енген жастармен жүздескені жазылған.

Осы кездесуде министр мемлекеттік бағдарламалардың кеңсе тілімен жазылатынын, қарапайым халық мұндай құжаттың мән-мағынасын түсіне бермейтінін айтқан.

«Мемлекеттік органдар жобалары жұртқа түсінікті тілде әзірленсе, қазіргіге қарағанда әлдеқайда нәтижелі болар еді» деген болатын Балаева.

Жалпы, бұл кездесуде басқа да мәселелер әңгіме болды.

Соның бірі – Жастар саясаты.

Балаеваның пікірінше, жастар саясатына жаңа көзқарас қажет.

«Соны ескерген біз осы саланың әдістеріне өзгеріс енгіздік. Бұдан былай жастар саясаты бағытындағы жобалар жастардың жас ерекшелігіне, әлеуметтік санатына және қызығушылығына байланысты сараланады.

Жастар саясаты жастардың барша санатын қамтуы қажет. Жастарды түрлі категориясын електен өткізе келе, олардың қандай жобаларға қызығатынын, қандай өзгерістерді қалайтынын білетін боламыз. Осы тарапта өздеріңізден қызықты, өзекті жобалар күтеміз», – дейді министр.

Кадрлық резервке енген жастар өз кезегінде министрге сауал қойып, болашақта жастар саясатында қандай күрделі өзгерістер боларын сұрады.

«Шетелдік ЖОО-ға оқуға тапсырып, сол жақта біржолата тұрақтап қалған жастарды елге қайтару Жастар саясатының концепциясына ене ме?», – деді бұл ретте кадрлық құрамның мүшесі Лаура Демесінова.

Балаеваның атап өткеніндей, шетелде өз қаражатына білім алған жастар өкінішке орай, елге оралмайды, сол жақта аялдап қалады.

«Бәлкім, қиырда тұратын этникалық қазақтарды елге шақыру қажет шығар. Дәл осы ұсыныс Жастар саясатының концепциясына енеді деген үміттемін», – деді министр.

Бұдан бөлек, Балаева белсенді жастармен бірлесе жұмыс істеуге әркезде әзір екендігін айтты. Оның айтуынша, Жастар саясатының жаңа концепциясын қалыптастыруда осы идеяға қызығушылық танытқан және атсалысқысы келетін азаматтарды көптеп тарту қажет.

«Концепцияға алып-қосары бар, еліміздегі жастар мәселесінің сан түрлі салада шешімін табуын қалайтын белсенді азаматтармен әріптестік орнатуға әзірміз», – деді Балаева.

Кадрлық резервпен кездесуде сөз болған тағы бір жайт – ұлт мәселесі.

Балаева бүгінгі таңда ұлттық кодты сақтау мәселесінің өзектілігіне тоқталып, жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтардан ажырап қалмаудың жолдарын түсіндірді.

«Мына заманда ұлттық иденттіліктен, тілден, мәдениеттен, салт-дәстүрден ажырап қалып жатқандар көп. Ұлттық құндылықты баланың санасына сіңдіру отбасындағы тәрбиеден басталады. Ұлттық құндылықтарды отбасымен ұштастырып, әрдайым ұлттық мәндегі насихат жұмысын жүргізу керек. Соңғы жылдары ажырасу жиілеп кетті. Мұның себебі сан алуан: көпшілігі мінездің үйлеспеуімен, тұрмыстық қиындықтармен байланыстырады. Жас отбасындағы ажырасу көрсеткішін азайтуда барлығымыз бірлесе, жұмыла жұмыс істеуіміз керек», – деді министр.

Осы кездесуде еліміздегі ұлтаралық татулық мәселесі де егжей-тегжейлі қаузалды. Балаева бұл тарапта дін саласына тоқталып, талайдың обалына қалған теріс ағымдардың қауіп-қатері туралы айтты.

Оның айтуынша, дін жолына түскен адамның діни сауатына қатысты сауал көп.

«Кей кездері теологтар белгілі бір діни ұйымдардың айырмашылығы мен ерекшелігін тыңдаушының жүрегіне жетердей түсіндіре алмауы мүмкін.  Осы бағытта түсіндіру жұмысының жаңа әдістерін, жаңа формаларын бірлесе іздеуіміз қажет.

Өздеріңіз де куәсіздер, тұрмыстық жанжалдың арты ұлтаралық кикілжіңге ұласып кетуде. Мұндайға жол бермеу қажет, себебі бұл мәселе аса нәзік дүние. 

Отыз жылда үлкен күшпен қол жеткізген тұрақтылықты сақтап қалу, тұрмыстық деңгейдегі түсінбеушіліктің соңы ұлтаралық жанжалға жалғасып кетпеуін қатаң қадағалау керек. Сіздермен бірлесе жұмыс істеуге, әріптестік орнатуға әзірміз. Ұсыныс-идеяларыңызды асыға күтемін», – деді осы орайда Балаева.

Кездесуде көтерілген тағы бір тақырып – мемқызметкердің этикасы. Балаева атап өткендей, мемқызметкер барлық әлеуметтік топтың талап-тілегін ескеріп, ешкімді бөле-жармауы қажет.

«Эмоцияға беріліп, белгілі бір топтың сойылын соғып, соның қолайынан шығатын шешім қабылдау мемқызметкердің табиғатына жат болуы тиіс. Мемсаясаттың түп өзегі де – осы. Әлбетте, мемқызметке келген озық ойлы кадр бірден-ақ жаңа әдіс-тәсілдерді енгізгісі келеді. Бірақ бюджеттің ережесі мұның бірден жүзеге асуына қолбайлау болуы мүмкін. Бұған шамалы уақыт қажет.

Біздің тарапымыздан атқарылған нақты іске тоқталсам, жақында stopfake.kz атты жаңа ресурс іске қосылды. Карантин кезінде көптеген жалған ақпарат пайда болып, ел ішінде дүрбелеңге түсіргені өтірік емес. Фейк мәліметке қарсы жүйелі күресу үшін осындай жоба әзірледік», – деді Балаева.

Сөз орайында министр осынау жобаны кадрлық резервке енген Александр Данилов әзірлегенін атап өтті.

 Аталған сайт жайында аз-кем айта кетсек, stopfake.kz порталының ерекшелігі желідегі жалған ақпаратқа қатысты мемлекеттік қызметкерлер жедел жауап қатып, түсініктеме береді.

«Мемлекеттік қызметкер халыққа шынайы ақпарат жеткізіп, түрлі арандатудың алдын ала білуі керек. Фейк ақпарат қоғамды дүрліктіріп, ел ішін алатайдай бүлдіруі мүмкін. Осындай шақта жауапкершілік ала біліп, батыл шешім қабылдау маңызды. Қоғамның басты құндылықтарын сақтауда мемқызметкердің біліктілі мен жауапкершілігі басты рөл ойнайды», – деді Балаева.

Кадрлық резервпен кездесуде министр коррупцияның мемлекеттік құрылымға қауіп төндіретінін тілге тиек етті. Оның пікірінше, мемлекеттік басқаруда бармақ басты, көз қысты әрекетке барып, күллі мемаппаратқа кесірін тигізетін азаматтардың жолын жабу қажет.

«Иә, мемқызметте істеу оңай емес. Көпшілігі қиындыққа шыдамай, арыз жазып жатады. Мұндайда жұмыстың жаңа әдіс-тәсілдерін іздестірген жөн.  Шешілмейтін мәселе жоқ. Шешу жолдарын тиімді әдістерін қарастырып, үнемі ізденіс үстінде жүретін маман әркезде сұранысқа ие.

Халықтың ашуына тиетін бюрократиялық кедергілердің көзін жоюға бірінші кезекте мемқызметкер мүдделі болуы қажет. Бюрократияны коррупция туғызады. Жүйені коррупцияға бейім азаматтардан тазарту белсенді жүріп жатыр. Мемқызметтен қорқудың қажеті жоқ. Кедергілерге, қиындықтарға уақытқа сынақ ретінде қараңыздар», – деді сөзінің соңында министр Балаева.

Айта кетелік бұдан бұрын кадрлық резервке енген жастармен Тоқаевтың көмекшісі Ерлан Қарин кездескен.

Әзірлеген Роллан МҰХАМЕТҚАЛИ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here