Еліміз Тәуелсіздік алған күннен бастап халық арасында дінге бет бұру үрдісі қарқын алды. 70 жыл кеңестік жүйенің құрсауында болғандықтан, ислам дінін танып, білуге ұмтылушылардың қарасы көп болуы түсінікті. Мұны табиғи жағдай десек болады. Жұрттың діни сауаты кем болғандықтан, сол тұста деструктивті діни топтар өздерінің қатарына осындай аңғал жұртты тартып, қарасын көбейтуге барын салғаны жасырын емес. Осындай пиғылы жаман діни ағымдардың арбауына көптеген жастарымыз түсіп те қалды.
Әлеуметтік желідегі псевдошейхтардан сақ болыңыз!
Бүгінде жағдай түбірімен өзгерген. Қазір ел ішінде деструктивті діни топтарға қарсы иммунитет қалыптасқан. Көпшілік қауым бұрынғыдай қандай да бір діни ағымды насихаттаушылардың соңынан еріп кетпейді, олардың әрбір әңгімесіне күдікпен қарап, күмәнданады.
Бүгінде жұрт оңы мен солын тани бастаған. Десек те, сыртқы күштердің қолдауына сүйенетін деструктивті діни топтар «қазақтардың діни сауаты көтеріліпті» деп өз ағымдарын насихаттаудан бас тартпайтыны анық.
Қайта алдап, арбаудың түрлі амал-тәсілін ойлап тауып, өз жұмыстарын үдетуге күш салатыны белгілі. Қазіргі таңда олар ғаламтордың дамығанын пайдаланып, үгіт-насихаттарын алыстан жүргізуге мүмкіндік алып отырғаны жасырын емес.
Жат ағымдардың уағызшылары ғаламтор беттерінде және әлеуметтік желілерде барынша белсенді болуға тырысатыны жасырын емес. Ғаламтордағы экстремистік сайттардың ықпалымен бірге, шетелден діни білім алған псевдошейхтердің, псевдоғалымдардың уағызы арқылы көпшілік қауымның санасын улауға құштар екенін ешқашан ұмытпауымыз керек.
Әрине, олар жұмыстарын үдеткен сайын мемлекетіміз де қарап отырған жоқ. Жергілікті жерлерде құрылған Дін істері жөніндегі бөлім, басқармалар да жұмыстарын жандандырып, ел арасында кездесулер, әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер ұйымдастырып, деструктивті діни топтардың қоғамға қаншалықты қауіпті екенін жан-жақты түсіндіріп келеді.
Дінбұзарлардың көксегені – саяси мүдде
Әңгіме басында айтқанымыздай, қазір халықтың діни сауаты тоқсаныншы жылдардағыдай емес, айтарлықтай өскен. Кез келген теріс діни ағымды насихаттаушылардың ығына жығыла кетпейді. Осы ретте елімізде деструктивті діни топтардан қорғаныштық қасиеттің пайда болуына ауыл-аудандарда құрылған дін істері жөніндегі бөлімдер айтарлықтай ықпал етіп отырғанын айтуға тиіспіз.
Дәстүрлі емес діни ағымдар мен деструктивті діни топтар еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне, тіл мен дінге, мәдениеті мен ұлттық құндылықтарымызға қауіп төндіретінін қазір ел азаматтары толықтай түсінді.
Деструктивті діни ағымдардың көздеген мақсаты саяси мүдде екендігі қалың көпшілікке аян. Ел арасына түсіп, ағайын мен бауырдың, туыстық қарым-қатынастың үзілуіне, дос-жаранмен байланыстың тоқтауына кейбір дінбұзар азаматтардың ықпал еткенін халық көргеннен кейін оларға қарсы халық арасында жиіркенішті көзқарас қалыптасты.
Бала мен ата-ананың арасында байланыстың үзілуін, ұлттық құндылықтарды аяқасты етуді дәстүрлі қазақ отбасында тәрбиеленген кез келген адам құптамайтыны анық.
Осылайша, теріс пиғылды діни топтардың жетегінде кеткендердің ешқандай моральға жатпайтын іс-әрекеттері халықтың көңілін суытқаны анық.
Өз кезегінде мұндай жағымсыз жайттар халық арасында деструктивті діни топтардың жағымсыз образын қалыптастыруға әсер еткенін байқауға болады.
Сондықтан осындай діни топтардың арбауына түсіп қалып, тағдыр тәлкегіне тап болған азаматтардың өмір жолын халыққа жеткізіп, көпшілікті сақтандырудың маңызы зор. Шынайы өмірде орын алған мұндай оқиғалар көптеген адамдарға сабақ болатыны сөзсіз.
Жаза басып, опық жеген адамдардың қиын тағдыры туралы жазып, ел-жұртты сақтандырып тұру қажет. Бұдан басқа, адасқан адамдардың қателігін түзетуге де мүмкіндік берудің маңызы зор.
Қазіргі таңда діни сауаты кем болғандықтан, жат ағымдардың арбауына түсіп қалып, кейіннен өз үйірін тапқан азаматтар да бар. Мемлекетіміз мұндай азаматтар екінші мүмкіндікті беріп отыр. Олар осы мүмкіндікті пайдалануы тиіс.
Заңның арқасында жұмысы жүйеленіп, ортақ тәртіп қалыптасты
Бүгінде қой терісін жамылған қасқырларды тезге салып, олардың жұмысына шектеу қоятын заңнама да қалыптасқанын атап айтуымыз керек. Деструктивті діни топтарды тізгіндейтін «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы 2011 жылдың 11 қазан айында қабылданып, жұрттың игілігі үшін қызмет ете бастағанын білеміз.
Бұл заң еліміздегі діни бірлестіктердің өзара іс-қимыл жасауын және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруға барынша жола ашып отыр.
Қазақ елі ел азаматтарын ұлт пен діни сенімге бөліп, алаламайтыны белгілі. Бірақ жұртты діни сенімге бөліп, өздерінің арам пиғылдарын іске асыруға ұмтылатын деструктивті топтардың жолын кесіп, олардың ел ішін алатайдай бүлдіруіне жол бермейді.
Тәуелсіздік жылдарындағы діни бірлестіктермен және әртүрлі конфессия өкілдерімен өзара іс-қимыл жасаудың тәжірибесіне назар аударсақ, елімізде миссионерлік қызмет, діни сипаттағы өнімдерді тарату, діни оқу орындардың қызметін лицензиялауда құқықтық регламенттің жеткіліксіз болған еді.
Жоғарыда қабылданған заңның арқасында елімізде тіркелген діни бірлестіктердің жұмысы жүйеленіп, ортақ тәртіп қалыптасты. Осылай деструктивті діни топтардың бұра тартуына жол берілмейтін болды.
Ымырасыз күрес жүріп жатыр
Исламның атын жамылып келіп жатқан діни ағымдардың негізгі көздеген мақсаты – еліміздің тыныштығын бұзу, тұрақтылығымызға іріткі салу.
Мұндай ағымдардың жетегінен шыға алмай жүрген азаматтар әлі де болса бар. Оларды теріс жолдан құтқарып қалу үшін мемлекет ымырасыз күрес жүргізіп жатыр.
Ел азаматтарының арасында, әсіресе жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке әкеп соғатыны анық. Осыдан кейін діни көзқарастағы радикализм көрініс табатыны белгілі.
Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше, көп адамдармен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері алдап-арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді қоғамға жат істерге барудан еш уақытта арланбайтынын естен шығармауымыз керек.
Деструктивті діни ағымдармен күресіп жүрген дінтанушы мамандардың айтуынша, жат ағымдар қоғамдық ортада өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, қоғамдық қорлар, пансионаттар, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетіп, әрекеттенуге күш салатынын ескертеді.
Отанды сүю, дәстүрді сақтау – діни сауаттылықтың басты шарты
Кереғар діни уағызшылардың улы уағыздарына уланбаудың басты жолы – діни сауаттылықты арттыру болып табылады. Діни сауатты болу үшін діни курсты бітіру шарт емес.
Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан тұрады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры.
Өйткені қазақ тарихына үңілген кез келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын байқайды.
Сол сияқты ұлттық дәстүріміз ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратыны соқырға таяқ ұстатқандай айдан анық. Сондықтан діни уағыз айтқанда ата-бабамыздың салт-дәстүрін мансұқтап, тіл тигізген ділмарлардың уағызын тыңдаудың қажеті жоқ.
Ислам мен дәстүрлі құндылықтарды бойына сіңірген дін адамдары ешқашан дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қоймайды. Қайта олар дін мен дәстүрді бір-бірімен сабақтастырып, көңілге қонымды әңгіме айтатыны анық. Мұндай жайттардың ара-жігін ашып білу үшін анау айтқандай діни сауаттылықтың қажеті жоқ.
Тағы да бір жайт, деструктивті діни ағымдардың сойылын соғып жүргендер бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, халықтың бәрін «діни сауатсыз» деп жұртты сынның астына алып жатады.
Қарапайым халықты діни сауатсыз деп айыптауынан олардың өздерінің құқықтық сауатының кемшілігін көрсетеді. Жұрттың бәрі дінтанушы емес қой.
Бабаларымыз ұстанған Ханафи масхабы салт-дәстүрімізбен үйлесіп, жұртты ортақ мақсатқа үйлестірді. Адамдар арасында «сен діни сауатсызсың» деп ешкімнің өшпенділік сезімін оятқан жоқ. Ал қазіргі дінбұзарлар діни сауаттылықты алға тартып, жұрттың арасына жік салауды керемет меңгеріп алған.
Сондықтан діни сауаттылық жайында айтып, сізге біреу айып тағатын болса, пұшайман күйге түсудің қажеті жоқ. Мұндай теріс ағымды насихаттаушылардың әңгімесіне көңіл тоқтатып, тыңдаудың да қажеті шамалы.
Егер дінге қатысты көкейіңізде қандай да бір сұрақтар туындап, мазаласа, кез кез келген мешітке бас сұғып, сол жерде Қазақстан мұсылмандары тағайындаған имамнан сұрап алуға болады. Бұдан басқа дін істері бөлімдерінде жұмыс істейтін кез келген дінтанушы маманмен сөйлесіп, көкейде жүрген сауалыңызға жауап алуға болады.
Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ