Соңғы жылдары елімізде волонтерлік қызмет айтарлықтай дамыды. Бүгінде қандай да бір төтенше жағдай орын алса, сол жерде еріктілердің жүргенін көретін болдық. Осылайша, волонтерлік қызмет қазақ қоғамының ажырамас бір бөлшегіне айналды.
Ерікті болу оңай емес
Еліміз пандемияның құрсауында қалғанда да еріктілер суырылып шығып, халыққа азық-түлік жеткізіп, тәуекелге бел буғанын көзіміз көрді. Кейбіреулер кез келген азаматтың ерікті болатын мүмкіндігі бар деп есептеуі мүмкін. Шындығында, екінің бірі ерікті бола бермейді. Бұл айтар ауызға жеңіл сөз. Волонтерлік қызметпен айналысу үшін ерік-жігер, машық керек.
Дамыған Батыс елдерінде волонтерлік қызметпен көбінде медицина мен төтенше жағдайдың алдын алу саласына іс-тәжірибесі бар азаматтар айналысатынын байқауға болады.
Қандай да бір оқыс оқиға орын алғанда жарақат алған адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетудің маңызы зор. Сонымен қатар қызыл жалынды сөндіруде еріктілердің өздері де жапа шекпеуі керек.
Бұл үшін олар белгілі деңгейде осы іске машықтануы тиіс. Сол кезде олар төтенше жағдайдан жапа шеккен адамдарға көмек көрсетіп, өздері денсаулығына қауіп төндірмейді.
Сондықтан еліміздегі волонтерлік қызметпен айналысатын азаматтардың белгілі деңгейде адамдарға медициналық қызмет көрсете алатындай білігі болуына баса мән беруіміз керек.
Осы ретте «Ұлттық волонтерлік желі» ұйымының атқарушы директоры Татьяна Миронюк те еріктілердің алғашқы медициналық қызмет көрсететіндей деңгейде болуы үшін арнайы семинарлар мен шеберлік сағаттарын ұйымдастырып келе жатқанын алға тартты.
– Бүгінде елімізде жастардың волонтерлік іспен айналысуға ықыласы жоғары. Біз үшін бұл – маңызды фактор. Қазір елімізде волонтерлік қызметпен айналысатын жастар он мыңдап саналады. Олардың көпшілігі қайырымдылық іспен айналысып, қоғамға өзінің пайдасын тигізіп жүр. Өздеріңіз де білесіздер, Қостанай облысында орын алған өрт кезінде біздің еріктілер бұл істен де шет қалған жоқ. Өзге облыста орын алған төтенше жағдай бойынша гуманитарлық көмек жинап, оны жіберумен айналысты.
Ал тілсіз жаудан зардап шеккен адамдарға көмек көрсетуде де еріктілер аянып қалған жоқ. Бірақ еріктілердің бәрі адамдарды құтқарып, қызыл жалынның алдын алған жоқ. Мұндай іске тек осы салада іс-тәжірибесі бар еріктілер айналысуы тиіс.
Сондықтан біздің ұйым еліміз бойынша волонтерлік қызметпен айналысатын еріктілердің белгілі деңгейде медициналық қызмет көрсететіндей іс-тәжіриебесі болуы үшін семинарлар мен шеберлік сабақтарын жиі ұйымдастырады. «Ұлттық волонтерлік желі» ұйымы осы бағытта билік орындарымен жан-жақты жұмыс істеуде, – дейді Татьяна Миронюк.
Волонтерлік қызмет – жастардың өмірден өз орнын табуына ықпал етеді
Қазір волонтерлік қызметтің ауқымы кеңейіп келеді. Қарапайым ағаш отырғызу үшін де белгілі деңгейде адамның машығы керек. Болмаса көшеттің қалай отырғызылатынын айтып, көрсетіп тұратын маман еріктілердің қасында болуы маңызды.
Сондықтан волонтерлік қызметпен айналысатын еріктілерді бес аспап маманмен шатастырмаған жөн.
Осыдан біршама уақыт бұрын еліміздегі Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері ҚР Еңбек халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекке баулу турасында жобаны жүзеге асырды.
Сол кезде бұл іске волонтерлік қызметпен айналысатын еріктілер де қатысқан еді. Еріктілер мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеу үшін өздерінің машықтарын шыңдап, өздеріне тапсырылған істерді жоғары деңгейде атқарып шыққан болатын. Осы бір жайттан-ақ еліміздегі еріктілердің қандай да бір салалар бойынша біліктілігін шыңдаудың маңызы зор екенін байқауға болады.
– Теледидардан еріктілердің жоғалған балаларды тауып, ата-анасымен қауыштырып жатқанын көргенде кейбіреулер бұл оңай іс екен деп ойлап қалуы мүмкін, бұл оңай шаруа емес.
Адасып кеткен балаларды іздестіру жұмыстарына қатысатын еріктінің белгілі деңгейді іздестіру шараларынан хабары болуы керек. Біріншіден, кезекте бұл жұмысқа қатысатын адамдардың жергілікті жерді жетік білуі маңызды. Екіншіден, табиғаттың қатал мінезіне қарсы тұра алатындай машығы болғаны абзал.
Сол сияқты өрттің алдын алған сәтте бұл іске қатысатын еріктінің өзі күйіп қалмай, өрттен зардап шеккен азаматтарға алғашқы көмек көрсететіндей іс-тәжірибесі болуы тиіс.
Бүгінде біздер волонтерлік іспен айналысуға ықыласы ауған жастарға Төтенше жағдай қызметі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің оң көзқараспен қарап, олармен іс-тәжірибесін бөлісу ісіне мүмкіндік туғызып келеміз. Осындай іс-тәжірибе алмасулардың арқасында еріктілердің бойында машық пайда болады, – деп ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет өз ойын ортаға салды.
Иә, айтса айтқандай, волонтерлік қызметпен айналысатын жастардың машығын арттыру қоғам үшін маңызды.
Жастарымыз волонтерлік қызметпен айналысып жүріп, қандай да бір машықты меңгергеннен кейін сол салаға маманданып, өмірден өз орнын тауып кетуі де мүмкін. Мұндай жағдайда волонтерлік қызмет жастарымыздың мамандығын айқындауға айрықша септігін тигізеді десек те болады. Сондықтан билік орындары ерікті жастарға қандай да бір машықты үйрету ісіне белсене араласуы керек деп есептейміз.
Нұрлан ӘУБӘКІР