– Бағдат Байшалұлы, өзіңіз аудан тізгінін қолға алғалы да жүз күннің бейнесі жүрдек уақыттың шарайнасынан сырғанап барады. Қажырлы еңбегіңізбен қасиетті мекеніміздің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан азаматсыз. Дегенмен соңғы біраз уақытта қызмет бабымен облыста жүрдіңіз, Кербұлақ ауданында абыройлы басшы ретінде танылдыңыз. Туған жерге қайта оралу сәтін бастан кешіргенде, оның үстіне Жамбыл ауданының әкімі деген аса жауапты лауазымға тағайындалған сәтте қандай көңіл күйде болдыңыз? 

– Елін сағынбайтын адам бола ма, сыртта өткен тоғыз жылдан астам уақытта туған ауылым да, ауданым да әрдайым жанарымның ішінде жүрді. Қай тарапқа барсақ та осы елдің атына кір келтірмей, жүктелген сенімді ақтауға тырыстық. Бағымыз шығар, кейінгі жылдары біраз лауазымды қызметтің дәмін татыппыз. Соның ішінде қасиетті Күреңбел өңіріндегі кезең жадымызда мәңгі қалды.

Енді қайта оралғанда қандай көңіл күйде болдыңыз деген сауалыңызға оралсақ, Ұзынағашқа бет бұрып, Жамбыл ауданы әкімінің орынтағына отырғызатын күні облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы жол үстінде: «Сені де жасың алпысқа жақындағанда туған жеріңе жақсылық жетелеп келе жатқан шығар» деген еді. Сонда шынымен де, тебіренгенім рас. Әбден толысқан шағымда осындай жүгі ауыр жұмысты міндеттеген Елбасы мен облыс әкіміне және жеке тағдырыма ризамын.

– Жол демекші, ауданға келген бетте Ұзынағаштың көшелерін түгел асфальттатып тастағаныңызға қарапайым халық дән риза болып жүр.

– Жол төселу үшін әуелі бірқатар дайындық жасалынып, қаржы бөлініп, ұйымдастыру шаралары қолға алынатыны белгілі. Бізге дейінгі жігіттердің жұмысына жұрт солай риза болып жатса, қуанғаннан басқа не дейміз. Көпшілік үшін істелген игілікті істің шарапаты бәрімізге жұғысты болсын. Біз де қарап отырмаспыз, ендігі кезектегі мақсатты жоспарларды жүзеге асыруға күш салатынымыз анық.

– Иә, өзіңіз келгелі жүгіріп өткен жүз күн аралығындағы жұмысқа қандай баға берген болар едіңіз?

– Қазіргі уақыт өлшемімен алып қарағанда, жүз күнде де қыруар жұмыс істеуге болады және осы аралықта пәлендей күрделі істі бірден жапырып тастау да мүмкін емес.

Мен бұл ауданды соншалықты жақсы білемін дегеніммен, сыртта өткерген тоғыз жылда толайым өзгерістер болғаны белгілі. Елге ел қосылыпты. Ауылдардың іргесі кеңейіп, көркейе түсіпті. Кешегі күн мен бүгінді, бүгінгі күн мен ертеңді салыстыруға болмайтын жүрдек заманды бастан кешіріп жатырмыз, сондықтан «қазан аузы жоғары» дейтін тілектен біз де аса алмаймыз.

Сұрағыңыз да орынды, аудан жұртшылығы алдында өзім келгелі жүзеге асқан жұмыстарға есеп бергенім дұрыс. Айталық, егін ору науқаны бүгінгі күнге дейін толық аяқталды. 15900 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 20 центнерден астық бастырылып, 31800 тонна өнім алынды. 31344 гектар жаздық арпаның да әр гектарынан 20 центнерден өнім жиналып, қамбаларға 62688 тонна арпа құйылды. Қысқа қажетті мал азығын дайындау барысында 156200 тонна шөп жиналды.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының іске асырылуына байланысты ауыл шаруашылығы саласы бойынша 111347 гектар егістік жерлерді электрондық алқаптар базасына енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Суармалы жерлердің мүмкіндігін толық пайдалану мақсатымен қазіргі таңда «Әйтек» су қоймасына 146,7 млн теңгеге, 1-інші және 2-нші Үңгіртас суқоймаларына 163,4 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Әйтек», «Үңгіртас», «Кировский» деп аталатын 3 магистральді каналдың және «Достық» суқоймасының жөндеу жұмыстарына мемлекеттік сараптама алынды.

Бозой, Айдарлы, Сарытауқұм ауылдық округтерінде жалпы ұзындығы 73 шақырымға созылатын Күрті су каналының 23 шақырымы тазартылып, 8 млн теңгеге 19 шлюз жасалды. Жаңарған арнамен су келуіне байланысты аталған ауылдарда 1500 гектар егістік жерге бақша өнімдері егілсе, қазір соның игілігін халық көріп жатыр.

Биылғы жылдың соңына дейін Күрті каналының қалған 50 шақырымына 1,9 млрд теңгеге геомембрана төсеу жұмыстары атқарылмақшы. Алдағы уақытта одан бөлек 239 шақырымдық ішкі шаруашылық каналдарының төлқұжаты 20 млн теңгеге ресімделіп, Үлкен Алматы каналының иелігіне өткізу арқылы бұл арналарды да жөндеуге қажетті қаражатқа ұсыныс берілмек. Осындай жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырсақ, Бозой өңіріндегі егістік алқаптарын шаруа қожалықтары толық пайдаланатын болады.

Өткен жеті айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімі өндірісінің жалпы көлемі 8 млрд 567 млн теңге болып, нақты көлем иңдексі 100,6 процентті құрады. Бірінші жартыжылдықта өнеркәсіп саласы бойынша Қарғалы және Шолаққарғалы ауылдарында «Гейдар» шаруа қожалығының сүт өңдеу цехы, «Каз Электрод» ЖШС-нің электрод шығаратын зауыты, «Қарғалы-1» ЖШС-нің жүн өңдейтін цехы іске қосылды. Сөйтіп, жалпы 109 адам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілді.

Шағын кәсіпкерлік саласында 8748 нысан жұмыс істеп, 7 млрд 192 млн теңгенің өнімі өндірілді. Осы салада 13568 адам жұмыспен қамтылған. Шағын кәсіпкерліктен бюджетке 1 млрд 789 млн теңге түсім түсіп, жергілікті бюджеттің 61,9 процентін құрады.

Бөлшек тауар айналымының көлемі 8 млрд 90 млн теңге болып, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда нақты көлем индексі 105,6 процентті құрады. Аудан бойынша тартылған инвестиция көлемі 9 млрд 735 млн теңге болды.

Құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Биыл ауданның 21 елді мекенінде 432,4 млн теңгеге жергілікті полиция учаскелерінің тұрақ қосындары салынбақ.

Өткен жеті айда жалпы, аудан бойынша 10988 шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға беріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 50 процентке артты.

Ауызсу жүйесінің құрылысы бойынша 864,5 млн теңгеге сегіз елді мекенде құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланса, осы мақсатқа бөлінген қаражаттың 225 млн теңгесі игеріліп, Айдарлы, Көкдала, Қарарша, Жаңақұрылыс ауылдарында құрылыс жұмыстары басталды.

Жоғарыда өзіміз айтып, бір жадырай күлген жол жөндеу жұмыстары да ойдағыдай жүзеге асырылды.  2018 жылғы бюджет бойынша 10,5 шақырым автомобиль жолын жөндеу жұмысына 689 млн теңге қаржы қарастырылыпты. Соның дені игерілді. Жол жөндеу жұмыстары әлі де жалғаса беретін болады.

Жаңа оқу жылына дейін төрт мектеп күрделі жөндеуден өткізілді, оның үшеуі мемлекет қаражатымен жүзеге асырылса, біреуін жеке демеуші өз бастамасымен жөндеді.

Міне, дәл бүгін осындай цифрларды алға тарта сөйлеуге болады. Салық түсімдерінің көрсеткіші де көңіл көншітерлік деп отырмыз.

– Бағдат Байшалұлы, енді алдағы көкжиектерге де бір көз жүгірткенде жаңа жоспарлар туралы не айтар едіңіз? Аудан жұртшылығын, жалпы адам баласын ,негізінен, сол қызықтырады ғой…

– Әлбетте, жаңа жоспарсыз бола ма. Жарқырап атқан әрбір таңымыз күнде бір жаңа міндет жүктейтін осы уақытта біз де замана ағымымен бірге адымдауды қалаймыз. Әйтсе де, «Арық айтып семіз шық» деген мәтел бар, көңілдегінің бәрін жайып сала алмаймыз. Жүзеге асырсақ деген ой да, жоспар да көп. Соның ең негізгісіне тоқталсам, Шолаққарғалы ауылдық округінің жерінде 15 гектарға жылыжай салмақшымыз. Жері бөлінді, инфрақұрылымының  құжаттары жасалуда.

Сол сияқты жылына 150 млн дана жұмыртқа шығаратын қуатты құс фабрикасын салу үшін Мыңбаев ауылдық округінің жерінен 160 гектар жер телімін бөлуге жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр. Мұны «Сұңқар» құс фабрикасымен шатастырмау керек, ол өзінше жаңа өндіріс орны болады. Әлемдік нарықта ешқашан бағасы түспейтін өнімнің бірі – тауық жұмыртқасы. Ендеше, аудан тұрғындары үшін бұл фабриканың қаншалықты пайдалы болатынын болжамдай бересіздер.

«Табыс» шаруа қожалығының аяқ алысынан жерлестеріміз хабардар деп ойлаймын. Енді сол қожалық іргесін және кеңейте түспек мақсатпен Жамбыл ауылдық округінің жерінен 600 бас сауын сиырына арналған «Табыс-1» атты тағы бір тауарлы сүт кешенін салмақшы. Бұл да жаңа жоба, жаңадан ашылатын жұмыс орындары, жаңа игілік. Аудан тұрғындары үшін ақжолтай хабардың бірі деп қабылдасаңыздар болады.

Жамбыл ауданының жұртшылығы арасында жаңа бір жобаның мәнісі көптен бері сөз болып, ол қашан жүзеге асар екен деген қызығушылықтың арта түскені рас. Бұл жоба – Ұзынағаш ауылының шығысынан кіреберістегі алқапқа болашақта салынатын жаңа мәдени-демалыс кешені. Жуырда осы істің ыңғайын келтірген сыңайлымыз. 4,7 және 7 гектар алқапты меншік иелері өз ықтиярымен берді. Енді бұл жерге әрқайсысы 4 қабаттан тұратын 45 пәтерлік 6 үй, орта мектеп, мәдени демалыс орны, басқа да қажетті нысандар салынады деген болашағы зор жарқын жоспарымыз бар. Алла қолдап, ел аман болса, бәрі рет-ретімен жүзеге асатынына тағы сенімдіміз.

– Жуырда Түркиядан келген ағайындар осы кешеннің құрылысына қызығушылық танытты, инвестиция құюға ынталы екен деген бір сөздің шеті шығып еді, сол әңгіме шындыққа қаншалықты жақын?

– Түркиялықтар кез келген бизнестің бағасын жетік білетін, әсіре сақ екендіктерін байқатты. Десек те, үмітсіз емес, барған соң саралап көреміз деп, еліміздің қонақжайлылығына зор ризашылығын білдіріп аттанды. Біз де сол ықыласына ризамыз. Тіпті еш болмаған күннің өзінде, екі ел арасындағы осы достық қарым-қатынас нығая түссе, одан ұтарымыз көп болмақ.

Мен шынын айтқанда, шетелдіктердің көңілжықпастықпен айтқан сөздерін малданып отырғам жоқ, бұйыртса, бұл кешенді ерте ме, кеш пе өзіміз де саламыз. Тиісті құжаттары бекітіліп, қаражаты бөлінсе, өзгенің көмегінсіз-ақ жүзеге асатын жұмыс емес пе? Тек сәттілік серік болсын деңіздер.

Жуырда мына орталық аурухананың маңында біраз жылдан бері іргетасын күтіп зарыққан, жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын 250 орындық жаңа емхананың құрылысы басталды. Сүйінші сұрайтын жаңалықтың бірі – осы.

Жыл басынан бері 100 орындық сәулетті перзентхананың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанынан көпшілік хабардар деп білемін. Ол да келесі жылдың соңында пайдалануға беріледі. Сонда бүкіл аудан үшін жақсылықтың есігі және бір ашылады. Әйелдер консультациясы мен заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған, аудан ғана емес, тіпті облыста теңдесі жоқ жаңа перзентхана ашылса, нұр үстіне нұр болмақ. Осынау жаңа ғимаратта күн сайын нәрестенің іңгәлаған дауысын естіп, жас босанған ананың бақыттан бал-бұл жайнаған жүзін көру не деген қуаныш!

– Рас айтасыз, ел демографиясына  әсіресе, ана мен баланың болашағына, халық денсаулығын нығайтуға мемлекеттің соншалықты көңіл бөліп жатқаны ертеңгі күнге деген сенімді ұштай түседі. Ал енді балабақша, мектеп, руханият пен мәдениеттің жай-күйі, аудан халқының әлеуметтік ахуалы туралы не дер едіңіз?

– «Балапан» бағдарламасы бойынша балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі 97,4 пайызды құрады. Аудандағы 47 орта мектепті бітірген 1220 түлектің арасынан 803 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, оның қорытындысы бойынша аудан облыста 9-орынға ие болды. Орташа балл – 83,9. Былтырғыдан 11,8 баллға артық. Бұл да болса, біздің қадамымызға сәттілік ілесе келгендей жақсы күйге бөледі.

Жоғарыда жүгірте атап өткеніміздей, Қасымбек, Үңгіртас, Беріктас орта мектептері 792 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткізілсе, Сұраншы батыр атындағы орта мектепке ауылдың жанашыр азаматы, тұлғалы қоғам қайраткері 150 млн теңге қаржы бөліп, зор қамқорлық танытты.

Жыл басынан бері 896 жаңа жұмыс орны ашылды. Әлеуметтік қамсыздандыру бойынша биылғы шілденің 1-іне дейін барлығы 4886 адамға 118 млн 22 мың теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төленді.

Қазір ауданда азаматтардың мәртебесін анықтау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланған былтырғы сәуір айынан бастап қолға алынған тарихи, мәдени, рухани-әлеуметтік шаралар мен спорттық жарыстардың бәрін тізіп шығу тіпті мүмкін емес. Бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылды, оның басы-қасында менің әлеуметтік салаға жауапты орынбасарым мен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, аудандық орталық кітапхана, жастар саясаты ресурстық орталығы  мен «Нұр Отан» партиясы жүргенін ерекше атап айтқан лазым.

– Биыл ауданның мерейлі 90 жылдығы тойланбақ. Туған жері туралы тебіренбейтін қазақ жоқ шығар. Сіз әкім ретінде емес, азамат ретінде өзіңіздің туған жеріңіз – Жамбыл ауданы туралы не дер едіңіз?

– «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» деген еді бір сөзінде парасатты Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы.

Сол айтпақшы, жер жаннаты Жетісудың қызыр дарыған қасиетті өңірінің бірі саналатын Майтөбе мен Суықтөбе, Қоңыртөбенің етегіндегі елдің ерен тарихы тым тереңде. Мұнда сонау қола дәуірінен жеткен «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық музейінен, Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ Ордасының керегесін жазған Қозыбасы текшетауынан, азаттық үшін Ұлы Отан соғысында қазақтың батыр перзенттері Күндей күркіреп, Айдай жарқыраған Аңырақай даласынан ел шежіресінің тылсым сырлары күмбірлеп естіліп тұрады. Одан өзге де әрбір дәуір аралығындағы қоғамның эволюциялық үрдісі, ел тарихы мен мәдениетінің даму баспалдақтары да бүгінгі Жамбыл ауданының аумағымен етене байланысты болғаны белгілі.

Алатау бөктеріндегі арда ағайынның атамекені саналатын Қастек ауданының құрылғанына – 90 жыл, оның ұлы Жамбылдың есімін еншілегеніне 80 жыл толды.

Тағдырым жазған бақ шығар, талай жердің дәмін таттым. Бірақ қайда жүрсем де есімнен бір шықпайтын туған жерім – Жамбыл ауданының орны бөлек. Өткенге бір көз жүгіртіп, кешегі күндердің дерегін ой елегінен сүзе өткізетін кезіміз болады ғой. Сонда кеше қандай едік, енді қандаймыз деген пенделік мақтаныш та көңілімізді қытықтап қояды.

Жалпы, Жамбыл ауданы – қазақтың төл бесігі тербетілген қасиетті мекен. Сонау ХV ғасырдан бергі елеулі оқиғалардың ешбірі бұл өңірді айналып өтпегеніне абыз тарих куә. Таразы басы тең тартпаған сәтті талай рет көрген, көре-көре шыңдалған, жүре-жүре жетілген еліміз ата салтқа адалдығынан айнымаған. Дәстүр-ғұрпынан жаңылмаған, көңілі кіршіксіз таза, өмірі өнегеге толы. Дарқандығы даладай, аңғалдығы баладай.

Біздің кеудеміздегі жұдырықтай жүрек те туған жер мен елдің тынысына қашан да тәуелді. Ауылым мен ауданымның табиғаты алыстасам сағындырады, жақындасам тамсандырады. Қайда жүрсем де шыр етіп дүние есігін ашқан жерімнің тартылысы бүкіләлемдік тартылыс күшінен кем еместігін сезінем. Туған жер туралы айтпағым міне, осы.

Шұрайлы әңгімеңізге шын жүректен рақмет, Бағдат Байшалұлы! Өзіңіз соншалықты сүйетін туған еліңіздің лайықты құрметіне бөлене беріңіз.

 

Сұхбаттасқан Рәтбек САҒИД-УАҺАС.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here