5-15 қараша аралығында «Қоғамдық келісім» КММ қолдауымен Алматы облыстық «Элефтерия» гректер қоғамының ұйымдастыруымен өткен онлайн режимдегі «Біз қазақстандықтармыз» фестивалі аяқталды. Бұл іс-шара 14-інші рет аталып өтуде.

Достықты нығайтатын фестиваль

Оның мақсаты жастар арасында толерантты сананы қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетке құрметпен қарауға тәрбиелеу үшін жағдай жасау, Қазақстан Республикасында тұратын халықтардың мәдени мұрасын насихаттау болды.

Алматы облысындағы этномәдени бірлестіктер мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бөлімшелері мемлекеттегі ынтымақ, бірлік, тыныштық, тұрақтылық, келісім секілді адамзатқа тән асыл құндылықтарды қалыптастырумен және жастардың бойында патриоттық сезімді нығайту ісімен ұдайы айналысып келеді.

Соған сай өңірдегі 628 қоғамдық келісім кеңестері әрбір елді мекендегі жақсылықтың, игілікті істің басынан табылып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының түзелуіне үлес қосуда.

Фестиваль үш кезеңнен тұрды – алғашқы дайындық кезеңінде сынып жетекшілер және ата-аналар, оқушылармен бірігіп, бейнепрезентация дайындады, ұлттық тағамдардың белгілі бір түрін дайындау бойынша шеберлік сыныптары болды, сол сияқты халық шығармашылығы бойынша да қатысушылар сынға түсті. Екінші кезеңде бақ сынасушылар дайындалған бейнепрезентацияны әлеуметтік желіге беру бойынша бағаланды.

Фестиваль қорытындысы Талғар ауданы Панфилов ауылындағы №17 мектептің акт залында өтті.

Ауқымды іс-шараның негізгі мақсаты аудандағы оқушы жастардың басын қосып, ортақ бір жанұя секілді үлкен мақсатқа бірге ұмтылудың маңызын ұғындыру болғанын айта кетуіміз керек. Қазақстан көпұлтты мемлекет. Барлық ұлттар бірігіп, бір шаңырақ астында тұрмыс кешуде. Ұлтаралық ынтымақтастығы, татулығы орныққан Қазақстанның әр тұрғыны осы жайтқа мақтаныш сезімін білдіреді.

Сондықтан этнофестиваль көпшіліктің көңілінен шыққаны анық. Өйткені «Біз қазақстандықтармыз» фестивалі еліміздің барлық аймағында ұдайы ұйымдастырылатын маңызды шара десек болады.

Бұл шараға қатысушыларда мерекелік көңіл күй орнап, көрермендер өзге ұлттардың мәдениетін тамашалауға кеңінен мүмкіндік алады. Сондықтан Талғар қаласында өткен шараға ұстаздар қауымынан бастап, балаларға дейін жоғары әрі тиянақты дайындықпен келгені көрініп тұрды.

Мерекелік  іс-шараға келгендер соңында  өзге ұлт тағамдарының  дәмін татып, ұлттық аспап және киімдерін тамашалады. Қорытып айтқанда, «Біз қазақстандықтармыз» атты этнофестиваль көпшілік асыға күтетін маңызды шараға айналып отыр.

Қазақтың достығы шалқар даласындай кең

Фестиваль барысында «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Жандос Байқамитов, этносаралық қатынастар бөлімінің басшысы Сәуле Сурабалдинова, Қазақстанның «Филия» грек қоғамдары қауымдастығының төрағасы Георгий Иорданиди, Алматы облыстық «Элефтерия» грек қоғамының төрайымы Наталья Тифанциди құттықтап, сөз сөйледі.

– Жерінің түгін тартсаң майы шығатын қасиетті Жетісу жерін мекендеген халықтың жүрегі жұмсақ. «Мынау өзге ұлт өкілі деп» бірін-бірі сыртқа тепкен адамды байқамадық. Қазыналы қазақ жерінен қоныс тапқандар жүрек жылуын білдірсе, қазақтар екі есе ыстық ықыласпен жауап береді. Оны өзге ұлт өкілдері жақсы түсінеді деп ойлаймын. Осы ретте біздер «Біз қазақстандықтармыз» фестивалі аясында жастардың бойына отаншылдық сезімін қалыптастырып, ортақ Отанымыз – Қазақстаның нағыз патриоттарын қалыптастыруға күш салуымыз керек. Кеңқолтық қазақтың мейірінің тасуына, қолындағы нанының жартысын бөліп беруіне осының өзі жетіп жатыр, – деп «Қоғамдық келісім» директорының орынбасары Жандос Байқамитов көкейде жүрген ойын ақтарып салды.

– Қазақстан қиын-қыстау кезде бастарына іс түскен жүздеген ұлтқа пана болды. Әке-шешесіндей қамқорлық көрсетті. Қазақтардың әлі күнге дейін бізді өзімсініп, ішке тартатындығы жүрегімізді жылытады. Рас, қазақтың досқа құшағы өзінің салқар даласындай кең. Пейілі ыстық. Ағайынға төрін береді. Сандаған ғасырлар бойы бірге жасап, қуаныш пен қайғыны қатар көтеріп келе жатқан соң ба, мұнда біздер өзімізді уақытша жүргендей ешқашан сезінген емеспіз. Біз – ағайынбыз! Осыны қазақ та айтады, грек те айтады. Бауырластар бір-бірінің жақсы қасиеттерінен үйреніп, бір-біріне демеу болғаны маңызды, – деп «Филия» грек қоғамдары қауымдастығының төрағасы Георгий Иорданиди ойын ортаға салды. Ал жиында сөз алған «Қоғамдық келісім» ұйымның  этносаралық қатынастар бөлімінің басшысы Сәуле Сурабалдинова:

– Бүгінде Қазақстан өз ішінде ұлтаралық татулық негізінде саяси тұрақтылықты берік орнықтырды. Сондықтан да Қазақстан дүниежүзінде ешкімге ұқсамайтын, тек қана өз еліміздің ішкі ерекшеліктерінен туындайтын, уақыт сынынан сүрінбей өткен саяси, әлеуметтік, экономикалық және ұлттық дамудың қазақстандық моделін қалыптастырды. Бұл барша қазақстандықтардың абырой-беделін бұрын-соңды жетпеген биікке көтеріп, бізді әлемдік дамудың алдыңғы қатарына шығарды. Дәл осы тарихи кезеңде қазақ халқы тағы да өзінің үздік қасиеттерін танытып, елімізді мекендеген көп ұлт пен ұлыстың басын қосып, тәуелсіз ел бола алатынын көрсетті. Көрсетіп қана қойған жоқ, дүниежүзіне үлгі бола білді. Бәріне де әділ бағасын беретін уақыт, – деп білікті маман сөз сөйледі.

Осылайша, «Біз қазақстандықтармыз» фестивалі жоғары деңгейде өтті. Мектеп оқушыларға ұлтаралық татулық пен толеранттылықтың маңызы түсіндіріліп, жиналған қауым өз ойларын ортаға салды.

Талғар ауданында өткен іс-шараға бастан-аяқ қатысқанымызда, өзі жүрген ортаның жарастығын ойлаған адамдардың арасында жарасымды өмір сүруге болатынына көзіміз тағы да жете түсті. Еліміздің ішкі саясатында этносаралық келісім басты рөл атқарып, оның жүзеге асу тетіктері өмір талабына сай айқындалғанына көзіміз жетті.

Қуаттылығы жағынан әлемде төртінші орын алатын ядролық қару-жарақтан бастартқан бірден-бір мемлекет – Қазақстан, шын мәнінде, әлемге байыпты ой айтуға лайықты ел. Біз әлемдік саясатты бақылап қана отырмай, әлемдік аренада жұрт санасатындай тұғырға көтерілдік.

Талғар ауданында өткен шара барысында қатысушылардың өнері рейтингтік кесте бойынша бағаланып, жүлдегерлер дипломдармен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтар табысталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here