Айтулы мерейтойды Қазақстан мен Моңғолия бірігіп өткізеді

Алтын Орданың 750 жылдығына арналған іс-шараларды пысықтау үшін Халықаралық түрік академиясында Қазақстан мен Моңғолия өкілдері бас қосып, шараның жоба-жоспарын ақылдасты.

Алқалы отырысқа Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Монғолия үкімет басшысының орынбасары Өлзисайхан Энхтүвшын, қайраткер Мырзатай Жолдасбеков, Моңғолияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Лубсангийн Баттулға, Моңғолияның сыртқы істер вице-министрі Батмөнхийн Батцэцэг, бұдан өзге ғылыми мекеме жетекшілері, екі жақтың зиялы қауымы қатысты.

«Қазақстан мен Моңғолия арасындағы саяси-мәдени байланыс осы уақыт аралығында жаңа деңгейге көтерілді. Алдағы уақытта да екі елдің әріптестігі жандана, жақсара түседі деп сенемін. Ал Алтын Орданың 750 жылдығы осы байланысқа тың серпін берері анық. Осынау айтулы оқиғаны екі елдің ғалымдары, тарихшылары, сарапшы мамандары бірлесе отырып ойдағыдай өткізеді деген сенімдемін» деді бұл орайда Моңғолия премьер-министрінің орынбасары.

Сонымен бірге кездесу кезінде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев елімізде Алтын Орданың 750 жылдығына жоспарланып отырған іс-шаралар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Алтын Орда екі елдің тарихына да ортақ мемлекет. Осыған орай, біз күні кеше Қырғызстанмен, өзге де көршілес мемлекеттерден осы шараны бірлесіп өткізу жайлы келісімге келген едік. Біздің ұсынысымызды Моңғолия тарапы құп алар болса,  әйгілі Алтын Орда тарихын індете зерттеулердің іргелі жұмыстары, 750 жылдық ұлан-асыр мерейтойды ықпалдасып атқарамыз деген үміттемін» деді Бердібек Сапарбаев.

Шара барысында Алтын Орда тарихына қатысты бірнеше тарихи туындының таныстырылымы өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here