«Самұрық-Қазына» Қостанай облысында спорт кешенінің құрылысына 700 млн теңгеден астам қаржы бөлді

Аманқарағай ауылында заманауи және толық жабдықталған спорт нысаны ашылды, онда өткен жылы ондаған үй орман өрті кезінде жойылып кеткен-ді. Кешен волейбол, баскетбол, бадминтон, үстел теннисі және күрес түрлерінен жарыстар мен оқу-жаттығу іс-шараларын өткізуге арналған. 1000 шаршы метрден асатын екі қабатты ғимарат ішінде 100 көрерменге арналған мінбер, спорт жабдықтарын сақтауға арналған орындар, жаттықтырушыларға арналған бөлмелер, киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелер бар. ТЖ жағдайына эвакуациялау жүйесі, медициналық пункт, түрлі үй-жайлар және жаттығу залы қарастырылған.

Көпфункционалды кешеннің ашылу салтанатына «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов пен облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. «Самұрық-Қазына» басшысы айтып өткендей, өткен жылдың қыркүйек айында Әулиекөл ауданындағы орман өрті салдарынан 91 тұрғын үй жойылып кеткен болатын. Қайғылы оқиғадан кейін компания ауыл тұрғындарына көмектесу туралы шешім қабылдады.

«Жергілікті атқарушы органмен бірге кешенді жұмыс жүргізілді. Біз әкімдіктен бірнеше ұсыныс алдық және ауылға спорттық-сауықтыру кешені қажеттігіне тоқталдық. Мұнда балалар көп, оларға спортпен шұғылданатын орын болуы керек»,- деп түсіндірді Нұрлан Жақыпов.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мұндай нысанның іске қосылуы бүкіл Әулиекөл ауданы үшін спорт мерекесі екенін атап өтті.

«Самұрық-Қазына» АҚ елімізде спорт, медицина, мәдениет салаларында әлеуметтік нысандар салуда ауқымды жұмыс жүргізуде. Осы үшін де компания басшылығына зор алғысымды білдіремін. Спорттан өзге, «Самұрық-Қазына» АҚ медицинаға, оңалту жобаларына инвестиция құйып отыр», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Дәстүрлі лента қию рәсімінен кейін Нұрлан Жақыпов пен Құмар Ақсақалов ғимаратты аралап, жергілікті секция тәрбиеленушілерімен әңгімелесті. Кішкентай спортшы Кәусар Жақсылықова былтырдан бері жекпе-жекпен айналысады. Жас спортшы жаттығудың бұрынғы орны жақын маңдағы ескі спорт залында болғанын айтады. Қыста салқын. Жаңа дене шынықтыру кешеніндегі жағдай спортшының көңілінен шықты.

«Самұрық-Қазына» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына 734 млн теңге аударды. Компанияның бірыңғай қайырымдылық операторы –«Samruk-Kazyna Trust» қоры денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, бұқаралық спорт салаларындағы әлеуметтік жобаларға ерекше назар аударады. Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, жыл соңына дейін балаларға арналған екі оңалту орталығы пайда болады.

Шара барысында Әулиекөл аудандық орталық ауруханасына «Самұрық-Қазына» қоры заманауи реанимобиль табыс етті. Жедел жәрдем көлігі барлық талапқа жауап береді. Көлік ішінде дефибрилляторлар, ағзаны бақылауға арналған монитор барын атап өтейік.

Жалпы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы өткізетін қайырымдылық қызметі аясында Қостанай облысында 2019-2023 жылдары 1,6 млрд теңгеге 12 жобаны іске асырды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here