Агроөнеркәсіп саласының дамуына ықпал ететін бірден-бір сала – тұқым шаруашылығы. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бір әңгімесінде «егер біз тұқым шаруашылығын жолға қойсақ, еліміздің азық-түлік қауіпсіздік мәселесіне қатысты жұмыстардың 50 пайызын атқардық деп есептеуге болады» деп өз ойын ортаға салған еді. Иә, сапалы астық өндіру үшін жақсы тұқым керек.
Қазіргі таңда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған Аграрлық білім беру орталығына қарасты Ғылыми-зерттеу институттары бұл бағытта жұмыс істеуде.
Жалпы, соңғы уақыттары тұқым мәселесінің жиі көтерілуінің өзіндік себептері де жоқ емес. Біздің нарыққа тұқымның көптеген түрлері Ресей арқылы жеткізілетіні белгілі. Ал қазір Ресейдің не күйге түскенін бәріміз білеміз. Алдағы уақытта көршіміз бізге тұқым жеткізетіндей шамасы болмайтыны анық. Сондықтан қазірден бастап қам жасауымыз керек.
Осындай сын сағатта өзіміздің тұқым шаруашылығын құрып, бұл бағыттағы жұмыс істеп жатқан мекемелерді қамшылай түскен абзал. Бүгінде біздер өзімізге қажетті тұқымдардың басым бөлігін сырт елдерден тасымалдап отырғанымызды әңгіме арасында айттық. Осылайша, шетелдің тұқым өндірумен айналысатын шаруашылықтарын қолдап келеміз. Бұл ұзаққа созылмауы керек. Жақсы тұқым алу үшін мемлекет жыл сайын миллиардтаған теңге жұмсауда.
Тұқым өндірумен айналысатын шаруашылықтарды құру оңай емес. Отандық тұқым шаруашылығын ғалымдардың көмегіне арқа сүйеп қана дамыта аламыз. ҚР Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, еліміздегі тұқым шаруашылығымен айналысатын ғалымдардың орташа жасы 51-ді құрайды екен.
Бұдан тұқым шаруашылығын дамыту саласындағы ғылыми әлеуетіміздің қартайып бара жатқанын аңғаруға болады. Сол себепті бұл мәселені жедел түрде қолға алып, білікті ғалымдардың іс-тәжірибесін кейінгі жастарға мұралап алып қалудың жолын қазірден бастап қарастырған жөн.
Сонымен қатар сапалы тұқым өндіретін шаруашылықтар құрудың да маңызы зор. Бір сөзбен айтсақ, құланның қасынуы, мылтықтың басуы сынды орайлы сәт туып тұр. Осыны пайдаланып қалуымыз керек.
Бүгінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың сатып алған тұқымының 50 пайызын субсидиялайды. Осылайша, шаруалар тұқым мәселесімен әлі бетпе бет келген жоқ. Үкімет тұқымға өмір бойы көмек қаржы бөле бермейтіні белгілі. Бір күндері тұқымды субсидиялау тоқтауы мүмкін. Бұл үшін біздер өзіміздің тұқым шаруашылығымен айналысатын мекемелерге қолдау көрсетуіміз керек.
Қазіргі таңда астықтың басым бөлігін сырт елдерден экспорттайтын Франция, Германия сынды елдер тұқым шаруашылығын дамытып, астық экспорттайтын елдерден артық пайда тауып отыр. Осы жайтты байыптаған адам бұл сала пайданың көзі екенін бірден біледі.
Жаңа тұқым сорттарын дайындап шығару үшін ауыл шаруашылығы саласында ізденіп жүрген ғалымдарымыздың ғылыми жобаларын мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетуіміз керек. Олардың жобаларын өндіріске енгізіп, шаруаларды сапалы тұқыммен қамтамасыз еткенше тыным таппауымыз керек!
Жарбол КЕНТҰЛЫ