Соры бетіне шығып бозара бастаған қазақтың ұлан-ғайыр жайылымын қалай қалпына келтiруге болады? Бұл үшiн жайылымдарға көпжылдық екпе шөптер мен шөптесiн өсiмдiктердi қолдан мәпелеп есiрiп, алқаптың ажарын кiргiзу керек. Сонда ғана мал шаруашылығы мәні артып, ауыл адамдарының да әл-ауқаты жақсарады.

Осыған дейін БҰҰ еліміздегі өкілдегі осы бағытта арнай бағдарлама жасап, қазақ жеріндегі жайылымдардың жағдайын жақсарту бағында жұмыс істеген еді. Сол кезде іргелі ұйым әлемнің 166 елінде өздерінің жобаларын жүзеге асырды. Оның ішінде біздің елдегі жайылымды жақсартуға күш салған болатын. БҰҰ-ның осы бағыттағы дамыту бағдарламасы қолға алынғалы бері біраз уақыт өтіпті. Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін кәнігі мамандар жерді де, жайылымды да әбден зерттепті.

Әлемдегі географиялық климат пен топырақтың бедер-белдеуі түгел ұшырасатын, таулы аймағы да, қырат-қырқа, жартылай шөлейтті жазығы да, шiлдеде табаннан өтетін сусыған құмы да бар Алматы облысының Жамбыл ауданындай өңір сирек кездеседі екен жер бетінде.

Бүгінде елiмiзде барлығы 188 млн гектар жайылым бар. Бұл – бүкіл аумағымыздың 70 пайызы. Енді соның 48 млн гектары азып-тозғандығы соншама, бүгінде кәдеге жарату мүмкін болмай отыр.

Құнарынан айырылған осыншама жердi қайтадан қалпына келтіру үшін шама-шарқымызша әрекет етпесек, ол одан әрі тоза береді. Ақыры үлкен апатты жағдайға соқтыруы мүмкін. Күндердің күнінде мына медиен даланың қу тақырға айналғанын көзге елестету тіпті қорқынышты. Мал мен адам, аң мен құс тиянақ таба алмаса, тозақ емей, немене?

Сондықтан, бәріміз бірлесіп атқарар жұмыс көп. Жайылымды қалпына келтіру үшін ерте көктемде бидайық егудің маңызы зор екенін ғалымдар алға тартуда. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Бақтияр Садық болашақта қуаң дала төсін түрлендіретін бидайық пен түйежоңышқаның ерекшеліктері туралы бізге түсіндіріп берді. Бұрын байыбына жетпеген біраз жағдайға барынша бойлап, бидайықтың қадірін түсінгендей болдық.

Мәселен, құрғақшылыққа өте төзімді бұл өсімдік тамыр жүйесінің мықтылығы арқылы ылғал жетіспеген кезде де органикалық заттарды күрделі синтездеуге, қажетті ылғал мен қоректену элементтерін игеруге қабілетті екен.

Бір жылдан асқан өсімдіктері қыстың күні 40-45 градусқа, ал көктемде 20 градусқа дейінгі суыққа – пысқырмайтын көрінеді. Шүйгіні бір жерде 10-20 жылға дейін өнім беретіні, шөбінің 1 келісінде 0,28 қорек бірліктері және 48 грамм қорытылған протеин болатыны, арамшөптермен күресте ешбіріне дес бермейтіні, қой мен жылқы үшін аса құнарлы азық екені ғылымда 3 еркекшөп деп аталатын бидайықтың басты ерекшелігі болып шықты.

Міне, осы бидайық енді, бұйыртса, біздің дала төсінде жайқала өспекші. Оны өсіріп-баптау ісі бидайықтың артықшылығын байыптап зерделеген, мамандығы агроном Алтынбек Сәрсебаевқа жүктеліпті.

Егістік танаптарының жайын, агро-техникалық шаралардың қай кезде, қалай орындалуы керектігін орысша-қазақша егжей-тегжейлі айтып берген Алтекеңнің білетіні академиктерден кем еместігі байқалып тұр.

Бұрындары «Рославль» қой совхозының Жартасты бөлімшесін басқарған, қазір «Қали» шаруа қожалығының тіршілігін дөңгелентіп отырған ағамыз, ізбасар ұлы Асланбекке бар білген-түйгенін үйретіп, баулыпты.

Судың қадірі барынша артып тұрған қазіргі кездегі ылғалдың күрделі мәселесін шешу мақсатында Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми маманы, техника ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Нұрпейісова күніне 12-15 текше метр мөлшерінде су соруға қуаты жететін жел электр қондырғысы мен жел күші арқылы тәулігіне 2 кВт электр қуатын бере алатын аккумулятор-батарея орнату туралы ойларымен бөлісті. Өлшеп-пішіп дегендей, табиғи жел бағытының ағынын байқастап, оған толық мүмкіндік бар екенін айтты.

Жамбыл ауданындағы жайылым алқабының жалпы аумағы 1 млн 600 мың гектарды құраса, аталған жоба соның 21 пайызын, яғни 339 105 гектарын қамтыған. Жобалық аймақта мәдени шабындық пен жайылымдық алқаптардың үлгілік танаптарына тұқым себуге, басқа да ұйымдастыру шараларын жүзеге асыруға аудан бойынша барлығы 4 млн 187 мың теңге қаржы қарастырылыпты. Осы арқылы жанар-жағармай алуға да жәрдем жасалған. Қарап отырсаңыз, берері мол игілікті жұмыс. Болашақтың қамы ойластырылған. Жайылым сақталса, ауыл шаруашылығының ең өзекті саласы – мал басын өсіруге жол ашылады, сол арқылы адамдарды жұмыспен қамтуға, тұрмыс деңгейін көтеруге мүмкіндік туады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here