Өзекті сауалға сарапшы жауап берді 

Қазақстанда түрлі діни бағыттар бойынша дінтанулық және теологиялық білім беретін мекемелерде 3381 адам білім алып жатыр. Бірақ көпшілік діни білім мен дінтанулық білімнің, дінтанушы мен теолог маманның ара-жігін айыра алмай жатады. 

Осыған орай, еліміздегі теологиялық мекемелер және олардың қызметі туралы Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының сарапшы маманы Жанбота Қарашолақовпен сұхбаттастық. 

-Жанбота Жолдасұлы бүгінгі таңда елімізде қандай теологиялық мекемелер жұмыс атқаруда?  

-Қазіргі уақытта елімізде 13 рухани оқу орны жұмыс істейді, оның ішінде ислам бағыты бойынша – 11 (1 – «Нұр-Мүбарак» университеті, 9 – медресе-колледж, 1 – ҚМДБ жанындағы имамдардың біліктілігін арттыру Ислам институты»); христиандық бағыт бойынша – 2 (1 – Алматы православиялық рухани семинариясы және 1 – Қарағандыда «Мәрия – Шіркеу анасы» мұрағатаралық жоғары рухани семинариясы). «Нұр Мүбарак» университетінің базасында «исламтану», «дінтану» және «Теология» мамандықтары бойынша кадрлар даярланады.

 2020-2021 оқу жылына осы мамандықтар бойынша 385 мемлекеттік білім гранты бөлінді. Аталған оқу орны 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін көптеген исламтанушылар мен теологтарды дайындап шығарды, олардың кейбіреулері бүгінде Қазақстан Мұсылмандарының рухани басқармасы жүйесінде, діндерді зерттеудің өңірлік орталықтарында, ҚАЖК жүйесінде, ҮЕҰ және т.б. жұмыс істейді. Ислам оқу орындарынан басқа Қазақстанда Қазақстан Православ шіркеуі мен Рим Католик шіркеуі арқылы христиандық бірлестіктер желісі бойынша діни қызметшілер кадрларын даярлау жүргізілуде. 

Атап айтқанда, діни білімді Алматы православиялық рухани семинариясында және Қарағандыдағы Католик мұрағатаралық жоғары рухани семинариясында алуға болады.

Дінтанулық білім мен теологиялық білімнің арасында айырмашылық бар ма? 

Әрине. Дінтану мен теологиялық білімнің айырмашылығы-рәсімдер мен ғибадаттардың болмауы, дұғаларды оқу немесе рухани тәжірибелерді жүргізу. Яғни дінтану білімі дінді ғылыми зерттеуге бағытталған.

 Айта кететіні, теологиялық/діни оқу орындарындағы барлық оқу бағдарламалары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің барлық талаптарына сәйкес келеді және зайырлы, сондай-ақ діни пәндерді біріктіреді.

Қазіргі жастардың теологиялық білімге деген сұранысы қандай? 

Сұраныс өте жоғары, отандық теологиялық мекемелерге түсуге үміткер талапкерлер саны жыл сайын артып келеді. Теологиялық білімге деген сұраныстың артуына байланысты, сондай-ақ экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде діни кадрлардың орнын толтыру басты мақсаттардың бірі болып тұр. 

Білім және ғылым министрлігінің желісі бойынша «Нұр-Мүбарак» университетіне түсетін талапкерлер үшін қосымша гранттар, сондай-ақ, өңірлерде діни кадрлардың орнын толтыру мақсатында жекелеген облыстардың (ШҚО, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды) әкімдіктерінен гранттар бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл өзге өңірлер үшін жақсы үлгі болды.

Дін саласында кадр тапшылығы мәселесі бар ма?

Қазіргі таңда ондай кадр тапшылығы жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дін саласында білікті отандық мамандар аз болды. Салдарынан алғашқы жылдары маман тапшылығы мәселесі шетелдік теологиялық мекеме түлектерінің есебінен қанағаттандырылса, бүгінде осы бағытта атқарылған жұмыстарға байланысты дін саласында кадрлар даярлау үшін ресурстар жеткілікті. 

Қазақстан азаматтары дін саласында шетелге оқуға  жиі тапсырады. Осы тұста, жастар күмән тудыратын мекемелерге оқуға түсіп кетпес үшін мемлекет тарапынан қандай да бір шаралар қабылданып жатыр ма? 

Діни ахуалдың шынайылығын ескере отырып, дін істері комитеті Дін саласындағы ағымдағы заңнаманы жетілдіру шеңберінде 2018 жылы Қазақстан азаматтарының шетелдік теологиялық/діни білім алуын шектеуге қатысты  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына түзетулер енгізуге тырысты.

Атап айтқанда, шетелдік теологиялық білім алудың алғышарты –  бастапқы діни білімді отандық оқу орындарында қалыптастыру.

Жоба авторларының пікірінше, бұл шара отандық діни білім беру мектебін дамытуға бағытталған, сонымен қатар, шетелдік және деструктивті идеялардың енуіне тосқауыл болады. Айта кетерлігі, қазіргі уақытта заң жобасы әлі де өзгерістер енгізу сатысында. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы да осыған сәйкес. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here