Ислам атын жамылып, түрлі террористік әрекеттерге баратын топтардың ісі қанша әшкереленіп жатса да, жастардың деструктивті ағым қатарына кіріп кету себебі толастамай отыр. Отандық дінтанушы Олег Синяковтың сөзінше, бұған әсер ететін факторлар көп. Маман мұндай адасушылықтың себебі – діни білімнің аздығынан дейді. 

– Олег Витальевич, діндар адамдардың радикалдануының мәні неде? 

Заманауи қоғамда дін үлкен рөл ойнайды және оның қоғамдық пікірге әсері айтарлықтай үлкен. Оның үстіне, діннің тарихы мен теориясын түсіну саласында сауатсыздық бар.

 Бұл бір жағынан экстремистік топтарға діни идеяларды жаңа мүшелерді өз қатарына тарту үшін қолдануға, екінші жағынан адамдардың діни сезімдерін манипуляциялау арқылы белгілі бір діннің ережелерін қате түсіндіруге мүмкіндік береді. Діннің экстремизм құралы ретінде қолданылуы экстремистік және террористік топтардың құрылуына мысал бола алады.

Әрине, «наразы» болғандардың көпшілігі мемлекетпен тікелей қақтығысқа бара алмайды, олар тек әлсіз сын айту және жағдайды сол күйінде қабылдаумен шектеледі. Бүгінгі күні дінді тек құрал ретінде ғана емес, сонымен қатар, экстремизмнің нысаны ретінде қолдануға болатыны айқын. Жүйемен күресуге, ұнамайтын дүниені ашық айтуға және тіпті заң шегінен өтуге дайын белгілі бір аз ғана топтар бар.  Мұндай адамдар үшін мемлекет жауға айналады және олар шындықты жалпыға бірдей теңдік пен әлеуметтік әділеттілік орнаған утопиялық мемлекетте ғана көреді.  

Ағым қатарына кіргендер бүкіл әлемді өзінің көзқарасын қолдайтын «достар» мен қолдамайтын «дұшпандарға» бөледі. Алайда ең қорқыныштысы оның «дұшпандарының» қатарына  – ата-анасы, баласы, достары сынды ет жақындары кіріп кетеді. 

 Бұл адамдар жаңа пайда болған «экстремистің» сөздеріне күмән келтіретіндіктен,  бірден «кәпірлер» немесе сатқындар санатына енеді.  Барлық қоршаған ортамен және қоғаммен қарым-қатынасты үзген адам әлеуметтік жүйеден шығып, бейәлеуметтік тұлғаға айналады.  Ол әлеуметтік шиеленісті тудыра отырып, барлық әлеуметтік шараларға қатысуды мүлде тоқтатады.

–  БАҚ-та дін атын жамылғандардың бейбіт тұрғындарға қарсы қанды қылмыстары туралы жиі айтылып жатыр. Осыған қарамастан, неліктен жастардың террористік ұйымдар қатарына қосылуы азаймай тұр? 

Қазақстандағы экстремизм мәселесі соңғы жылдары өзекті бола бастады. Ғалымдар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен журналистер пікірталас барысында экстремизмге қарсы тұрудың түрлі әдістері мен құралдарын ұсынып жатыр.  Діни білімі жоқ адамдар өздерін манипуляциялап жатқанын түсінбейді. Қатарына шақырушылар оларға әлеуметтік теңдікке, ең жоғары әділеттілікке жетуге уәде береді. Бірақ іс жүзінде оларды тек «шығын материалдары» немесе «зеңбірек жемі» ретінде пайдаланады.

– Қазіргі жастар қандай ұйымдардың ықпалына жиі ұшырайды?

Қазіргі байланыс құралдары және ең алдымен, Интернет арқылы адам «Хизб-ут-Тахрир әл-Ислами», «Таблиғи жамағат», ДАИШ, «Фронт ан-Нусра» және тағы да басқа  шетелдік экстремистік және террористік ұйымдардың идеологиялық диверсиясына ұшырайды. Мидың жүйелі түрде «жуылуы», сондай-ақ, осы ұйымдардың мүмкін болатын қаржылық қолдаулары жергілікті маргиналдардың «практикалық әрекеттерге» көшуіне әкеледі. Оларға – қажетсіз үкіметті құлату, құқықтық нормалары қандай да бір экстремистік идеологтың жалған діни нормаларымен алмастырылған өз мемлекетін құру жатады. Мұның соңы қожайындарының бұйрығымен кез келген уақытта теракт жасауға қабілетті «ұйқыдағы ұяшықтарға» ие боламыз. 

– Әлемде террорлық шабуылдарды христиандық ағым өкілдері жасап жатса да, қоғамда неліктен террористер көбінесе ислам дінінің өкілдері деген пікір қалыптасқан? 

Италия мұсылмандары қауымдастығының бас хатшысы шейх Абдул Хади Палази «Бұзылған ислам» деген тақырыппен жариялаған мақаласында исламизмді ХХ ғасырдың аяғында пайда болған және дәстүрлі ислам қағидаларын ластаған діни тоталитаризм идеологиясы деп түсіндірді… Іс жүзінде бұл жақтастары исламды дін немесе мемлекет ретінде есептейтін, атыс-шабыс басшыларын діни лидерлер деп қабылдайтын  экстремистік идеология. 

Ислам, христиан, буддизм немесе иудаизм болсын, барлық әлемдік және ұлттық діндердің қасиетті мәтіндері бір-бірінен өзгеше болғанымен, қатыгездікке, жазықсыз, қорғансыз адамдарды өлтіруге шақырмайды.  Көптеген исламдық ұғымдар мен терминдерді қате қабылдаудың түсіндірілуіне  қарамастан, қоғамда стереотиптер әлі де қалыптасты. Демек, мұсылман жазбаларының нормалары басқа діндерге төзбеушілікті қарастырмайды, бұл діннің күшпен таралуын уағыздамайды. Соған қарамастан, оларды экстремистік және террористік ұйымдардың өкілдері қате түсіндіреді немесе әдейі бұрмалайды, олар осылайша, өздерінің қылмыстарын «ақтап», өздерінің шынайы ниеттері мен мақсаттарын жасыруға тырысады.

Яғни исламдағы жат ағым өкілдері өздеріне ыңғайлап алған «жиһад», «шахид» ұғымдары арқылы манипуляция жасайды ғой? 

Иә, террористер өздерінің әрекеттерін жиһад деп атайды және оны «кәпірлермен қасиетті соғыс» деп түсіндіреді. Шындығында, жиһад дегеніміз адамның рухани немесе әлеуметтік теріс қылықтарымен күресу (мысалы, өтірікпен, алдауымен, қоғамның азғындығымен және т.б.). Бірақ экстремистер өздерінің экспансионистік мақсаттарына сәйкес терминнің мағынасын бұрмалап, манипуляциялайды. Ал әскери жиһадқа келетін болсақ, негізінде ол «газават» деп аталады, «оның қажеттілігі егер кез келген елде мұсылмандарға өз дінін толық ұстануға тыйым салынса, егер мұсылмандар қысымға ұшыраса және өз мемлекеттерінде басқа діндердің өкілдері осы мемлекеттердің билігінің кедергісіне тап болған жағдайда туындайды. Алайда экстремистер неге екені белгісіз бұл туралы сөз қозғамайды. 

Керісінше, «қасиетті соғыс» барлық басқа діни конфессиялардың өкілдеріне жарияланып, оларды қарқынды түрде басып-жаншу арқылы өздерінің діни сенім жүйесіне мәжбүрлеу сынды көріністе жүріп жатыр. Радикалды ислам өкілдері де «шахид» түсінігін бұрыс түсіндіреді. Олар бұл терминді «құрбан» мағынасында қолданады, яғни өз өмірін құрбан ету арқылы лаңкестік әрекет жасаған адам». 

Шындығында, шәһидтер – «дұшпандарға қарсы соғыста, Алланың атымен күресіп, сенімін, Отанын, намысын, отбасын қорғап шейіт болған» сенушілер. 

Бір айта кетерлігі, жанкештілер өлім аузында өз Отанын мүлде қорғамайды, керісінше, өз өмірімен қатар, жазықсыз азаматтардың өмірін алады. Бұл басқа дін өкілдеріне қарсы зорлық-зомбылық болып табылады. Сондықтан жастар «ұстаздарының» сөздеріне ермес бұрын, діни білімдерін толықтырып, исламды жан-жақты зерттеулері керек. 

Әңгімелескен Аяулым ШАЙМАРДАН 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here