Жуырда ғана ақпарат және қоғамдық даму министрі болып Дархан Қыдырәлі тағайындалды. Кім тағайындалмай, кімнің қызметі ауыспай жатыр дейтіндер көп қой. Бір әкім орнынан кетіп екіншісі келетіні сияқты, бір министрді екінші біреуі ауыстырып жатады. Былайша айтқанда, қалыпты жағдай.

Бірақ бұл тағайындаудың мән-маңызы бөлек сияқты. «Қала мен Дала» тілшісі тақырыпты таратып көрді.

Алдымен, Дархан Қыдырәлі кім? Осыған тоқталсақ.

Дархан Қыдырәлі Түркістан облысының Түлкібас ауданында туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқыған. Одан кейінгі білім алған жері – Түркия. 1992 жылдан 2001 жылға дейін тоғыз жылдай Мармара, Докуз Эйлүл, Эгей, Ыстамбұл университеттерінде білім алыпты. 18 жасында оқу іздеп Анадолы асып, 27 жасында елге бір-ақ қайтқан. Жады жаңғырып тұрған, оқу-білім алатын дер шағы түрік елінде өтіпті.

Бұл нені білдіреді?

 Психологтар мұны адамның қалыптасу кезеңі дейді екен. Демек, Дархан мырза азамат ретінде Түркияда қалыптасты. Оның тұла бойында түрік идеологиясы тұнып тұр. Бұл түрік идеологиясынан қорқу дегенді білдірмесе керек. Қанша дегенмен, түрік елі – түбі бір туысқан мемлекет. Ислам дінін бізден жақсы ұстанады. Қазақтар сияқты 70 жыл Құдайсыз қоғамда өмір сүрген жоқ. Қазір әлемде экономика жағынан да, әскери әлеуеті жағынан да ықпалы зор мемлекет. Кез келген алпауыт елдер Түркиямен санасады. Осы жағынан келгенде түрік идеясынан іш тартудың қажеті жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев не үшін Дархан Қыдырәліні ақпарат басына әкелді?

Әлемдегі соңғы геосаяси жағдайлар ақпараттық соғыстың өте маңызды екенін көрсетуде.

 Мәселен, былтырғы Әзірбайжан мен Арменияның соғысында бауырлас ел ақпараттық майданда да озық шықты. Ресей мен Украина соғысында да ақпараттық шайқас қатты жүріп жатыр. Ресейдің өз ішіндегі телеарналар «Украинаны ойсырата жеңіп жатырмыз» деген ақпаратпен ормандай орысты тойдырып тастаған.

Ал Украина өз ішінде ғана емес, бүкіл әлемге орыстардың озбыр саясатын әр қырынан көрсетуде. Орыс әскерінің әлжуаз, қару-жарақтарының қаңыраған темір-терсек екенін мазақтап тұрып көрсетуде. Әртүрлі телеграмм каналдарда украин сарбаздарының қалай соғысып жатқаны, күн сайын жеңіске бір табан жақындап қалғаны сағат сайын таратылып отыр.

Қысқасы, көкұлдарының қан майданда ғана емес, ақпарат майданында да көкала туы желбіреп тұр.

Ақорда осы жағын ескерсе керек-ті. Яғни Дархан Қыдырәліні ақпарат министрі етіп тағайындағанда, түбі бір түркі елдерімен ақпараттық алыс-беріс орнату, ортақ ақпараттық ағын қалыптастыру сияқты ұлы жоспарлары бар. Бұл – бір.

Екіншіден, Қазақстанға ендігі жол – түбі бір туысқан түрік елдерімен жақындасу. Неге?

 Оны Ресей мен Украина жағдайы көрсетіп отыр. Бұрын сәбет идеясы «өтіп» кеткен ағабуын орыс өлтірмейді, артымызда – Мәскеу» деп сеніп келген. Бұл түсінікті Украинадағы жағдай быт-шыт қылды. Бауырлас украин халқын аямаған Мәскеу қазақты қайтсін? Оның зардаптарын қазақ баласы басынан әбден өткерді.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1921-22, 1931-33 жылғы ашаршылықтар мен 1937-38 жылғы репрессия, 1941-45 жылғы екінші дүниежүзіліс соғыс – бәрінде қазақтан артық қанды қасап болған халық аз. Ресейден Қазақстанға әлі де қауіп бар. Оны біз емес, аракідік өздері айтып тұрады. Жерімізге көз алартады, байлығымызға қызығады, басынғысы келіп қоқаңдайды дегендей.

Осыны ескерген Ақорда бауырлас түрік елдерімен жақындасудың әртүрлі айла-тәсілдерін қарастырып жатқаны хақ! Соның алғашқы баспалдағы – ақпараттық ағарту. Дархан Қыдырәлі бұл мүддеден шыға алуы бек мүмкін. Өйткені оның осы уақытқа дейінгі атқарған қызметтерінің көбі – түрік елдерімен қарым-қатынасқа саяды.

Мысалы, 2012-2014 жылдары Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары болды. 2014 жылдан бері Халықаралық түркі академиясының президенті. Қазіргі министр деген лауазымынан бір мысқал кем қызметтер емес.

Дархан Қуандықұлының мойнына жүктелген міндет көп қазір. Саясаттанушылар мен сарапшылардың болжауынша, Дархан мырза ең алдымен Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін күшейтуді қолға алуы керек. Қазақстанның ақпарат алаңы алан-ашық жатыр. Әсіресе, Мәскеу Қазақ елінің ақпарат кеңістігін әлі билеп-төстеп отыр.

Қазақстанның ақпарат басшысы түрік елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатып қана қоймай, ортақ платформалар жасап, ақпараттық қауіпсіздікті қолға алғаны абзал. Жаңа Қазақстанда жаңа министрге артылған міндет көп! 

Жарас КЕМЕЛЖАН  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here