Жастарды мемлекеттік басқару саясатына араластырудың маңызы зор. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервін жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Билік алдағы уақытта «Жаңа Қазақстанды» құруға талпынған жастарды осы резервке іліккен жастардың арасынан таңдап алады.

Елімізде жастардың білімі мен білігін көтеру жолында көптеген жұмыстар атқарылды. Бір ғана «Болашақ» бағдарламасына арқасында талай жас дүниежүзінің дамыған елдерінің алдыңғы қатардағы оқу орындарында білім алып, өздерінің білімі мен ой-өрісін кеңейтті.

Олардың көпшілігі қазір елімізді дамыту жолында еңбек етуде. Ендігі жерде сол білімді жастардың арасынан мемлекеттік басқару саласына иедеясы бар, ешкімге жалтақтамай шешім қабылдайтын жастарды іріктеп алудың сәулелі сәті туып тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жергілікті жерлердегі басшылар халыққа мемлекеттік саясатты түсіндіріп қана қоймай, сын сағатта өздері шешім қабылдайтындай деңгейге көтерілуі керек» деп ойын ашық айтқан болатын.

Кеңес заманындағы шектеулерді көрген аға буынның өз бетінше шешім қабылдауы өте қиын. Бұл ретте тұтас аға буынға топырақ шашып тұрғанымыз жоқ. Арасында ел мүддесін жоғары қойып, ойын ашық айтатын азаматтар бар екенін мойындаймыз. Бұл жерде біздің айтпағымыз Тәуелсіздік жылдары өмірге келген жастар Кеңестік жүйенің әміршіл-әкімшіл жүйесін көрген, жөнсіз ноқталанбағанын айтықымыз келіп тұр.  

Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыруда тапсырғанда жаңа қоғамдық формацияны сезінетін, тез шешім қабылдайтын жастарды билік басына әкелуді көздеген-ді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар іске асып, Президенттік жастар кадр резервіне іліккен жастар мемлекетті басқару ісіне араласа бастады.

Осы ретте еліміздегі жастар арасында мемлекеттік қызмет қаншалықты тартымды деген сұрақ туындайды. Дәл қазіргідей ашық қоғам орнаған кезеңде жастардың көпшілігі жеке ісін бастап кәсіпкер болуды немесе шетелге кетіп ілім-білімнің соңына түскенде жөн керетін жастар көп шығар деген ой да келеді. Бірақ статистикалық дерек көздеріне назар аударсақ, бұл ойымызды қате екеніне бірден көз жеткізуге болады.

Бүгінде мемлекеттік қызметпен тағдырын байланыстырған жастардың қатары жыл санап артып келеді. Жастар арасында мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға жергілікті жердегі Жастар ресурстық орталықтары, «Болашақ» бағдарламасы айрықша үлес қосқанын атап айтуымызға болады.

2021 жылы жасы 29 жасқа дейінгі 5 мыңнан астам жас байқау арқылы мемлекеттік қызметке келгенін байқауға болады. Бір жылда 5 мың жастың мемлекеттік қызметке қабылдануы жаман көрсеткіш емес. Осы бір деректі назарға алсақ, жастар арасында мемлекеттік қызметтің тартымдылығы жоғары екенін байқаймыз.

«Темірді қызған кезінде соқ» дегендей дәл осы кезеңде Президенттік жастар кадр резерві жобасының қолға алынуы жастар үшін үлкен мүмкіндік болғаны анық. Бұл – жоба алдағы уақытта жастардың қызметтік баспалдақта өсуіне әлеуметтік лифт болады десек артық айтқандық болмас еді.

Бүгінде алыс ауылдарда ауылдық окургтерде, мектеп, емханаларда жұмыс істеп жүрген талантты ұл-қыздарымыз жетіп артылады. Осыған дейін олардың қызметте өсуіне ешқандай мүмкіндік қарастырылмады.

Енді сол жастар Президенттік жастар кадр резерві жобасына қатысып, өзінің мүмкіндігін паш ете алады.

Осы жобаны жүзеге асыруға тікелей жауапты болып отырған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мамандары жобаға ауыл жастары мен шетелде білім алып жүрген талантты жастар жиі қатысатынын алға тартты.

Осылайша Президенттік жастар кадр резерві шетелде білім алып, кейіннен сол жақта қалып қоятын жастарды елге қайтаруда таптырмас құралға айналайын деп тұр.

Президенттік жастар кадр резерві жобасының қолға алынғанына көп уақыт өте қоймағанын ескерсек, алдағы уақытта бұл жоба жастар арасында танымалдығы артып, шет елде жұмыс істеп жүрген талай жасты елге қайтаруына себепші болатына сенеміз. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтегі ағайын-туыстықтың түбіріне де балта шауып, талантты жастардың жарқырай көрінуіне жола ашатын болады.

Нұрлан ӘУБӘКІР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here