Су тіршіліктің қайнар көзі екені даусыз. Сарапшылардың пайымдауынша Қазақстан келешекте құрғақшылықтың азабын тартып, су дефицитімен бетпе-бет келуі мүмкін.
«Қала мен Дала» тілшісі аталған саланың кем-кетігін жақсы білетін Нұрлан Атшабаровты сөзге тартып, осы проблеманың алдын-алудың амал-тәсілдерін іздестірген еді.
Сарапшының атап өткеніндей еліміз су ресурсымен байланысты жобаларға кенде емес. Алайда олардың көрсеткіші көңіл көншіте ме?
«Өткен отыз жылда елімізде су ресурсын сақтау мен молайтуға мүмкіндік береді деген бірнеше бағдарлама қолға алынған. 2003 жылы әзірленіп 2010 жылға дейін әрекет «Ауыз бағдарламасы», 2010-2019 жылдың аралығындағы «Ақ Бұлақ» бағдарламасы нәтиже берді ме? Өкінішке орай, бұдан еліміздегі су мәселесі толық шешілді деп айта алмаймыз.
Өткен 30 жылда су бөлінген миллиардтар ұдайы, үнемі желініп отырды. Соның кесірінен құрылыс жұмыстары баялауды, саладағы техникалық жұмыстар тежелді. Ауыз су сапасы жақсарудың орнына, төмендеп кетті. Бертінге дейін жұмыс істеген «Ақ Бұлақ» бағдарламасының күн тәртібінде гидротехникалық құрылымдарды жаңарту туралы талап болған жоқ, соның кесірінен жыл сайын су тасқынынан зардап шегіп келеміз», – дейді сарапшы.
Қазақстандағы су ресурсының потенциалын бүге-шігесіне дейін білетін мамандар жаңа Су кодексінің қабылдануын күтіп отыр. Елімізде 2030 жылға дейінгі су ресурстары басқару бойынша арнайы бағдарлама қабылданған болатын. Бұған себеп: 2040 жылға қарай Қазақстанда ауы суға деген сұраныс 50 пайызға дейін өседі. Мемлекет бұл мәселені шешуде бірқатар жобаларды қолға алған.
Экология министрлігі жанынан судың кіріс-шығысын бақылайтын арнайы комитет құрылғанынан хабардарсыздар. Әзір аталған құрылым еліміздегі 8 су бассейні мен «ҚазСуШаруашылығына» қарасы 20-ға жуық кәсіпорнынға бақылау жүргізеді.
Сөй деген Нұрлан Атшабаров мемлекет тарапынан қолға алынған іс-шараларға көңілі толмай отыр. Үкімет суды сақтауға келгенде қауқарсыздық танытуда дейді.
«Есіл, Ертіс, Еділ, Тобыл, Іле секілді ірі өзендердің арнасы тарылып барады. Бұл мәселені кейінге шегере берсек, ертең елді жаппай құрғақшылық жайлайды», – дейді ол.
Қазақстандағы Су шаруашылығы қауымдастығына жетекшілік ететін Атшабаровтың айтуынша еліміздегі су қорын молайту, су тапшылығымен байланысты қауіп-қатерді сейілту үшін Үкімет бұл мәселені кейінге ысыра беретін әдеттен арылуы қажет.
Сарапшының атап өткеніндей біздің елде 8 су бассейні бар. Бұлардың ішіндегі 7 өзеннің бастауы басқа елдерде жатыр, яғни трансшекаралық өзендердің қатарына кіреді. Бүтін бір мемлекет сумен қамтамасыз етіп отырған өзендердің бастауы көршілердің аумағында жатқандықтан іргеміздегі елдермен сыйластық сақтауға, әріптестік байланысқа сызат түсірмеуге әркезде мүдделіміз.
Сөй деген Атшабаров: «Су ресурсын әділ бөлуге қатысты келісімдер Үкіметтің деңгейінде жүзеге асатыны айдан анық. Осы мақсатта аймақ елдері Үкіметаралық комиссия құрып, жыл сайын жүздесу өткізеді. Мәселе: бұл келісімдер қаншалықты нәтижелі болуда? Еліміз есе жіберіп жатқан жоқ па? Қазақстандық делегация құрамындағы мамандардың қарым-қабілеті қандай? Олар ел мүддесін жата-жастана қорғауға әзір ме? Су саласының мамандарына делегация құрамынан орын берілген бе? Мен осы сауал толғандырады», – дейді.
Сарапшыны толғандырып отырған тағы бір түйткілді жайт: су саласындағы буын алмасу процесінің тоқтап қалғаны. Сала жас, кәсіби кадрларға сусап отыр. Үкімет осы күнге дейін су мәселесіне келгенде совет үкіметінде білім алған аға буынға арқа сүйеп келген.
«Кейінгі кездері ғана жағдай біршама өзгеріп, су саласының мамандары көңіл бөліне бастады. Бұрындары «Су ресурстар және су пайдалану» мамандығы бакалаврмен шектелетін еді, биылдан бастап ЖОО-ларда осы мамандықтың магистрлерін оқыта бастады. Бірақ, бұл да жеткіліксіз. Су саласын таңдаған жастарды шетелге жөнелтіп, олардың білім-білігін жетілдіру керекпіз, тәжірибе алмасу ешбір кезде артық болмайды.
Мұны неге айтып отырмыз? Еліміздегі су шаруашылығы саласы білікті кадрлардан тапшылық көріп отыр. Гидрогеология саласының кадрлары саусақпен санарлық, гидротехник мамандығына тіптен қызығушылық жоқ. Ілгеріде айтып өткендей, өткен 30 жылда осы саладағы буын алмасу процесі тоқтап қалды. Ал су ресурсын зерттеу, зерделеу мәселесі жыл өткен сайын өзекті бола түсуде.
Су тапшылығынан, құрғақшылық азабынан құтылу үшін жаңа технологиядардың тілін меңгерген озық ойлы, дарынды кадрлар ауадай қажет», – дейді сарапшы.
Атшабаров бұл мәселені бірнеше министрлік бірлесіп шешу керек деген ұстанымда. Қазақстандағы су мамандарының саны көбейту ісіне – Ауыл шаруашылығы министргі, Экология және Білім министрлігі бірлесіп атсалысуы тиіс.
«ҚАЛА МЕН ДАЛА» АНЫҚТАМАСЫ:
Еліміздің су ресурстарын басқару бойынша 2030 жылға дейінгі концепциясы барлығы 10 бағытты қамтып отыр. Үкімет бірінші кезекте су шарушылығын цифрландыруды көздеуде. Соның ішінде – «Smart Water» жобасы енгізілетін болады. Бұдан бөлек су қорын үнемді пайдалану алгоримдері әзірленеді. Су саласының инфрақұрылымдарын жаңарту ісі ел көлемінде қолға алынады. Аталған концепция аясында Қазақстанда Орта Азия аймағында ортақ су нарығын құруды жоспарлап отыр. Бұл бағытта елімізде су саласының мамандары Батыс елдерін аралапа, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмаспақ.
Смайылов үкіметінің мәлім еткеніндей аталған бағдарлама аясында елімізің 8 өңірінде жаңадан 38 су қоймасы салынатын болады.
Алайда еліміздегі Су шаруашылығы қауымдастығы аталған бағдарламада сала мамандары тілге тиек еткен маңызды мәселелер назардан қалыс қалған дейді.
Нұрлан Атшабаров су ресурстарын басқару бойынша 2030 жылға дейінгі концепцияда – қолданыстағы су қоймаларының жағдайы ескерілмеген деген пікірде. Сарапшының айтуынша олардың әбден тозығы жеткен. 60-70 жыл бұрын салыған гидроқұрылғылар бүгінгі су тұтынуы мөлшері мен қазіргі заманның талабына сай келмейді.
«Бұларды күрделі жөндеуден өткізетін кез келді. Өткен 30 жылда негізінен жаңа нысандар қаржы бөлінді де, Совет үкіметінен келе жатқан құрылымдар қараусыз қалды. Осы орайда Қазақстан мен Қытайдың үкіметаралық комиссия кездесуінде болған қызықты жайтты бөлісе кетейін. Бейжің бізден су аяп отырған жоқ, олар біздің гидро қоймалардың Қытайдан келетін суды игере аларына күмәнмен қарайды, суды артығымен ағытар болса, оның далаға тарап кетеріне сенімді. Айналып келгенде, барлығы қаржыға тіреліп отыр. Қытай тарапының талабы орында, қисынға келеді.
Еліміздегі арықтар мен су құбырларының әбден тозығы жеткен. Су айдалаға ағып кетіп жатыр. Біздің қауымдастық сарапшыларының анықтағанындай бұл көрсеткіш 25 пайыздан 45 пайызға дейінгі көрсеткішті құрайды. Дәл осынша көлемде су қоры текке-текке жерге сіңіп жатыр.
Бұл біздің делегацияны Қытайға жығып бергеннің белгісі емес. Қазақстан тарапының өз аргументтері бар. Әйтсе де бұл мәселе әлі талай алдымыздан шығады», – дейді ол.