Осы екі ұғымның аражігін жақсылап ажыратып алғанымыз жөн-ау.

Мақтау мен қолдаудың жолы түйіспеу үшін жағымпаздар мен жанашырларды екі бөліп қарастыру қажет-ақ.

Тоқаевтың жарлығы шыға сала, жата қалып пост жазатын блогерлер (ара тұра бұл тізімге біз де кіріп кетеміз) президенттің имиджін құлдыратып жатқаны жасырын емес.

Тоқаевтың саяси шешімдерінің түпкі себебіне үңіліп, толғатып, тарқатып жазуға ішінара болмаса да, барлық блогерлердің сауаты жете бермейді.

Аттың жалы, түйенің қомында, шала-пұла, үстірт жазылған дүниенің ғұмыры да шолақ. Оны өз суретін салып үстемелегісі келетін, әзіл-қалжың араластырып, әупірімдеп жүз қаралы лайк жинайтындардың еңбегі шын мәнінде еш кетіп жатыр.

Қазақтілді аудиторияның биологиялық жасы бұл деңгейден әлдеқашан асып кеткен. Аудитория өзгереді, ең бастысы есейеді. Президенттің үгіт-насихаты да осы үрдіске ілесіп отыруы шарт шығар.

Негізі, Тоқаев сынды дұрыс қабылдайды. Аргументті, жанашырлықпен айтылған сын болса құлақ түреді.

Мен білсем, Ерекең, Ермұрат Бапидің ДАТ-ы әр аптаның жұмасында Тоқаевтың жұмыс үстелінде жатады. ДАТ кешігіп жатса, президенттің жанындағы жігіттер тыпырши бастайды. Газетті самолетпен алдырған кездер де болған дейді-мыс…

Тоқаев ДАТ-ты оқитыны рас болса, демек сынға да толерантты қарайды. Президентке жағу үшін тек жұмсақ жазу шарт емес.

Қазақтілді ортада президенттің соңғы саяси шешімдерін талдайтын, таразыға тартатын, жұртшылықты шаршата қоймаған санаулы болса да сарапшылар бар.

Қазақ тілі турасында Қанағат Жүкешовті сөйлетуге болады, жеті жылдық төңірегінде Сейдахмет Құттықадаммен әдемі әңгіме өрбітуге болар еді. Жаңа Қазақстанның қаржы саясатын Айбар Олжаев ашалап берсін. Мейлі, сынасын. Кемшілігін ашып айтсын. Бұл да қолдау. Жанашырлықпен айтылса, жерде қалмайды, Тоқаев қойын дәптеріне түртіп алары анық.

Сараптама неғұрлым мол болса, көптің көкейіндегі күдік те соғұрлым тез сейіледі. Одан бұрын қазақтілді сегмент сапалы контентпен толығады. Мәселен, Сейтекеңнің бұған дейін Dalanews-ке шыққан сұхбатын 150 мың оқырман шолып шыққан екен. Демек, мұндай контентке сұраныс бар деген сөз.

Қолдау да, мақтау да ернеуінен асып кетпеуі маңызды. Мақтау мен қолдаудың – егіз ұғым емесін ескеру қажет. Мақтауды Тоқаевтың сайлауалды компаниясынан сылып алып тастаса да оқа емес.

Тіл кеспек жоқ. Өз ойымызды ортаға салғанымыз ғой.

Думан БЫҚАЙ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here