Президент кардиналды өзгеріске тәуекел етті. Неге?

Қасым-Жомарт Тоқаев қалың бұқара көптен күткен Жолдауын жариялады деп хабарлайды «Қала мен Дала».

Жолдау жарияланбай тұра саяси құжаттың мазмұны қандай боларын топшылаған сарапшылар Тоқаевтың күтпеген мәлімдеме жасауы мүмкін екенін айтқан еді. Солай болды да.

Сөз басын Конституциялық реформаның сәтті өткенінен бастаған және бұл бастаманың Жаңа Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам екенін айтқан Тоқаев «саяси жаңғырудың соңы экономикалық өзгерістерге ұласуы тиіс» деді.

«Қала мен Дала» осы орайда Президент Жолдауындағы елді елең еткізген негізгі 7 тезисті іріктеп алып, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрді.

Ұлттық қордан үлес алуға мүмкіндік беріледі

Бұған дейін өздеріңіз білетіндей, Ата Заңға өзгерістер енгізіліп, құжатқа «жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі» талап енгізілген.

Тоқаевтың айтуынша, бұл құр, гәпірме сөз емес. Бұл – барлық реформаның бастауы.

Отыз жыл бойы өзіне тиесілі үлестен қағылып, кедейшілік қамытынан құтыла алмай қойған халықтың еңсесін тіктеудің тура жолы – ұлттық байлықты тең бөлісу.

Сөй деген Тоқаев «әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек» деді. 

Жаңа Қазақстан билігі бұл тарапта өсер ұрпақтың ертеңін ойлаған жоба әзірлепті.

«Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды.

Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударатын боламыз.

Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады.

Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы. 

Бұл қордың қатардағы бағдарламалардан басты ерекшелігі ұлттық мәртебеге ие болады. Тоқаев жобаны әзірлеуді көпке созбай, 2024 жылдың қаңтарына дейін тәмамдап, іске қосуды тапсырды.

(Ұлттық қордың әр балаға қанша теңгеден беретінін білгіңіз келсе, газеттің 5-бетіне өтіңіз, бұл туралы толыққанды жазылған).    

Жаңа Қазақстан мықты менеджерлерге мұқтаж

Бұған дейін «Қала мен Дала» газетінің тұрақты сарапшысы Айбар Олжай Жаңа Қазақстанға Батыс елдерінен мықты менеджерлер алдыру керектігін айтып, үндеу жолдаған болатын.

«Үкімет мүшелерінің (министрлер, әкімдер, барлық атқарушы аппарат) процессорлары қатып қалған. Себебі олардың виндоустары ескі.

Бір идея бар: Жаңа Қазақстанға Премьер-министр, министрлер, облыс пен қала әкімдері лауазымына 4 жылдық контрактпен Германия, Жапония, Британияның мықты менеджерлерін алу керек.

Бізге спецконтрактпен осындай 40 менеджер жетеді. 4 жылдан кейін олар еліне қайтады. Ал біз шынымен де “Жаңа Қазақстанда” өмір сүретін боламыз», – деген-тұғын Айбар Олжай.

Араға аз уақыт салып газет сарапшының пайымын өз Жолдауында Президент Тоқаев та қуаттап өтті.

«Адам әлеуетін дамыту – маңызды мәселенің бірі. Осы орайда, шетелден дарынды жандарды елге тарту қажет.

Әсіресе шығармашылық және кәсіпкерлік салада жетістікке жеткен азаматтарды шақыру керек», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың тапсырмасына сай сұранысқа ие әрі жоғары білікті мамандардың тапшылығын азайту қажет. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында – Жаңа Қазақстанда ғылым-білім, денсаулық сақтау саласы, өндіріс, IT салаларының кәсіби мамандарына барынша жеңілдік жасалады.

«Шетел кәсіпкерлері он жылға виза рәсімдеп, Қазақстанда тұруға мүмкіндік алады. Бірақ олар экономикамызға 300 мың доллардан астам инвестиция салуы қажет.

Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады.

Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деді Тоқаев.  

Смайылов Үкіметіне ең соңғы рет ескерту жасалды

Смайылов басқаратын министрлер кабинетінің халықтың тарапынан жиі сынға ұшырап жатқаны рас. Президент Жолдауда бұл мәселені де назардан қалыс қалдырмады.

Жаңа Қазақстанның Үкіметі жұмысқа кіріскелі бері табаны күректей сегіз ай өтті. Тоқаевтың атап өткеніндей, осы уақыт аралығында «Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр».

Президент мұның себебін Үкіметтің шабандылығынан көрді.

«Министрлер нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл – орынды.

Сондықтан, дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді», – деді Мемлекет басшысы.

«Қала мен Далаға» пікір білдірген саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, Тоқаев Үкіметке ең соңғы рет ескерту жасаған.

«Президенттің бұл мәселені Жолдау кезінде сөз етіп, Үкімет жұмысындағы олқылықтарды ашық айтуы, оның Смайыловқа қатысты сыни пікірінен хабардар екенін білдіреді», – дейді ол. 

Үкімет жұмысын сөз ете келе, еліміздің транзиттік потенциалына қарай ойысқан Тоқаев еліміздің Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі екеніне тоқталды.

«Транзиттік әлеуетімізді бағалар болсақ, осы салада ірі жобаларды жүзеге асырудамыз. Ақтауда контейнер хабы құрылып жатыр.Транскаспий дәлізі дамып келеді», – деді Тоқаев.

Транскаспий демекші, бұған дейін «Қала мен Дала» Тоқаевтың Баку сапарына шолу жасап, Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТМТМ) ел үшін айрықша маңызын барын айтқан.

«Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы Каспий арқылы байланыс Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТМТМ) бөлігі.
Қазір TMTM-ның жалпы өткізу қуаты жылына шамамен 6 млн тоннаны құрайды, оның ішінде 80 мың контейнер (TEU) тасымалданады. Бұл бағыт Қазақстан үшін транзиттік тығырықтан шығуға мүмкіндік береді.
Десе десе, Әзірбайжан порттарындағы ауыстырып тиеу инфрақұрылымы тым кішкентай. Сонымен бірге фитингтік платформалар дефициті байқалады.

Тоқаев пен Әлиев осы кептеліс проблемасын шеше ала ма? Қазақстан Президенті бұған аса мүдделі. 2022 жылдың бес айында ғана ТМТМ бағыты бойынша 732,5 мың тонна жүк тасымалданған. Яғни, 2021 жылға қарағанда 2,5 есе өсім бар. Биыл жоспар бойынша 3,2 миллион тонна өтеді деп жоспарланған. Егер тарифтік бірыңғай кеңістік қалыптасса, осы көрсеткішті 10 есеге арттыруға болады», – деп жазған басылым сарапшысы.

Қаңтар оқиғасының қатысушыларына кеңшілік жасалады

Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасалатынын айта келе, Президент Тоқаев бұл шешімге бару оңай болмағанын аңғартты.

“Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр.

Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті.

Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым», – деп атап өтті ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының нақтылап өткеніндей, рақымшылық тәртіпсіздік ұйымдастыруға қатысқан басты күдіктілерге, сонымен қатар мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алуға айыптыларға жасалмайды.

«Қала мен Дала» осыған байланысты танымал заңгер Абзал Құспаннан пікір білген болатын.

«Шынын айтқанда, кедейшілік тақымымызды қысып бара жатқан жоқ. Басты себеп – әділетсіздік болған.

Бұрын кей тұстарда соттан, құқық қорғау органдарынан қорлық көрген 25 жастағы бір жігіттен жауап алдым.

«Себеп әділетсіздік болды» деп ашық айтты. «Жас қой, кімнен әділетсіздік көрді?» десеңіз, бұрын жақындарының, достарының көрген әділетсіздігін  қозғаған. Осының бәрі рақымшылық жайлы ұсыныс айтуға түрткі болды.

Заңгер ретінде сараптасақ, олардың істегені қылмыс емес деп ешкім айта алмайды, өтірік емес. Біздің айтқымыз келгені – олардың табиғаты қылмыскер емес. Адам қылмыскер болу үшін сол жолда қалыптасады, мектепте тәртіпке бағынбайды, кейін сондай ортаға түседі, ал қаңтар оқиғасына қатысқандар – таза адамдар.

Енді оқиға үшін айыпталып, 3-5 жылға сотталған азаматтар да босап шығып, сот үкімдері кері қайтарылады. Бұл әлі игі істің басы деп білем», – деді сарапшы.

Жемқорлардың «капиталы» мектеп құрылысына жұмсалады

Жолдаудағы елді елең еткізген маңызды ұсыныстың бірі «жемқорлардың «капиталын» қайта бағыттаймыз» деген мәселенің төңірегінде өрбіді.

Президенттің атап өткеніндей, орта білімнің сапалы болуы – бәсекеге бейім, бай-бақуатты ұлт болудың негізгі шарты. Сөй деп министр Аймағамбетовке құлаққағыс жасаған Тоқаев «елімізде әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуына оңтайлы жағдай жасалуға тиіс» екеніне тоқталып өтті.

«Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.

Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Мектептің қабырғасын көтеру қып-қызыл қаражат қажет ететіні өтірік емес. Мұны тек мемлекеттің есебінен шешу, бюджетке салмақ салары анық.

Тоқаев еліміздегі мектептердің санын жемқорлардың «көмегімен» көбейтпек.

Бұдан былай коррупционерлердің «бармақ басты, көз қысты» жолмен тапқан заңсыз капиталы олардың қолына кісен салынып, сотталған соң Үкіметке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалатын болады.

«Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек. Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Мектеп мәселесін сөз еткенде, тіл тақырыбына да тоқталмай өту мүмкін емес. Тоқаевтың қазақ және орыстілді мектепке қатысты пікірі желіде қызу талқыға түсті.

«Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды  тәрбиелеуіміз қажет. Себебі бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде», – деді осы орайда Тоқаев.

Халық болашақ туралы жарқын ұрандардан жалықты

Бізге ұнаған бесінші тезис көпшіліктің көкейіндегі жүрген дүние. Жаңа Қазақстан билігі отыз жыл бойы той тойлаған ескі жүйенің қателігінен сабақ алған сынды.

Осы ретте «жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты» деген Тоқаевтың мәлімдемесін қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрді.

«Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде  орындағанын қалайды.

Саяси қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттыра отырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса мән беру керек. Үкіметтің кейбір құзыреттерін министрліктерге берген жөн.

Нақты бір саладағы саясатқа «ұжымдасқан кабинет» емес, нақты бір министр жауап беруге тиіс. Үкімет салааралық мәселелерді шешумен шұғылдануы қажет.

Премьер-Министр Кеңсесін мемлекеттік басқару ісінің үздік стандарттарына сай келетін, ықшамды Үкімет аппараты ретінде қайта құру осы бағыттағы алғашқы қадам болмақ. Басты мақсат – оның атауын өзгерту емес, нақты реформа жасау.

Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар қажет. Мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып, қайта жасау қажет.

Мемлекеттік қызмет жеке сектордағы кәсіби мамандар үшін барынша ашық болғаны дұрыс. Мемлекеттік активтерді басқару ісі барынша ашық болуға тиіс. Үкімет жыл сайын Ұлттық баяндама әзірлеуді қамтамасыз етеді және оны Парламентке жолдайды».

Күзде президент сайлауы өтеді. Тоқаев оның себебін түсіндірді

Жолдаудың соңы Тоқаевтың «биыл күзде Президент сайлауы өтеді» деген мәлімдемесімен түйінделді.

Президент мұны реформалардың қазіргі қарқынын сақтау мен саяси мәселелердің бәрін кейінге қалдырмай шешумен байланыстырды.

«Билік өзінің жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуымыз керек. Сондықтан мен бүгін алдағы сайлау науқандарының кестесін барша халыққа жариялағым келеді.      

Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет.

Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», – деді Мемлекет басшысы. 

Елді селт еткізген ұсыныстан кейін Тоқаев тағы бір тосын мәлімдеме жасады.

«Мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады.

7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең.

Мен ұсынып отырған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады», – деді ол.

Оның атап өткеніндей, Ата Заңдағы реформада көзделген институционалдық өзгерістің бәрін осы жылдың соңына дейін заңмен бекітіп, аяқтау қажет. 

«Ал Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынамын. Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз.

Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Сонымен, биыл Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады», – деді Тоқаев.  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here