Jastar Аlańy-2019: пікірталастан шындық туады

0
2494

Айтары бар жастарға арналған Jastar Alańy-2019 атты ауқымды пікірсайыс алаңына тіркеу басталды.

Биыл «Жастар жылы» болып белгіленгені белгілі. Осы бағытта жыл басынан бері саяси-әлеуметтік бағыттағы түрлі жобалар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. 

Jastar Alańy-2019 атты пікірсайыс турнирі де осынау «Жастар жылы» аясында қолға алынған ауқымды жобалардың бірі. Шараға қатысуға ниетті18 бен 29 жас аралығындағы жастар zhasotan.kz сайтында өтініш қалдыра алады.

Ұйымдастырушылардың айтып өткеніндей, шараға тіркелу 8 тамызға дейін жалғаспақ.

Көрікті ой мен көшелі пікір айтылатын осынау жобаға еліміздің барлық өңірлерінен 60-қа тарта команда іріктелініп алынбақ.

Кімнің кім екенін айшықтап, жарысқа қатысатын командалардың ой-өресін көрсететін пікірталастар күздің алғашқы айында басталады. Ал ақтық сын сайлау сценарий негізінде телевизиялық үлгіде өтеді деген жоспар бар.

Айта кетелік, осы сөзсайысты өткізуге еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, бұдан бөлек «Азаматтық бастамаларды қолдайтын орталығы» және де Jas Otan жастар қанаты мұрындық болған.

«Турнирді өткізудегі негізгі мақсат – Қазақстандағы алғашқы пікірсайыс қауымдастығын құру», – дейді шараны ұйымдастырушылар. Сонымен қатар осы турнир аясында сыни тұрғыдан сараптап, пікірін батыл жеткізе алатын еркін ойлы азаматтардың шоғыры іріктеледі.

Jas Otan жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібекұлының айтуынша, пікір таластыратын қабілеті бар жастар осы турнир аясында іріктеліп, олардың шеберлігін жұмыстары жүргізіледі.

«Өзіндік ойы, сөзінің салмағы бар жастардың пулын қалыптастыруды көздеп отырмыз. Турнир шеңберінде еліміз бойынша 120 сөзсайысшыны жинап қана қоймай, олардың шеберлігін шыңдауда арнайы маман жалдап, оқытатын боламыз. Осының негізінде кәсибілік қалыптасады. Сонымен бірге жоба шеңберінде сөзсайысшыларға арналған жеке сайт жасақталып, мобильді қосымшасы әзірленеді. Жүзден жүйрік шыққан жастарға британдық бағыт және Линкольн мен Дуглас дебаты бойынша дәріс береміз», – дейді ол.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here