ҚР Энергетика министрлігі Ресейдің Газпром компаниясы Қазақстанның ұлттық операторын «құрбан» қылуы ықтимал екенін Үкіметке жеткізді. Бұл байлам «Қазақстанның отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында» айтылған.

Осынау ұзақ мерзімді құжат бұрын Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы №724 қаулысымен бекітілген. Алайда билік оны қайта қарауға мәжбүр. Себебі содан бері көп нәрсе өзгеріп кетті. Мысалы, 2014 жылдың 29 мамырында Қазақстан, Ресей, Беларусь президенттері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды. Бірақ ол 2015 жылғы 1 қаңтарда ғана күшіне енді. Яғни одақтың беталысы тұжырымдама бекітілген тұста бұлдырлау болатын.

Бүгінде Мәскеу одақтастарын иліктіріп, Еуразиялық одақтың ортақ газ нарығын құруға білек сыбана кірісті. Бұл ретте Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Армения үкіметтері 2025 жылдың 1 қаңтарынан кешіктірмей, ортақ газ нарығы туралы ЕАЭО-ның халықаралық келісіміне қол қоюлары және оны парламенттеріне ратификациялауы тиіс.

Ресей оның өзінде күшіне енуіне жол ашатын бұл рәсімдерді соған дейін ұзатпай, бірінші болып аяқтауға құлшынуда. Сонда өзгелерге жылдамдатудан басқа амал қалмайды.

Мәселен, Кремль тон-ішікті, аяқкиімді және темекіні таңбалап-маркировкалауды қысқа мерзімде өз аумағында енгізе қойды. Бұл дағдарысты шақта онсыз да қиналған ұлттық бизнесімізге артық ауыртпалық түсіреді. Алайда одақ мүшесі ретінде Қазақстанның бұл тәжірибені енгізбеске амалы жоқ. Қалай болғанда да, посткеңестік алпауыттың асықтыруымен ОГН енгізу жұмыстары ілгері «жөңкіле» жөнелді.

Мәскеудегі Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес 2016 жылғы 31 мамырда №7 шешім қабылдап, «Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын» бекітті. 2018 жылғы 6 желтоқсанда ұлтүстілік осы орган «ЕАЭО-ның ОГН-ын қалыптастыру бағдарламасын» қабылдады. «ЕАЭО ортақ газ нарығын қалыптастыру – Еуразиялық одақ шеңберіндегі экономикалық интеграцияның ажырамас бөлігі және ол мүше мемлекеттер арасында тауарлардың, технологиялар мен капиталдың еркін қозғалысы үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған», – деп түсіндіреді ресми хабарлама.  

Бір қарағанда, ол мүше мемлекеттердің игілігі үшін жасалып отырғандай. Мәселен, ОГН олардың «көгілдір отынға» деген ішкі қажеттілігін бірінші кезекті қамтуға қызмет етпек. Ал өмір шындығы одан өзгешеленеді.

Қазіргі уақытта Қазақстан осы шикізатын өзге елге сатқысы келсе, онымен өзара, екіжақты келісім бекітеді. Ал ОГН құру концепциясы қарапайым тілмен айтқанда, газды сатуды және оны тасымалдауды «колхоздастырмақ», яғни ұжымдық негізге көшіреді.

Идеяның жақсы жағына үңілсек, ортақ нарық Ресейдің газ тасымалдау жүйесін қазақстандық газ шикізаты үшін қолжетімді етуге тиіс. Өйткені ОГН концепциясында «ЕАЭО мүшесінің аумағында орналасқан газ тасымалдау жүйелерінің бос қуаттылығы, құбыры одаққа кіретін елдер арасында мөлдір әрі еш дискриминациялаусыз бөлінеді» делінген. Дегенмен санкциялық қысым аясында өмір сүріп, бар салада импорт алмастыруға бейімделіп алған Ресей бұл жақсы идеяны да жарға жығары кәдік.

Мысалы, ЕАЭО аясындағы уағдаластықтарға қарамастан, солтүстік көршінің тасымалдау жүйесінде қазақстандық көмір қатаң квотамен шектеліп, әлемдік нарыққа еркін шыға алмай қалды. 

Енді ортақ нарықтың теріс жағына тоқталсақ. Ол туралы Энергетика министрлігі мәлім етті. «Қазіргі кезде ресейлік «Газпром» Қазақстан аумағын қоспағанда, ЕАЭО елдерінің барлық газ нарықтарын монополияландырып алды. Ортақ нарық аясында «Газпромның» Қазақстан нарығына кіруі бір жағынан, бәсекелестік түзуге мүмкіндік береді. Бұл бастапқы кезеңде Қазақстанның ішкі нарығындағы тұтынушыларға оң әсер етіп, газ бағасын төмендетуі мүмкін. Бірақ бұл отандық нарықтан ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ ысырып шығарылғанға дейін жалғасады. Содан кейін Қазақстанның ішкі нарығын монополияландырып алған жаңа шетелдік монополист бағаны да бір өзі белгілейтін болады», – дейді Энергетика министрлігі.

Энергетика министрлігінің пікірінше, «Газпром» сыртқы нарықтарда тауарын өзі үшін шығынмен сата береді. Себебі ол шығынды газ өндіру, шикізатты қайта өңдеу, құбырмен тарату, экспорт секілді өзге салалар бойынша дотациялар есебінен жаба алады.

Ал Қазақстанның газ саласындағы ұлттық компаниясының ондай қауқары жоқ. «Нәтижесінде, шығынды жұмыс істей отырып «Газпром» «ҚазТрансГаз» АҚ-ын өз нарығымыздан жеңіл ығыстырып шығара алады. Бұлардың мүмкіндіктері өзара тең емес.

«ҚазТрансГаз» нарықтан ығыстырылған жағдайда «Газпром» арқылы нарықтағы барлық кірістер Ресейге кететін болады. Яғни Қазақстан Ресей экономикасына жұмыс істемек. Бұған қоса, ұлттық оператордан ерекшелігі сол, «Газпромның» Қазақстан алдында ешқандай міндеттемелері жоқ. Бұл болашақта еліміздің әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық объектілерін газбен жабдықтауға теріс әсер етуі мүмкін», – деп түйді Энергетика министрлігі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here