Сенаттың жазғы демалыстан кейінгі алғашқы отырысында Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында белгілеп берген басымдықтарға назар аударды. Спикер биылғы Жолдауда әлеуметтік салаға баса мән берілгенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының бастамасымен келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерi ұлғаяды. Бұл шешім миллионнан астам қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сондай-ақ 2025 жылға дейін бюджет қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға өсіп отырады. Бұл шара мәдениет қызметкерлерін, мұрағатшыларды, қорықшыларды және бюджет саласындағы өзге де мамандарды қамтиды, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмалары азаматтарды алаңдатқан өзекті мәселелерді шешуге арналғанын атап өтті. Бұл тапсырмалар ауызсу, тұрғын үй, жайылымдық жер, денсаулық сақтау, білім беру және бизнес жүйелерін қолдау сияқты басымдықтарды қамтиды. Мұның бәрі маңызды заңнамалық өзгерістерді қажет ететіні белгілі.

– Жыл соңына дейін ұлттық қорды және бюджетті тиімді пайдалануды көздейтін қосымша заңнамалық түзетулерді қабылдауымыз керек. Сонымен қатар, ғылым саласын одан әрі дамыту мен қолдауға, активтерді тиімді пайдалануға, агломерацияны дамытуға арналған заңнамалық шешімдер қабылданады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол алдағы уақытта Сенат Жолдауда белгіленген басымдықтарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізетінін айтты.

Соған байланысты Палата депутаттары сарапшылар қауымдастығымен, қоғамдық институттармен және басқа да мүдделес тараптармен бірлесіп, белсенді жұмыс істеуді көздеп отыр. Бұл ел Президенті жариялаған реформаларды табысты іске асыру үшін аса маңызды.

– Жаңа реформалардың басты мақсаты – азаматтардың орталық және жергілікті деңгейдегі шешім қабылдау процестеріне қатысуын қамтамасыз ету. Осы бағытта Мемлекет басшысы депутаттық мандаттарды бөлу кезінде ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін арнайы квота қарастыру қажет екенін айтты. Жалпы, биылғы Жолдауды қоғамның алдағы реформалар бойынша сұрақтарына берілген нақты жауап деп қабылдаймыз, – деді Сенат Төрағасы.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев сенаторлардың парламенттік каникул кезінде өңірлерде өткізген кездесулері мен атқарған жұмыстарына назар аударды.

– Сіздер парламенттік каникул кезіңде өңірлерде болып, халықпен, қоғамның беделді өкілдерімен және жергілікті билікпен кездесулер өткіздіңіздер. Сол кездесулерде көтерілген мәселелер де Палатаның алдағы жұмысында ескерілуі қажет, – деді Мәулен Әшімбаев.

Жаңа сессияның алғашқы отырысында Сенат депутаттары Қазақстан Республикасының «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, қабылдады.

Сондай-ақ отырыс барысында сенаторлар бірқатар депутаттық сауал жолдады. Әли Бектаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тапшылығына назар аударса, Бақтыбай Шелпеков «Бейнеу-Шалқар» автожолының құрылысына қатысты мәселені көтерді.

Сенаторлар Асқар Шәкіров пен Ләззат Сүлеймен тұрғын үй мәселесіне қатысты сауал жолдады. Ал Дана Нұржігітова мектеп психологтарын даярлау жұмысындағы олқылықтарға алаңдаушылық білдірді. Әлімжан Құртаев ежелгі Отырар қаласын жандандыру жұмыстарына көңіл бөлу керектігін айтты.

Бұдан басқа, Палата отырысында Сенат депутаттары бір күндік жалақыларын Жамбыл облысындағы жарылыс салдарынан зардап шеккендерді қолдауға арналған қорға аудару туралы шешім қабылдады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here