Бүгінде Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге жол бермеу үшін заңдық тұрғыдан көптеген іс-шаралар қабылданған. Ел ішінде алауыздық туғызып, қоғамға қауіп төндіретін діни экстремистік топтардың ісіне заң аясында қандай тыйым салынғанын «Қала мен Дала» газетінің оқырмандарына Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Қоғамдық даму басқармасының мамандары жіліктеп түсіндіріп берді.

Діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру, оның алдын алу шаралары еліміздегі маңызды мемлекеттік саясаттың бірі десек артық айтқандық болмас еді. Қоғамды жат ағамдардан сақтандырып, олардың жолын кесу үшін елімізде мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалар қабылданып, заңнамалық база қалыптасқан.

Айталық, 2005 жылы 18 ақпанда қабылданған «Экстремизмге қарсы тұру» туралы заңына сәйкес діни экстремизмді насихаттаған жеке және заңды тұлғаларға қатаң түрде тыйым салынған. Аталған заң бойынша мемлекеттік конституциялық құрылымын өзгертуге, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына және ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне қауіп төндіруге, заңды билігін күшпен басып алуға, заңсыз әскериленген топтар құруға әрекеттенген тұлғаларға қатаң жаза қарастырылған.

– Елімізде экстремистік әрекеттерге жария түрде тартуға, олардың саясаты мен түрлі символикалық белгілерін насихаттауға қатаң түрде тыйым салынған. Сонымен қатар террористік актіге – жарылыстар ұйымдастырып, бейбіт тұрғындардың өмірін қиятын оқиғалар мен қоғамға айтарлықтай материалдық шығын келтірген әрекеттер де жататынын ескерте кетуміз керек, – дейді Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының мамандары.

Көп жағдайда экстремистік топтар өздерінің арам пиғылын жүзеге асырып, азаматтарды өз қатарына тарту үшін үрей мен психологиялық қысым жасауға бейім тұрады. Олар «кім бізді қолдамаса, сол біздің қас жауымыз» деген ел ішінде үрей тудыратын қарадүрсін қағиданы ұстанатыны белгілі. Кейде олар қарапайым азаматтарға өздерін қоғамда әділдік орнатушы етіп көрсетуге тырысып жатады. Сондықтан мұндай манипуляцияға барған діни топтардан ел азаматтары сақ болуы тиіс.

Бүгінде мемлекетіміз діни экстремизм мен терроризммен күрес жолында кешенді шаралар қабылдап, жан-жақты жұмыс істеп жатқанын атап айтуға болады. Бұл бағыттағы жұмыстар діни экстремистік әрекеттерді анықтау, ескерту, алдын алу бағыттары бойынша жүзеге асуда. Жұмысты жүзеге асыру барысы «Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасында жан-жақты қамтылған.

Аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында тиісті органдар мен жергілікті билік орындары мемлекет пен ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көптеген іс-шараларды жүзеге асыруда. Жергілікті жердегі әкімдіктер халықты діни экстремизмнен сақтандыру жолында көптеген профилактикалық жұмыстар жүргізіп, ел арасында діни экстремизмге қарсы иммунитет қалыптастыруда көптеген жұмыстар атқарып жатқанын күнделікті өмірден көріп жүрміз.

Бұл ретте жергілікті билік орындары дін саласы бойынша білікті мамандарды тарта отырып, халық арасында түсіндіру, консультативті және оңалту бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жүргізетінін атап айтуға болады. Соның нәтижесінде елімізде діни экстремизмнің жолы кесіліп, қалыпты ахуал қалыптасқанын айта кетуіміз керек.

Жергілікті әкімдік жанындағы Қоғамдық даму басқармасы алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарын жандандырып, профилактикалық іс-шараларды көптеп ұйымдастыра беретіні анық.

Әңгіме барысында діни экстремизм жетегінде кеткендерге қарсы жаза да қатаңдатылғанын атап өттік. Қоғамды діни экстремизмнен сақтандыру үшін солардың біразына тоқтала кетсек.

Айталық, түрлі жарылыстар ұйымдастырып, азаматтардың өміріне қауіп төндіріп, қоғамға айтарлықтай шығын келтіруге әрекеттенген фанатиктер заң бойынша 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленіп алынады. Ал қоғамдық ортада жұртты терроризмге үндеп, осы бағыттағы материалдарды дайындап, таратқан адамдар 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленеді. Осы ретте діни экстремистік ұйымдарды қаржыландыруға қатысқан адамдарды да осындай жаза күтіп тұрғанын ескертеміз.

Діни экстремистік ұйымдар құрып, оны басқарған тұлғалар заң алдында дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын айта кетуіміз керек.

Ел азаматтарының осы заңда көрсетілген жайттарды білуі маңызды. Ел ішін ала тайдай бүлдіретін діни топтарға қарсы күрес те күн өткен сайын күшейіп келеді. Бұдан басқа, осындай арам ойлы топтардың арбауына түсіп қалған азаматтардың ой-санасын оңалтып, қоғамдық ортаға қайта бейімдеу үшін жергілікті жерлерде оңалту орталықтары табысты жұмыс істеп жатыр.

Осы жайттардан елімізде діни экстремизмге қарсы күресті оң бағытта жұмыс істеп, ауыз толтырып айтатындай нәтижелерге қол жеткізіп жатқанын байқауға болады.

Зейнолла АБАЖАНОВ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here