Өндіріс пен өндірістен тыс салаларда еңбек ететін қызметкерлердің басын қосатын, өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін құрылатын кәсіподақ ұйымдарының қоғам үшін аса қажет екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Дамыған елдерде кәсіподақ ұйымдары өз жұмысын өткен ғасырдың 30-40 жылдарда бастағанын тарихтан білеміз. Бүгінде бұл жүйе қазақ қоғамынан да ойып тұрып өз орнын алды.

Іргелі еңбек ұжымында қарапайым азаматтардың құқықтық мүдделерін қорғауда кәсіподақ ұйымдары жан-жақты жұмыс істеп келеді. Жалпы, қоғамдық институт ретінде кәсіподақ ұйымдары әлемде екі ғасырдан астам уақыт бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді.

Уақыт өткен сайын кәсіподақ ұйымдары қызметінің мазмұны заман ауанына сай өзгеріп, дамып, жетіліп отырғанын атап айтуға болады. Әрине, бұл заңды құбылыс.

Кәсіподақ ұйымдары барлық кезеңде еңбеккерлер мен ұжымдастардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудан айныған емес.

«Алматы қаласы мен Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіптік кешендер және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің миссиясы да – қоғам дамуына үлес қосып жүрген еңбеккерлердің экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысу болып табылады. Бұл ұйымға Қазақ ұлттық аграрлық университеті қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті де мүше екенін айта кетуіміз керек.

Университеттегі кәсіподақ комитетінің төрағасы М.Жұматаевтың сөзіне сүйенсек, комитет өз жұмысын ұжымдық шарт, ҚР Еңбек кодексі, Кәсіподақтар туралы заң, ҚР Білім туралы заңы мен университеттің даму стратегиясы негізінде жүзеге асырып келеді.

Қазіргі таңда университетте 1500 кәсіподақ мүшесі бар. Кәсіподақ ұйымында ҚР Еңбек заңнамасының және ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес, қызметкерлердің еңбек қызметі процесінде олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбекті қорғау қағидаттары қатаң сақталады.

Кәсіподақ мүшелері жарналарын уақытылы аударып отырады және шарт бойынша түскен жарналардың 80 пайызы кәсіби қызметкерлерге қайтарылады.

– Біз халықаралық байланыстармызды үнемі кеңейтіп, дамытып отырамыз. 2004 жылдан бері IUF халықаралық кәсіподағының мүшесіміз. Жуырда «Тұрақты даму – кәсіподақтар стратегиясы», «Кәсіподақтардың тәжірибесі мен мүмкіндіктері», «Лайықты жұмыс орындарына қол жеткізу мен экономикалық өсудегі кәсіподақтарды рөлі» деген тақырыптарда өткен онлайн-курстарға қатысып, қызметкерлеріміз өздерінің біліктілігін шыңдады, – дейді М.Жұматаев.

Бүгінде кәсіподақтың ең басты жұмыс құралы келісімшарт. Яғни бұл жұмыс беруші мен еңбеккер арасындағы әлеуметтік жағдайларды, жұмыс орнындағы, Еңбек кодексіндегі қауіпсіздіктерді сақтайтын маңызды құжат. Сол себепті біздер қарапайым еңбек адамдарының жұмыс берушілермен арадағы келісімшарттарында еңбек қауіпсіздігін сақтауға қатысты барлық заңды талаптардың сақталуын қадағалаймыз. Осылайша, жүздеген еңбек адамдарының өз құқықтарын қорғап, сақтауына үйретіп келеміз. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарымызды ұштай түсетін боламыз.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Алматы қаласы мен Алматы облыстық

жергілікті агроөнеркәсіптік кешендер

және мемлекеттік мекемелер

қызметкерлерінің кәсіподағы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here