Алматы облысы Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында 30 жылға жуық еңбек ете жүріп, 3 бірдей мектеп ашып, 68 пәтерлі мұғалімдер үйін салған, бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған, Ұлы Отан соғысының ардагері Құдыс Әбсәметовтің туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Осы орайда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Ұлы дала тұлғалары» орталығының ұйымдастыруымен «Ұстаз құдыреті» атты танымдық дәріс болып өтті.

– Құдыс атамыз осы университеттің 1949 жылғы түлегі. Еңбек Ері атағын екінің бірі ала бермейтін заманда оны Мәскеу де, Кремль де мойындаған болатын. 1957 жылы директор болып тағайындалған сәттен бастап, аудан бойынша ең алғаш ер балаларға машина үйрену, еңбекке баулу кабинеттерін, қыздарға тігін, тамақ жасау секілді арнайы кабинеттер ашып, тіпті сол жерден киім тоқу шеберханасын да ашуға мұрындық болған. Қысылтаяң заманда 520 орындық мектеп ашу қиын болған тұста  сонау 1950 жылдары Еңбек Ері атанады, – деді кездесудің алғы сөзінде аталған жоғары оқу орнының ректоры, профессор Такир Балықбаев.

Сондай-ақ Құдыс Әбсәметовтің інісі Амангелді Дінбаев, «Құдыс Әбсәметов текті адам, Андас датқаның тікелей ұрпағы. Андас датқа 9 ағайынды кісі болған. Ел басқарып, шешендігімен көзге түскен ғұлама болған екен», деді қысқаша түсіндіріп.

Жалпы, мектеп директорының, ұстазының өнегелі өмір жолын кітап қылып шығарып, халыққа ұсынып отырған мамандар сирек. Десек те, ұстазы туралы еңбек жазған журналист, аймақтанушы Исмаилжан Иминовтің айтуынша, бүгіндері «Жұлдыздар фабрикасы» деп аталып кеткен сол мектептен ғарышкер Талғат Мұсабаев, Новосібір авиациялық зауытының бас директоры В.Яковенко, генералдар Василий Шимолин, Слэм Әбсәметов, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Нұрпейіс Қасымов, Орынбасар Мүлкібаев, Бекет Махмұтов, Кенжебек Омарбаев, Еркебек Арғынбаев, экономика ғылымдарының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Төтенше және өкілетті елшісі Бақыт Оспанов, композитор Әсет Бейсеуов секілді көптеген есімі қазаққа мәлім тұлғалар оқып шыққан.

Танымдық дәріске сондай-ақ педагогика және психология институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Берікжан Айтқұлұлы Әлмұхамбетов, Құдыс Әбсәметовтың інісі Амангелді Дінбаев, баласы, заң ғылымдарының докторы, генерал-майор Сләм Құдысұлы Әбсәметов және шәкірттері – журналист, аймақтанушы Иминов Исмаилжан, қоғам қайраткерлері, экономика ғылымдарының докторы, дипломат Бақыт Сағындықұлы Оспанов, Жамбыл ауданы білім бөлімінің бастығы Ләйләш Хамитқызы Бакирова, Әсет Бейсеуовтің туған інісі Амангелді Бейсеуов, сол өңірдің ақын-жазушысы Маруна Хамзақызы қатысып, ұстаз туралы өз естеліктерімен бөлісті.

Өз балаларын «Білім алсаң адам боласың, білімсіз болсаң шабан боласың» деген қағидамен өсірген Құдыс атамыздың ұрпағы бүгіндері бір-бір құзырлы органдарда қызмет етіп, ел басқарып отырғаны да айтылды.

Бұл күндері Қ.Әбсәметов атындағы орта мектепте ұлы ұстазға арналған үлкен мұражай бар. Онда ұстаздың барлық қолданған заттары мен кітаптары, өз қолымен жазған журналдары мен қолжазбалары қойылған.

Кеш соңында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының Социалистік Еңбек Ері Құдыс Әбсәметов атындағы орта мектептің 11 А сынып оқушылары ұлы ұстазға арнаған өлеңдерінен шашу шашты.  

Әсел Назаралы, «Ұлы дала тұлғалары» орталығының ғылыми қызметкері

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here