Денсаулық сақтау мүддесін әлеуметтік қорғаудағы мемлекеттік жүйе  2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап толығымен іске қосылады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру еліміздің әр азаматына қатысы бар тың реформа болып табылады.

Медициналық сақтандырудың аралас моделін таңдаған еліміз халықты медициналық қызметтердің жоғарғы сапасымен  және денсаулық сақтау пакетімен қамтамасыз етеді.

Осыған орай Алматы облысы  бойынша МӘМС үшін жарна және аударымдар ретінде 540 млн теңге аударылған болатын.

Денсаулық сақтау саласына жаңа өзгеріс енгеннен кейін,  аталған  саланың бюджеті 1,5 есеге артып, 115,9 млрд теңгені құрады. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін қаржыландыру көлемі  36 млрд теңгеден асып жығылады.

– 2020 жыл басталғалы бері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 73 медициналық ұйымдармен келісімшарттар жасады, оның ішінде 44 медициналық ұйым мемлекеттік меншік, 29-ы жеке меншікке тиесілі, – деді Алматы облысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» КЕАҚ директоры  Нұрлан Таңжарықұлы.

Жыл басынан бері денсаулығын жақсарту үшін ақ халаттылардың қызметін тұтынудың оң нәтижесі байқалады.

Ұсынылатын стационарлық қызметтер көлемі жоспарланғанға қарағанда 22,4% -ға өскен. Жедел жағдайлар, керісінше, 12% -ға төмендеген. Осыдан-ақ науқастардың жағдайы тұрақтанғанын және де жоспарлы түрде ем қабылдап жатқанын аңғаруға болады. Ал консультациялық-диагностикалық қызметтерге жүгіну 2019 жылғы қаңтармен салыстырғанда 10,5 есеге артты. Соның ішінде КT және MРТ қызметтерін қолдану 50%-дан жоғары деңгейге жеткен. 

Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін елдің барлық тұрғындары шартты түрде сақтандырылған болып саналады және олар ТМККК және МӘМС пакеттері аясында медициналық қызметтерді тегін ала алады.

Осы кезеңде азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтап, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелуі керек. Жеңілдік кезеңі аяқталғаннан кейін, сақтандырылмаған пациенттер денсаулық сақтау ұйымдарынан көмек алуды жалғастыра береді. Ол тек медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ғана, қалған қызметтер ақылы болады. Сондықтан 31 наурызға дейін МӘМС жүйесіне тіркелу қажет.

Анар САБЫРОВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here