Айна

0
1851

Сая сөмкесін бip қуысқа лақтыра салды да, көңілсіз күймен диванға сылқ етіп отыра кетті. Бұл әлдекіммен ренжісіп қалғандағы әдеті. «Осы менікі дұрыс па еді?» деген ой өзін күндіз-түні жегідей жейді. Түнде түсінде сол қызбен татуласып, мәре-сәре болып жатады. Сая биыл сегізінші сыныпта оқиды. Кейінгі кезде сабақ оқуға зауқы соқпай жүр. Онан гөрі ойға шомып, анасын еске алып отырғанды ұнатады.

Бүгін ең жақын құрбысы Маржанмен ренжісіп қалды. Бәленің басы сол бір ерекше ыстық, дөңгелек айнадан басталды.

Оны апасы тірі кезінде алып берген-ді. Апасы осы айнаны алып бергеннен кейін, көп ұзамай жүрек талмасынан қайтыс болған. Айнаны Саяға ескерткіш есебінде алып бергендей екен. Басқа да заттар алып беріп жүрді ғой. Бірақ осы айна Саяға ерекше ыстық. Бұл айнаны алып берген күн әлі есінде. Ол кезде Сая төртінші сыныпта оқитын. Сол күні Сая ерекше қуанып, күні бойы мәз-мейрам болып, өзінің жүзін айнадан көріп «осы менмін бе» дегендей, қайта-қайта көз салады. Пісте мұрынды, қайқы кірпікті, ақ сары қыз өзіне күлімсірей қарап тұр…

…Қоңырау соғылды да балалар орындарынан дүркірей көтеріліп, мұғалімді көздерімен ұзатып салды. Ұстаздары шығып кеткен сәттен бастап сыныптың іші у-шу болып кетті. Кеудесін кере есінеп, керілген Маржан Саяға жақындады.

– Сая айнаңды бере тұршы, – деп сыңғырлай сөйлеген құрбысына Сая хан тәжін ұстап тұрғандай жәйімен ұсынды. Маржан толқынды қара шашын тарап, айнаға күлімсірей қарады.

– Мен жақында туған күнімді жасамақпын. Келесің бе?

– Әрине, – деді Сая екі көзін айнадан айырмай. Қолынан түсіріп алып, сындырып қоя ма деп қауіптеніп тұр. Шашын тарап болған соң, Маржан шыр көбелек айналып билей жөнелді.

– Мен енді би үйірмесіне қатысатын болдым. Мама менің биге икемім жақсы екені айтты, – деп Маржан айнадағы бейнесіне бұрынғыдан бетер сүйсіне түсті. Кенет дөңгелек айна жерге құлап, сынып қалды.

 Сая күл-паршасы шыққан айнадан анасының мұңды бейнесін көргендей болды. Ол ашудан тұтығып кетті.

– С.. сен не істедің?

Маржанның ақ құба өңі қызарып кетті. Ұялып, кешірім сұрар деп күткен Сая оған жанары жасаурай қарады. Жоқ, олай болмады. Маржан ашудан қалш-қалш етті.

– Немене, сол айнаға бола, сонша неге қиналасың? Ертең-ақ әкеп беремін мұндай «мусордың» бес-алтауын. Сая басқаны күтсе де, мұндайды күтпеп еді, көңілі құлазып кетіпті. Жұлқына Маржан кетіп барады. Содан кейін екеуі ләм-мим деп тіл қатысқан жоқ. Бүгін сабақта Маржан тағы бір сыныптас қызы Нағимамен шүйіркелесіп, Саяға назар аудармады. Анасының көзіндей болған айнаны сындырғанына қатты қапаланған Сая құрбысымен сөйлесуге зауқы болмады.

…Сая таңертеңгі жағдайды есіне алды да, ас бөлмеге бет бұрды. Газға ақ шағаладай ақ шәйнекті қойып, астына лып еткізіп, сіріңке жақты.

Дәл осы уақытта қоңырау шылдыр етті. Сая жүгіріп барып есікті ашты. Көкесі екен.

– Есікті неге іліп қойғансың? Мұндай әдетің жоқ еді ғой?

Сая құрбысына ашуланып жүріп есікті іліп қойғанын енді білді. Көкесіне не дерін білмей, қызарып кетті.

– Қызым, көңілсізсің ғой?

– Жай, басым ауырып.

Сая шай құйып отырып, әкесіне барлай қарады. Ақ шаштар әр жерден қаулай бастапты. Әжімі де тереңдей түскені ме, қалай?

Тамақ ішіп болып, көкесі өз бөлмесіне кетті. Дастарқан үстін жинап жүрген Сая аяғына ыстық су төгіп алды. Дереу ем жасай бастады. Көп ұзамай дәрігерлер келіп, Саяны ауруханаға алып кетті.

Жарты ай ауруханда жатып, Сая үйіне жазылып келді. Ойлы кейіпте отырған оның көзі анасының суретіне түсті. Егіліп қоя берген ол, апасының киімдерін алып, бауырына басты. Анасынан күбірлей қайта-қайта кешірім сұрады. «Апа, кешір! Айнаңды сындырғанмен көңілімнен өшкен жоқсыз» деді. Кенет, ол артында біреудің тұрғанын байқады. Қараса, Маржан селтип бұған таңдана қарап тұр. Қолында айна. Дәл апасы алып берген айнадан аумайды. Сая апасы тіріліп келгендей төрде ілулі тұған анасының суреті мен айнаға тілміре қарады.

Көзінен аққан жасы ақша бетін жауып кеткенін өзі де аңғармады.

Ботагөз САЛМҰРАТОВА

Қызылорда қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here