Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры журналистер қауымының басын қосып, биылғы жылғы бағдарламасын таныстырды.

Осы шараға қатысқан «Қала мен Дала» тілшісі ұжым директоры Ая Қалиевамен театрдың биылғы жылғы жоспарлары туралы сұхбаттасқан еді.

– Ая Жәкенқызы, биыл театр көрерменін қандай тың дүниелермен қуантпақ?

– Әлбетте, әрбір қойылым көрерменге арналады. Көрерменсіз – театр тұл. Биыл өз көрермендерімізді, оның ішінде осынау саф өнерді ардақтайтын қауымды жаңа, тың туындылармен қуантамыз.

Бұдан бөлек, биыл ел тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың мерейтойы. Осыған орай Сәкен Сейфуллин, Гүлфайрус Ысмайылова, Евгений Брусиловский, Қанабек Байсейітов, Сыдық Мұхамеджанов, Байғали Досымжановтардың құрметіне арнап «Қыз Жібек», «Біржан – Сара», «Жұмбақ қыз» секілді айшықты операларды жаңа үлгіде сахналаймыз. 

Жалпы, биылғы жыл ерекше жыл. Неге десеңіз, қазақ өнерінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлердің мерейтойына толы биылғы жыл. Мұны ескермей кету дұрыс емес.

Осы себепті де театрымыздың 86-маусымында осынау ұлы тұлғаларды насихаттауға барынша көңіл бөлеміз.
– Біз білсек, сіз басқаратын театр сәуір айында премьера ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Биыл бұл бастама жалғасын таба ма?

– Әрине, игі дәстүрді әрі қарай жалғастырамыз. Алдағы айда сіздерді екі бірдей көптен күткен үлкен премьера күтіп отыр.

 Оның бірі танымал италиялық режиссер Лучано Канитто және әлемге әйгілі дизайнер Уильям Орландо ұсынатын «Корсар» балеті. Бұл балеттің ерекшелігі – стенографиялық мазмұндағы шешімдері бар.

Ал екінші белгілі орыс режиссері Алексей Смирнов мырзаның «Анна Франктің күнделігі» деп аталатын операсы.

Екі туынды да көрермен көңілінен шығады деп ойлаймын.

– Халықаралық театр күніне қандай жоба-жоспарларыңыз бар?

– Бұл күн театр өнерін бағалайтын көрермен үшін ерекше дата деп есептеймін. Бұл күнді елемей өту мүмкін емес. Сондықтан да 27 наурызда Халықаралық театр күнінің құрметіне «Опера түні» атты квест әзірлеп отырмыз.

Бұл қойылым көрермен есінде көпке дейін сақталатыны анық. Себебі бұл күні театрға келген қауым кәстөмді қойылымдар және де жарық түсіретін шеберлер мен суретшілердің алуан түрлі туындыларын көре алады.

– Биыл еліміздің қай өңірлеріне гастрольдік сапармен барасыздар?

– Биыл біздің елімізде ұлы той. Ұлы Абайдың 175 жылдың мерейтойы.  

Сондықтан да алдымен Семей қаласына ат басын бұрамыз. Бұл сапар наурыз айына жоспарланған.

Абайдың кіндік қаны тамған қасиетті өлкеде «Абай» операсын сахналайтын боламыз.

Бұл Семейдегі соңғы сапарымыз болмасы анық. Мамыр айында қалаға қайта оралып, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай әлемі» атты опера фестиваліне қатысамыз.

– Биыл қай мемлекеттерге сапар шегесіздер?

– Абайдың тойы аясында қазақ музыкасы өнерінің өресін паш ету үшін Ұлыбритания, Түркия және Ресей еліне гастрольдік сапармен барамыз.

Сонымен қатар мерейтойды атау кезінде Франция, Парижде үлкен шара өтеді. Міне, осы шарада «Абай» операсын француз елінің көрермендеріне паш етеміз.

Әңгімелескен Роллан МҰҚАМЕТҚАЛИ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here