«Алатау» дәстүрлі өнер театрының» әншісі, республикалық конкурстардың лауреаты Санат Исаев төл өнерімізді насихаттап жүрген өнерпаз. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Түменбай ауылының тумасы Санат Ауғанбайұлының бойына әншілік өнер әкесінің қанымен, анасының сүтімен дарыған.

 

– Санат мырза, сізді дәстүрлі өнердің қазанында қайнап, мәдени мұрамызды дәріптеп жүрген азамат деп танимыз. Есеп беру концертін өткізгелі жатқаныңызды естідік. Енді осы жайлы кеңінен тоқтала кетсеңіз?

– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың идеясымен, Алматы қаласының әкімі

Б. Байбектің қолдауымен бой көтерген «Алатау»  дәстүрлі өнер театры» мәдениет пен дәстүрлі өнердің ордасы. Бүгінгі күнде Еуропаның даңғаза музыкасы жайлап, дәстүрлі өнеріміз шеттеп тұрған заманда, ұлттық құндылығымызды сақтап, атадан қалған мұрамызды аманат қып арқалап жүрген жайымыз бар. Алдағы мақсатымның бірі «Алатау» дәстүрлі өнер театрының» киелі сахнасында қазан айының 3 жұлдызында «Алатау алабында Санат  Исаев» атты жеке есеп беру кешімді абыроймен өткізу. Бүгінде Театрымыздың Бас режиссері Жұлдызбек Жұманбаймен бірлесіп, қызу дайындықты бастап кеттік. Шығармашылық кеш 4 бөлімнен тұрады деп жоспарлап отырмыз. Репертуарымдағы қазақ классиктері Біржан сал, Ақан сері, Ыбырай, Балуан Шолақтың  әндері алғаш рет «Алатау» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің сүйемелдуімен орындалады. Концерттің  ерекшелігі тек дәстүрлі әндер шырқалады. Ән қоржынымда заманауи эстрада бағытындағы әндер жоқ. Дәстүрлі әнші болғандықтан осы бір бағыттан таймай, қазақтың ән-күйін әуелетсем деймін.

– Қаскелең мәдениет колледжінің күй класын бітіріп, әншілікке бет бұруыңыздың себебі неде?

– Әу демейтін қазақ жоқ! Ата-анам өнерден құр алақан емес еді. Исадан тараған 12 ағайындының ішіндегі бас көтерері менің әкем болды. Әкем эстрада-цирк колледжінде Болат Сарыбаевтан 5 ай ғана тәлім алды. Оқуын жалғастыра алмаған себебі, әке-шешесінің мал шаруашылығына көмектесемін деп ауылға қайтқан. Сөйтіп, консерваторияға түсу оның арманы болып қалды. Мен әке арманын жалғастырып, 1998 жылы Қаскелең мәдениет колледжінің күй класына оқуға түстім. Колледжді тәмамдаған соң, 2001 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының Рамазан Стамғазиев класы, Арқа мектебіне құжат тапсырдым. Осылайша таныстарымның: «сен әнге барсаңшы, дауысың жақсы ғой?!» – деген қолдау сөзі мені осы салаға бет бұрғызды. Емтихан қабылдаған Қайрат Байбосынов ағамыз да: «Қарағым, дауысың зор екен ғой!» – деп,  жоғары баға қойып, қолдауын көрсеткен еді. Сөйтіп, армандар орындалатынына тағы да көзім жетті.

Өнердегі ұстазым өмірдегі ұстазыма айналды. Рамазан Стамғазиевтың «Сендер бір адамның орнына келдіңдер. Осы оқуға қаншама адам түсе алмай жылап кетті. Сендер, сол бір адамның орнын алып жүргендіктен оқуларың керек! Өнер ата-бабамыздан сендерге берілген бай мұра, үлкен аманат» деп, үнемі санамызға құйып отырды. Ұстазымның қамшылап айтқан сөздері өмірлік ұстанымыма айналды.

Жетісу жерінің тумасы, Кенен, Қапез, Сарықожа, Жамбылдай жыр алыптарының топырағында, қазақи тәрбиеде өскен Санат Ауғанбайұлы 10 жыл мектепте ұстаздық етті. Өмірде бар түйгенін шәкірттеріне үйретті. Өнердегі шәкірттері лауреат атанып, өнер бәйгесінде озат келді. Өмірдегі ұстазы әкесі Ауғанбай болса, өнердегі жөн сілтер ағалары Рамазан Стамғазиев пен Қайрат Байбосынов болды.

– Әкеңіз әншілік өнерді таңдағаныңызға қарсы болмады ма? Қаншалықты құптады?

– Әкем музыкалық аспаптарды жетік меңгеріп, шебер орындаған. «Арманыңды  жүзеге асырғың келсе, қабілетің мен еңбегің сыңар болу қажет. Сонда ғана, өнерде қанатың қатайып, өзегің талмайды»  дейтін.  Отбасымызбен өнерге бір табан жақынбыз. Әкем көп еңбек етіп, бізді жетілдіру үшін барын аямады. Өнер жолында жүрмесе де, өнердің көтерер жүгі ауыр екенін, еңбекті талап ететінін әрдайым есімізге салып отыратын.

– Қазіргі таңда дәстүрлі өнерімізді қалай дәріптеу керек және қандай амал қолдана аламыз?

–  «Алатау» дәстүрлі өнер театрының» директоры Берік Жүсіповтың «дәстүрлі өнер балабақшадан бастап насихатталу керек» деп баспасөз беттерінде жарияланған мақаласымен толықтай келісемін. Қазақтың шаңырағында домбырадан кейінгі ілулі тұратын қара радионың құдіреттілігі ұрпақты тәрбиеледі. Бала күнімнен радиодан Қайрат Байбосыновтың орындауындағы Ақан серінің әні «Балқадишаны» тыңдап өсіп,  әнге деген құштарлығым оянды. Жазба әдебиетіміз дамымай тұрып, ауызша әдебиетіміз тараған. Сол себепті халық арасында «құйма құлақ» деген ауызекі сөз тараған-ды. Ата-бабамыз қанша қуғын-сүргін көрсе де, дәстүрімізді сақтай білді. Бабалар мұрасы ғасырымызға саф қалпында жетті. Өнеріміз әлі-ақ дамиды, ол өлмейді! Оған үлесін қосып жүрген ағаларымыз да бар. Айта кетсем, Рамазан аға мен Мұрат Әбілғазы сынды кісілер. Қазір техника дамып тұрған сәтте үлкен мүмкіндік бар. Өнерді дамыту үшін әркім өз отбасынан бастағаны абзал. Адам баласының кемшілігі өзін емес біреуді тәрбиелегісі келіп тұратыны. Сіз өзіңізден бастаңыз. Мысалы, мен үйде концертке дайындалып жүріп, бір әнді айтсам, екі-үш күннен кейін балам сол әнді ыңылдап айтып жүреді. Яғни, бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.  Балаға өнерді балабақшадан бастау керек екендігінің тағы бір дәлелі осында. Үлкендер үйде ән айтып жүрсе, балалардың құлағы үйренеді. Сіз боп, біз боп қолға алсақ, дәстүрлі әндеріміз мәңгі жасайды.

– Алдағы жоспарыңызбен бөлісе отырсаңыз?

–  «Алатау» дәстүрлі өнер театры» – біздің екінші үйіміз. Театр басшысы Берік Мырзалыұлы дәстүрлі өнеріміздің дамуына үлес қосып, өнерпаздардың сахнада шыңдалуына үлкен мүмкіндік жасап отыр. Соның арқасында бойымыздағы бар өнерімізді осы сахнаға жұмсаймыз. Театрымыздың қолға алып отырған жобаларының бірі – Жамбыл  спектаклі. Ұжым болып дайындықты бастап кеттік. Бұл басқа спектакльдерден бөлек болайын деп тұр. Қойылымның ерекшелігі Театр актерларымен қоса әншілер де өнер көрсетеді. Абай атындағы опера және балет театрының әр маусымы «Қыз Жібек» операсымен ашылса, Театрымыздың әр маусымы «Жыр-жолбарыс» спектаклімен ашылмақ деген сенімдеміз. Сондықтан ұжымдағы өнерпаздарға сәттілік тілеймін!

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Назгүл Нұрсағат, Дәстүрлі өнерді дамыту және үйлестіру бөлімінің қызметкері

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here