Діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру

0
1833

Лаңкестік оқиғалардың алдын алуда ел-жұртпен тілдесіп, олардың пікірін білген аса маңызды.

Осы ретте «Қала мен Дала» тілшісі «Лаңкестік және экстремизм мәселесін зерттеу орталығы» өкілдері ұйымдастырған шараға арнайы қатысып қайтты. Орталық мамандары Алматының ірі-ірі базарларына, атап айтар болсақ, Жетісу, Байсат, Тастақ, Ялян, Кенжехан, Саламат секілді сауда орындарына арнайы ат басын бұрып, осындағы саудагер қауымымен жүздесті.

Шара аясында базардағы қауымға еліміздегі діни қатынастар мен діни қағидаларға қатысты, бұдан бөлек, лаңкестікке қарсы тұру бағытындағы заң нормаларын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Мұндай шараларды жиі ұйымдастырғанның маңызы зор. Біріншіден, жалпы халық дін саласындағы мемлекет деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстармен, заңдағы өзгерістермен таныс болады. Тиісінше, діни саладағы заңдық сауатын арттырады», – дейді бұл ретте орталық мамандары.

Кездесу барысында базардағы жұртшылыққа, жалпы базарға сауда жасауға келген қала тұрғындарына дін саласындағы заңнамалық нормаларға енген өзгерістер түсіндіріліп, орталық мамандары тұрғындардың еліміздегі діни ахуалға қатысты көзқарасын білді. Діни лаңкестіктің себеп-салдарын талқылады, таразылады.

 «Бастысы, мақсатымызға жеттік. Шара аясында лаңкестікке қарсы тұруға негізделген еліміздегі заңнамалық өзгерістерге байланысты тұрғындар өз пікірлерін айтты. Орталық мамандары өз тарапынан діни ұйымдардың қызметі, олардың үкіметпен қарым-қатынасы, діндар және атеист азаматтардың құқығына қатысты халықтан қойылған түрлі сауалдарға жауап берді», – дейді бұл ретте лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығының бас маманы Қарлығаш Касаинова.

Сауалнамаға қатысқан, кеңес берілген жұртшылыққа қазақ және орыс тілдерінде діни заңнаманың ережелері егжей-тегжейлі жазылған материалдар таратылды.

Орталықтың тағы бір өкілі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистрі Нұрлан Орынбековтің айтуынша, Алматыдай мегаполиске еліміздің түрлі өңірлерінен келетін халық көп.

«Жұмыс іздеп келетіндердің дені базарларды төңіректейді. Шарамызды Алматының ірі-ірі сауда орындарында өткізуіміздің себебі осында. Базардағы қауымға лаңкестіктің салдары қандай болатынын барынша байыптап түсіндірдік.

Оның ішінде теріс бағыттағы ағымдардың тұтқынына түсіп қалмаудың амалдарын айттық, діни сауатты толықтырудың заңды жолдарын жіпке тізіп бердік, толеранттылықтың түпкі мәнісін баяндап бердік. Бұл шара бүгінмен аяқталмайды. Алда дәл осындай ауқымды жұмыс күтіп тұр», – дейді ол.

Орталық мамандары, әсіресе деструктивті діни ағымдардың қоғам арасын алатайдай бүлдіретінін айтып, бұл тарапта базардағы қауымға мол мәлімет берді.

Мамандар пікірінше, лаңкестікке қарсы мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізгі аспектілерін халыққа әлі де түсіндіре түсу қажет. Міне, сол кезде жалған діни ұйымдардың жетегінде кеткен азаматтардың саны азаяды.

«Халық қоғамның құндылығы – татулықта екенін жақсы түсінеді. Бірақ татулықтың іргесін әрдайым нығайтып отыру қажет. Бұл үшін жұрттың заңдық сауатын арттыру аса маңызды» дейді орталық мамандары.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here