Лаңкестік Қазақстан ғана емес, күллі әлемді алаңдатып отырған мәселе. Діни экстремизм ақпараттық технологиялармен қатар дамуда.
Ал оның алдын алу үшін ақпараттық технологиялардың керуеніне ілесе білу қажет.
Күн сайын дүниенің әр түкпірінде бір дүмпу орын алады. Бейбіт тұрғындардың қаны төгіліп, ондаған, жүздеген отбасы аңырап қалатын жағдайға күнде куә болатынымыз жасырын емес.
Діни экстремизм адам мен адамның, ұлт пен ұлттың арасына от қойып, араздастыруды мақсат тұтады. Соның ішінде дін исламның атын жамылып, өздерін дінді тазартушылар, құтқарушылар деп әспеттейтін лаңкестік топтар бар. Шындығында, олардың мұсылманшылыққа, исламға еш қатысы жоқ.
Дін маманы ретінде жалпақ әлемге жиһад жариялап, жарылыс санайтындардың діни сеніміне қатысты сұрақ жиі қойылады. Анығында, бұларды мұсылманға теңеудің өзіисламға шүбә келтірумен тең.
Бұл жалғыз біздің тұжырымымыз емес, соның ішінде Мысырдың, Сауд Арабиясының әлем ғалымдары мойындаған ғалымдары мен діни орталықтары исламның атын пайдаланып, қолын қанға малғандарға әлдеқашан шын бағасын берген.
Мойындауға тура келеді. Мұндайлардың кесірінен Исламның атына кір келуде. Әлгіндей арандатушылардың сөзіне сенгендер, күллі мұсылман әлеміне күдікпен қарайтын болды.
Кез келген діннің басты мұраты – адами құндылықтарды ұлықтау, жұртшылықты жақсылыққа шақыру, бірлікке, ынтымаққа үндеу. Дін ислам әркезде осы мұраттан, осы ұстанымнан тайған емес.
Ендеше, діннің атын жамылғандар не себепті жауыннан кейінгі саңырауқұлақтар қаулап барады? Мұның бір себебін әлеуметтік желімен байланыстырған жоқ. Деструктивті дін өкілдерінің көпшілігі өз насихатын әлеуметтік желілер арқылы жүргізуде. Ақпараттық технологияның мүмкіндігін сарқа пайдаланып отырған да осындай теріс ағымдардың өкілдері.
Осы себепті оларды айыптау туралы айтқанда, алдымен әлеуметтік желідегі теріс насихатты ауыздықтау керек.
Бұл бағытта еліміз бірқатар шараларды дер кезінде қолға алды.
Біріншіден, «адасқандардың» бетін бері бұратын ақпараттық түсіндіру топтары құрылды. Мұндай топтар әзіргі күні еліміздің барлық өңірінде бар. Олардың құрамына белгілі дінтанушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері енген. Осы топтар қазіргі күні теріс ағымдардың жұмыстарын әшкерелеу жұмысын жүргізуде.
Екіншіден, адамды тура жолдан тайдыратын мұндай ағымдардың ақпаратымен күрес жұмыстары қолға алынды. Көшбасшыларының дәрістері, әдеби кітаптарға тосқауыл қойылды. Сайттары бұғатталды. Қазіргі күні мемлекеттік деңгейде теріс ағымдардың насихатты анықтау үшін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіледі.
Мұндай топтардың тынысын тарылту мақсатында еліміздің дін мамандары соңғы үш жылда 9 мыңнан астам діни әдебиеттің мазмұнын тексеріп, соның 700-ден астамына теріс қорытынды берді.
Былайша айтқанда, елде тыйым салынған ағымдардың аты аталған діни өнімдердің ел аумағында таралуына тосқауыл қойды.
Үшіншіден, «адасқандарды» оңалту орталықтары құрылды. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында «Ақниет» оңалту орталығы, Ақтөбе қаласында «Аңсар» және Атыраудағы «Шапағат» орталығы теріс ағымдардың ықпалына шалынған азаматтарды тура жолға түсіруде үлкен іс атқарып отыр. Бұл арада білікті теологтар жұмыс істейді. Олар өз тарапынан дәстүрлі дінінен бас тартқан азаматтардың неліктен мұндай амалға барғанын, олардың діни білімдерін, психологиясын жан-жақты саралап, арнайы әдістеме құралдары арқылы қоғамға қайта бейімдеу жұмыстарын жүргізуде.
Айналып келгенде, оларды оңалту, қоғамға бейімдеу бәріміздің ортақ міндетіміз.
Бұдан бұрын еліміздің Бас мүфтиі деструктивті мәндегі ағымдардың көбейіп кетуіне Тәуелсіздіктің елең-алаңында шетелге діни білім алуға аттанып, сол жақтағы теріс ағымдардың тұзағына түскен діндарлардың себепші болғанын айтқан. Бұл өтірік емес.
Алайда еліміз бұл мәселені де дер кезінде қолға алды. Мемлекеттік деңгейде Ресейдің, Мысырдың, Түркияның діни оқу орындарымен келісімге қол қойылды. Бұдан былай Діни басқарманың келісімінсіз шетелде оқып келгендер діни қызметке қабылданбайды.
Ендігі мәселе – әлеуметтік желіні қолға алу. Теріс діни ағымдармен толық ауыздықтағысы келсе мемлекет әлеуметтік желілерге көп көңіл бөлуі керек.
Айталық, әлеуметтік желілерге, видео парақшаларға Сирия кетіп, артық опық жеген азаматтардың оқиғаларын жүктеген жөн. Бұл өз кезегінде сол жаққа аттануға әзірленіп жүргендерді ойынан айнытады.
Балғабек МЫРЗАЕВ,
Дінтанушы, теология ғылымдарының докторы