Әли Аманбаев: «Қазақстанда мүгедек жандарды қорғайтын заңнама нығайып келеді»

0
1762

Өркениетті елдерде мүмкіндігі шектеулі жандарды кеудесінен итермейді. Төсегінде таңылып жатпайды олар. Қоғамдық өмірге өзгелермен қатар қойын-қолтықтасып, белсенді түрде араласады.

Ал біздің елде мүгедектерге деген көзқарас қандай осы? Олардың кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасалған ба? Мүгедектердің мүддесін ескеріп, оларды бөтенсімейтін кедергісіз орта қалыптастыру үшін қандай қарекет жасадық осы күнге дейін? Қазақстан Мүгедектер ұйымының төрағасы Әли Аманбаев осы тақырыптағы ой-пікірін ортаға салған еді.

– Әли аға, біздің білуімізше Қазақстанда сал ауруына шалдыққан 600 мыңнан аса адам бар екен. Осы 600 мың азаматты қазіргі күні қандай мәселе толғандырады?

– Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамдық өмірге әлі де болса кіріге алмай отыр. Еңбекке, бизнеске, спортқа және басқа да салаларға араласатын әлеуеті болғанмен, мүгедектер мен қоғамды интеграциялайтын амалдар әлі табылған жоқ.

Біздің талабымыз – тең мүмкіндік. Көлікпен жүруде, білім алуда, ем-дом қабылдауға келгенде әлі күнге дейін тең мүмкіндікке ие емеспіз. 

Бұл арада тек мемлекетті кіналаудан аулақпын. Мәселе қоғамның өзінде жатыр. Мүгедектерге деген қоғамдық көзқарасты өзгертпей, осы бағыттағы проблемалардың түйіні тарқалмайды.

Мемлекеттік деңгейде мүгедектер мәселесін шешу осыдан 7 жыл бұрын Үкімет мүгедектер құқығы туралы Конвенцияға қол қойған. 

Осы Конвенция аясында былтырғы жылға дейін мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау және тұрмыс жағдайын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Конвенцияның нәтижесінде Мүгедектерге қатысты көптеген құжаттарға өзгеріс енді.

Бір ғана 2014 жылы 30-ға жуық нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Мүгедектерге деген қоғамдық көзқарасты өзгерту үшін заңға өзгеріс енгізу керек, заң өзгермесе нәтижеге жетуіміз қиын.

Мысалы, біз кезінде мүгедектігі барларды жұмыспен қамтамасыз етуде 3 пайыздық квотаны заңмен бекітпедік. Олар сондықтан жұмыс істей алмайды. Енді ол заң күшіне енеді, енді кез келген мекеме, оның ішінде сіздің редакция да, жұмыс орнының 3%-ын мүмкіндігі шектеулілерге беруі тиіс.

– Дамыған Батыс елдерінде осы шартты орындайтын кәсіпорындарға мемлекет жеңілдіктер мен артықшылықтар береді. Ал бізде қалай?

– Дұрыс айтасыз. Мүгедектерге қол ұшын созған мекеме мен кәсіпорынға мемлекет көмек қолдауын көрсетуі маңызды. Менің білуімше, өзіңіз айтқан Батыс елдерінде билік мекемелердің, дәретханалардың, машина тұрақтарын қайта жабдықтауға қаражат бөледі. Мемлекет мүгедектердің жалақысының бір бөлігін төлейді. Әрине, бізде де солай болуы тиіс. Айталық, ерекше мұқтаждығы бар жұмысшының жалақысы 120 мың теңге болса, оның 40 мыңын жергілікті билік органдары төлейді. Қорғаудың осындай тетіктері көп. Олардың ішіне тұрғын үй мәселесі мен айыппұл салу мәселелері де кіреді. Егер қандай да банк, не ЖОО бізге қолайлы жағдай жасамаса, оны сот арқылы мәжбүрлеуге болады.

– Дұрыс қой. Бірақ жаңадан салынған кейбір әлеуметтік нысандарда мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына жағдай қарастырылмағанын көргенде көңіліміз құлазитын кездер болады.

– Дұрыс байқағансыз. Өз басым жаңадан салынған мектептерге барғанда олардың біразы қажетті пандустармен жабдықталмағанын көрдім. Сол сияқты ірі сауда нүктелері де әйтеуір көңіл жықпастықпен пандусқа ұқсас бірдеңелерді салып қояды. Бірақ өз басым алдағы уақытта жағдайдың жақсарарына сенімдімін. Өйткені бізді қорғайтын заң бар. Қандай да бір мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы бұзылып жатса, оны қорғауда заң орындары салғырттық танытпайтынын байқадым.

– Жоғарыда Үкіметтің мүгедектердің құқығын қорғайтын Конвенцияны қабылдағаны жайында айттыңыз. Бұл құжаттың қандай игілігін көріп отырсыздар? 

– Конвенция қабылданғаннан кейін көптеген заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Ал нақты жұмысқа келетін болсақ. Жоғарыда 3 пайыздық квота мәселесі жайында айттық қой. Егер кәсіпорын қандай да бір себептермен мүгедектігі бар адамды жұмысқа ала алмайтын болса, ол белгілі соманы арнайы құрылған қорға салуына, заң алдындағы міндеттемесін орындауына болады.

Осылайша, кәсіпорындардан жиналған қаржыға жергілікті билік органдары не өздері жаңа жұмыс орнын ашады, не ондай жұмыс орнын ашқысы келетіндердің шығынын өтейді.

– Мүмкіндігі шектеулі жандармен тағы қандай мемлекеттік мекемелер тығыз жұмыс істейді?

– Бізбен Көлік, коммуникация саласына жауапты мекемелер тығыз жұмыс істейді. Бүгінде еліміздің барлық бағытына жүретін пойыздарда кресло-арбаны қолданатын мүгедек жандардың қажеттілігіне лайықталған вагондар іске қосылған, өте ыңғайлы.

Сонымен қатар әуежайда да жақсарғанын байқауға болады. Арнайы оқытылған агенттер ерекше мұқтаждықтары бар адамдарға ұшақтың бортына отырар кезде немесе түсер кезде олардың жайлы қозғалуын қамтамасыз етеді.

Әуе жолсеріктері мүгедек жандарды күтіп алу, жүгін тіркеу және рәсімдеу кезінде көмек көрсету, арбасына ілесіп жүру кіреді. Мен қызмет көрсетуде бәрі күшті дей алмаймын, алайда алға жылжулар бар.

Бәріне салыстырмалы түрде қарауға болады. Айталық, Германияда агенттердің қызметі жақсы жолға қойылған.

Франкфуртке барғанымда ол жақта адасып кетпесін деп менімен бірге бір агент ілесіп жүрді. Мен өзім де таба алатынымды айтып, бас тартқам, бірақ олардың мені тыңдағылары да келген жоқ. Демалыс бөлмелерінің барлығы жабдықталған – диван, кофе, шай, шырын, тіпті сыраға дейін тұрды!

Өз басым елдегі жақсы өзгерістерді айтып, насихаттау керек деп есептеймін.

Үкіметтің, депутаттық корпустың және ҮЕҰ өзара қарым-қатынасының арқасында біз нақты алға жылжуларға қол жеткіздік.

Соңғы кездері мүгедектерге арналған таксилердің саны артты. Елімізде мүгедектігі бар жандардың иелігінде 51 машина бар, оның үстіне қызметтер де тегін көрсетіледі. Алматыда 14 машина бар, әрине көп болғаны жақсы, бірақ бәрі өз уақытымен. Ең алдымен, мүгедектерге арналған таксиді оқитындар мен жұмыс жасайтындарға бөледі, бұл да біздің азаматтар үшін өте жақсы қолдау.

– Қоғамдық көліктегі мүгедектер жағдайына көңіліңіз тола ма?  

– Өзім білетін Алматыдағы жағдай турасында айтсам, мұнда 200-ден астам автобус пен 50-ден астам троллейбус тиісті үлгіде жабдықталған, тек жүргізушілерді оқытып, аялдамаларды қайта жабдықтау қажет.

Бұл мәселеде де біз жергілікті билікпен түсіністікке келген сияқтымыз, бұл жақын арадағы жоспарлар.

Әрине, менің жылдамдатқым-ақ келеді, бірақ бұл жалғыз маған байланысты емес. Сондай-ақ мен заң шығаратын органдарда тым болмаса бір мүгедек депутат жұмыс істегенін қалаймын. Сонда ерекше мұқтаждықтары бар адамдарды тыңдаушылар одан сайын артатын болады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here