2019 жылғы 17 сәуірде «Қазақстан» қонақүйінің «Алтын-Емел» конференция залында Алматы қалалық Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Қабиева Роза Қасымбекқызының бастамасымен «Қазақтың Тереза анасы», Бибі-ана деп аталып кеткен қазақ халқының біртуар қызы Бибігүл Қабиқызы Иманғазинаның «Тауқымет» атты кітабының тұсаукесері болып өтті.
Іс-шараға белгілі ақын әрі драматург Нұрлан Оразалин, Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов, тұңғыш Абай сыйлығының иегері, Алаш сыйлығының иегері ақын Ғалым Жайлыбай, Алматы қаласы Медеу әкімдігінің және Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері, сонымен қатар Алматы қаласының тұрғындары мен студент жастары қатысты.
Ақын Нұрлан Оразалин өзінің құттықтау сөзінде: «Қазақ әдебиетіне құбылыс болып келген халықтың ардақты қызы Бибігүл Қабиқызының «Тауқымет» романы алғаш рет 1992 жылы жарық көрсе, кейіннен толықтырылып, «Ан Арыс» баспасынан шығып отыр. Әрине, бұл роман жазушының жалғыз шығармасы емес, дегенмен – бірегейі. Бұл – қазақ әдебиетінде осы деректі проза жанрында алғаш рет шыққан Сәбит Мұқановтың «Өмір жолдары» романы сияқты шынайы өмірбаяндық деректерге негізделген шығарма. Бүгін тұсауы кесіліп отырған кітап – соңғы толықтырылған нұсқасы», – деп атап көрсетіп, жылы лебізін білдірді.
Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов өз сөзінде: «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Бибі-ана атанған Бибігүл Қабиқызы 27 жыл бойы жаны жаралы жандарға пана болып, Ана болып, қол ұшын беріп жүр», – деп, жазушы Бибігүл Иманғазинаға ауданның Ардагерлер кеңесі мен көптеген басқа да қоғамдық ұйымдардың, бірлестіктердің, жалпы аудан тұрғындарының құттықтау хатын табыстап, Медеу ауданы атынан сыйлық ұсынды.
Ақын Ғалым Жайлыбай Жұбан Молдағалиевтің: «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», – деген жыр жолдарын келтіре отырып, Бибі-ананың қоғамдық қайраткерлігін атап өтіп, өзі де өлең жолдарын тарту етті.
Содан кейін Бибігүл Иманғазина Алматы қаласы жастарының көкейкесті сұрақтарына жауап беріп «Тауқымет» романы және қоғамдық, әлеуметтік, рухани тәрбие мәселелері бойынша өз пікірін ортаға салып, осы кітаптың орыс және ағылшын тілдеріне аударылып жатқанын және романның желісі бойынша кинофильм түсіру де ойластырылып жүргенін айта кетті.
Белгілі қоғам қайраткері әрі жазушы Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» кітабының тұсаукесері аса қызықты, жоғары деңгейде өтті.
Алтын Әубәкірова, №32 кітапхана қызметкері