20162019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы қашан көрсең мұрнынан шаншылып жүретін учаскелік дәрігердің жұмыс жүктемесін азайтуды көздейді.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бағдарламада тайға таңба басқандай көрсетілген осы және өзге міндеттерді біртіндеп іске асырып жатқан жайы бар.

Қазір елдегі 11 мыңнан астам алғашқы медициналық көмек көрсететін учаскілерде 9 мыңға жуық дәрігер мен осы салада орта білім алған медицина қызметкерлері еңбек етеді екен.

Қалалық жерлерді қайдам, ауылдардағы медициналық ахуал анау айтқандай керемет емесін министр Біртанов та біліп отырғанға ұқсайды.

Айтуынша, әлгі 9 мың дәрігердің 43 пайызы және орта білімі бар медицина қызметкерлерінің тең жартысы ауылдарда тер төгіп жүр.

«Жасырып жабары жоқ, маман жетіспей жатыр. Адамның балтыры сыздап, басы ауырса алдымен дәрігердің алдына барады ғой.

Міне, осы тұста алғашқы медициналық көмек көрсететін мыңға жуық маманға мұқтажбыз.

Дәрігер тапшы болғасын, көп жерлерде ақ халатты жандар 2 учаскінің арасында ат сабылтып, ақ тер, көк терге түсіп жүр.

Өзіңіз ойлаңыз, бізде 1 дәрігерге 1900-ға жуық адам тіркелген екен. Енді норма, шекті мөлшер деген болады ғой. Бұл мемлекет бекіткен нормативтен бақандай 200 адамға жоғары», – дейді Біртанов.

Алайда айту бар да, атқару бар. Министр бұл мәселенің соңына түсіп, учаскелік дәрігердің жүктемесін қалай жеңілдетпекші?

«Учаскелік дәрігер неге тапшы? Айналып келгенде, тағы да әлеуметтік мәселеге келіп тірелеміз. Өз ауылына болмаса бөтен ауылға келген жас маманды жан-жақты қолдау қажет.

 Әрине, алдымен әлеуметтік мәселесін шешуге тиіспіз. Оның ауылға келген себебі сол ғой. Әлеуметтік мәселесі шешілсе, баспанамен қамтамасыз етілсе қайда қашады ол? Оларды ауылда тұрақтатудың ең ізгі амалы –осы.

Ауылдық жерге келетін маманға көтерме жәрдемақы беру керек. Осы тұрғыда олқылықтар бар. Бірқатар облыстарда жәрдемақы төлеу тәртібі жүйелі жүргізілмей отыр. Бұған жүрдім-бардым қарауға болмайды», – дейді осы орайда Біртанов.

Айтуынша, биыл 5000-ға жуық түлек медициналық оқу орындарын тәмәмдап, үлкен өмірге аяқ басады. Бұлардың 1500-ден астамы жалпы практика дәрігерлері екен.

Біртанов осы мамандардың көмегімен алғашқы медициналық көмек көрсететін кадр тапшылығын азайтуға үміттеніп отыр.

Алайда күні ертең оқу бітіретін жас мамандар әлеуметтік көмектен қағылса таз кейпімізге қайта түсеміз.

«Әлеуметтік көмекті ауылдарда ғана емес, сонымен бірге шағын қалаларға маман боп орналасып жатқан жас дәрігерлерге де көрсету қажет. Осыны заңмен бекітсек деген ұсынысым бар. Шағын қалалардағы, ауылдардағы кадр тапшылығын шешеміз осылайша», – дейді Біртанов.

Айлық мәселесі һәм әлеуметтік көмек

Әлеуметтік көмек туралы айтқанда жалақысы туралы әңгіменің көтерілуі де заңды. Мұны Біртанов та біліп отырғанға ұқсайды.

Министр айлығы шайлығына жете бермейтін учаскелік қызметкерлердің жалақысын 20 пайызға дейін арттырмақшы.

Жалпы, жалақысы төмен дәрігерлердің айлығы биылғы жылдың 1-маусымынан бастап 30 пайызға көбейетін болады.

Дәрігерлер ғана емес, бюджет саласында мардымсыз жалақы алатын барша қызметкерлердің айлығы көтерілмек.

Денсаулық сақтау жүйесінде бұлардың санатына: медбикелер, санитарлар, емхана жұмысшылары кіреді екен.

 «Олардың еңбек өтілі де ескерілетінін еске сала кетейін, 1 маусымда оларға қанша айлық аударылатынын көреміз және бұған 30 пайыздық үстеме қосылады. Елбасымыздың былтырғы жылғы Жолдауында медицинаға қатысты міндеттерін жүзеге асыру үшін биылға және келер жылға арналған іс-шаралар жоспарын бекіткенбіз.

Уақыт оздырмай түйінін тарқатуға тиісті басты міндет алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігердің жүктемесін азайту.

 Бұл орайда 1 нысанға келетін учаскелердің санын 20-дан 10-ға дейін азайтатын боламыз», – дейді Денсаулық министрі.

Министрдің сөзін тарқатып айтқанда, әзір еліміздегі әр ауруханаға 20-дан аса учаске қарайды екен.

Сала мамандарының сөзіне қарағанда, бұл дәрігерлердің бір жерге ұйлығып, ұзын сонар кезектің пайда болуына, соның салдарынан дәрігер мен емделушінің арасында түсініспеушіліктің тууына себеп болады.

Ұрыс-жанжал туатындай бар, елімізде бір адамның өз учаскелік дәрігеріне жетуіне орташа есеппен алғанда 40 минут уақыты кетеді екен. 

Медицина саласы ескіліктен арылуы тиіс. Сәбет Одағынан қалған құрал-жабдық, ыдыс-аяқ тағысын тағы бар аталған саланы аяқтан шалатын көп себептің бірі.

Біртановтың айтуынша, биылғы жылы алғашқы медициналық көмек көрсететін барлық ұйымдарда ақпараттық жүйе енгізіліп, халықтың электроны денсаулық төлқұжаты жасалады.

Айтпақшы, алғашқы медициналық көмек туралы айтқанда бұл бөлімшелердің көпшілігінің іргетасы іріп, қабырғасы құлағалы тұрғанын қалай жасырамыз? Әлбетте бұдан Біртанов та хабардар.

«9 өңірде медициналық көмек көрсететін мекемелердің ғимараты тозып тұр. Ал 846 ауылда медициналық нысандар атымен жоқ», – дейді министр.

Бұл мәселені күн құрғатпай шешу үшін Біртанов алдағы екі жылда медициналық-санитарлық көмек көрсететін 600 нысан салдырып, соның негізінде емханаларға қарайтын учаскелер санын 20-дан 10-ға дейін азайтпақшы. Осылайша, 2021 жылдың аяғына таман ауылдың халқы медициналық көмекпен түгелдей қамтылады.

Әлгі нысандарды салуға кәсіпкерлер де атсалыспақ екен. Министрдің айтып өткеніндей, мұндай мекемелердің құрылысына бөлінетін қаржы-қаражаттың 40 пайыздан астамы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен жүргізіледі.

Біртанов дәрігерлер жалақысы туралы:

Денсаулық сақтау министрі жалақысы 30 пайызға жоғарылайтын медицинадағы сала түрлі сала мамандарының жаздың алғашқы айынан бастап қанша айлық аларын былайша жіліктеді:

«Айталық, егер де санитар 50 мың теңгенің маңайында айлық алатын болса, жалақысы көбейгеннен кейін «кәртішкесіне» шамамен алғанда 65 мың теңге түседі.

Бұған дейін медбикелердің жалақысы 75 мың теңгенің төңірегінде болса, ендігәрі олар жуықтап алғанда 98-100 мың теңге алатын болады.

Бұдан бөлек, ақылы қызметтер сирек көрсетілетін бірқатар медицина саласының мамандарын шабыттандыру үшін осы санаттағы дәрігер қауымының айлығын да өсіретін боламыз. Бұлар: «жедел жәрдем, емхана, түберкүлез, ана мен бала және онкология дәрігерлері».

Дайындаған Аяулым ШАЙМАРДАН

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК:

Қазақстанда алғашқы медициналық көмек көрсететін 520 мекеме бар. Бұлардың 30 пайыздан астамы жекеменшік ұйымдар. Алғашқы медициналық көмек көрсететін мекемелердің негізі бөлігі әлі де болса емханалардың еншісінде.


Министр Біртановтың дерегінше, 1 маусымнан бастап медицина саласында еңбек ететін 225 мың адамның жалақысы 30 пайызға артатын болады.

ДайындағанАяулым ШАЙМАРДАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here