Бүгінде дәуір алмасып, заман құбылып, құндылықтар өзгерген сайын уақыт талабы да күшейюде. Технологиялар күн сайын дамып, адам өмірін барынша жеңілдетуде. Интернет технологиялар тұрмысымызбен қатар ой-санамызды шырмап алып, ашық-шашық жатқан ақпараттық кеңістікті игеру оңайға соқпай кетті.
Интернетке иек артып, қалта телефон мен компьютерге үңілген ұрпақ, өз ойын еркін жеткізуге, шығармашылық тұрғыдан еркін ойлануға енжар екені жасырын емес.
Сонда ұлт болашағына қызмет ететін білімді де білікті, интеллектуалды ұрпақты қалай тәрбиелейміз? Сол ұрпаққа қажетті білім нәрін беретін, оларды ұлтжанды азамат етіп тәрбиелейтін ұстаздар қауымы да жаһанданған дәуірдің осы бір үрдісін дұрыс қабылдап, өз шәкірттеріне шашау шығармай жеткізуге қаншалықты дайын? Осы сұрақтар кім-кімді де мазаламай қоймасы анық.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұлағатты сөзді айтқанда ұлт ұстазы ұлы Абай ағартушылық бағыттың қаншалықты жауапкершілігі мол екенін аңғартса керек. Уақыт озған сайын бүгінгідей сапырылысқан тірліктің аласапыранында ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беру ісінде қиындықтар туындауда.
Бұрынғы ата-баба дәстүрі, отбасылық институт пен ұрпақ сабақтастығы бүгінгі өмірімізде толыққанды көрініс таппай отыр. Сондықтан біз қазіргі қоғамдағы балабақша, бастауыш мектептер мен отбасында қазақы дүниетаным мен ұлттық тәлім-тәрбиеге жаңаша көзқарас қалыптастырып, ерекше көңіл бөлуіміз қажет.
Балаға тәлім-тәрбие әкенің өнегелі ақылымен, ананың ақ сүтімен дариды. Оқушы қанша ұстаздың алдын көрсе де от басы-ошақ қасынан алған негізгі тәрбиені алмастыра алмайды. Өйткені «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» екенін бабаларымыз бұрын да айтып кеткен.
Осы бағытта жас ұрпақты оқытудың ұлттық мүддеміз бен құндылықтарымызға сай келетін заманауи әдістемелері жетілдірілуде. Бұған қоса елімізде ұстаз мәртебесін көтеруге байланысты үлкен шешімдер қабылдануда. Осының барлығы еліміздің кемел келешегі үшін қолға алынып жатқан игі іс-шаралар. Бұл қадамдар бірінші кезекте біздерге – ұстаздар қауымына ерекше серпін беріп әрі ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді арттыруда.
Кейінгі кезде бастауыш сыныптарға білім беруші ұстаздар өз жұмыстарына жаңа педагогикалық технологияларды енгізе бастады. Бұл жаңашылдықтың өз нәтижесін беріп келе жатқандығын ұстаз біліктілігін арттыруға септігін тигізетін, жоғарыдағыдай арнайы курстардың табысты өтіп жүргендігінен анық байқауға болады.
Жаңа педагогикалық технология түрлері өте көп әрі оларды жан-жақты дамыта беруге болады. Мысалы, ойын технологиясы арқылы педагогикалық жұмысты, яғни белгілі бір сабақты ойын түрінде ұйымдастырудың кішкентай оқушыларға берері мол. Өйткені қатып қалған қағидаға сүйенген, бірізді сабақтар баланы жалықтыратыны сөзсіз. Сондықтан оқу бағдарламасы мен жеке жұмыс жоспарында анықталған бағыттарды сақтай отырып, әр мұғалім сабақ берудің өзіндік стилін қалыптастыруы керек. Оқыту әдістерінің әр алуандығы танымға қызығушылық туғызып, оқушының ақыл-ойын дамытады, ізденуге, жаңа білімді түсінуге ықпал етеді. Ал білікті ұстаз білімді шәкірт тәрбиелейтіні сөзсіз.
Қазір баланың бір кемшілігі байқалса мектепті кінәлап, ұстаздарды жазғыратындар көбейді. Отбасында пісіп-жетілмеген бауырмалдық, қайырымдылық, достық пен сыйластық, адалдық пен шыншылдықты мектепте шыңдау қиын. Бала тағдыры – адам тағдыры. Оған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Өйткені олар болашақта еліміздің тірегі мен сүйеуі болар бір-бір тұтқалары. Бала атаулы ертеңгі өміріміздің заңды жалғасы, елі мен жері үшін барын аямайтын бақытымыз. Бұл ретте жас ұрпақты тәрбиелеуде отбасы-мектеп-қоғам болып тұтас біріккенде ғана ізгі нәтижелерге жететініміз сөзсіз.
Майгүл ӘБІЛДАЕВА,
№ 133 Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі.
Алматы қаласы.